Жұмабек Тәшеновтей ұлы тұлғаны сахнада сомдау – актер үшін зор бақыт

Қазақ жерінің тұтас-тығын сақтап қалуға үлес қосып, қылышынан қан тамған кеңес үкіметі тұсында-ақ табандылық танытып, батылдық пен батырлықтың үлгісі бола білген қоғам қайраткері, жерлесіміз Жұмабек Тәшенов екені белгілі. Алайда, тарихтың ақтаңдақ беттерінің әлі де ашылмай жатқан құпияларының арасында біртуар тұлғаның келбеті көмескіленіп, көпшілікке танылмай келеді. Ақмолалықтардың өзі осы бір рухты, қайсар жанның өз жерлестері екенін біле бермейді. Өйткені, ол туралы көп айтылмайды, көп жазылмайды.

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актері Төлеубек Көңбайға үш мәрте Жұмабек Тәшеновтің рөлін сомдау бақыты бұйырды. Мұны мүмкіндік емес, бақыт деуім де тегіннен-тегін емес. Мұндай біртуар тұлғаның образына кіру, оның туған жерін қызғыштай қорғауын жан-тәніңмен сезіну, ұлы дала елінің ұлылығын сақтап қалудағы қандай қарсылыққа тап болғанын түйсіну оңай емес. Оны талантты актер де жақсы түсінді. Төлеубек Көңбай аңыз адам жайлы естігенім болмаса, елге сіңірген еңбегі қаншалықты орасан зор екенін білмеппін дейді. Жұмабек Тәшеновтің рөлі ұсынылған сәттен бастап, сол кісі жайлы деректер іздестірген. Николай Хрущевтің тұсында қазақ жері талан-таражға түскелі тұрғанда осындай тегеурінді күш керек еді. Сол күш иесі болып Жұмабек Тәшенов танылды. Өзінің қайсарлығы мен өжеттігінің арқасында Мәскеуге мойынсұнған кезеңнің пәрменіне төтеп бергенін білгенде, бұл адамға деген құрмет қалайша арта түспек. Төлеубек Көңбай қазақ музыкалық-драма театрында алғаш рет сахналанған «Алдаспан» спектаклінде Жұмабек Тәшеновтің рөлін сомдады. Одан кейін «Қазақстан» телеарнасы түсірген деректі фильмге шақырылды, ал жақында ғана көрерменге жол тартқан Шәмші Қалдаяқов туралы «Ән аға» фильмінде эпизодта тағы да Жұмабек Тәшеновтің рөлінде ойнады. Бұл кездейсоқ жағдай емес. Екінің біріне бұйыра бермейді. Актер өзіне жүктелген міндетті, жауапкершілікті жақсы түсінді. Дәл осындай нар тұлғаны сомдаудың күрделілігін де білді. Іштей толқыды да. Бірақ нар тәуекел етті. Өзі де денелі, нар тұлғалы актер осы рөлді сомдау арқылы қазақтың біртуар перзентін одан сайын ірілендіре түсті. Ол сонысына қуанады. Алдағы уақытта қазақтың Жұмабектей ұлының есімі жаңғырады дейді Төлеубек. Біз де актердің бұл ойымен келістік.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс