Жұмағалидың жалғыз жоқтаушысы

Тарихтың ақтаңдақ беттері парақталып, сонау зобалаң жылдары атылып кеткен арыстарымыздың қазаққа сіңірген еңбегі жарыққа шыға бастады. Олардың жарғақ құлағы жастыққа тимей, өз ұлтын сүйе жүріп, оның жарқын болашағы жолында күресіп өткенін білген сайын рухтарына тағзым етеміз. Осындай қазақтың маңдайына біткен ардағының бірі – Жұмағали Тілеулин. Айыртау өңіріндегі Жаманшұбар ауылында 1890 жылы Тілеулі мен Еркенің шаңырағында дүниеге келген Шәймерден, Мұқаш, Есім, Сәпилердің кіші інілері. Солтүстік өлкеде қазақтан шыққан алғашқы денсаулық сақтау мамандарының бірі, жеке бас саулығы мен жұқпалы аурулар жайлы оқулық жазып, халқын салауатты өмірге шақырып, түрлі дерттен сақтандыра білген. Арнайы мұғалімдік білім беру ісін ұйымдастырушы, өлке тарихы мен мәдениетінің жанашыры, қаламгер болғанына қолда сақталған жазба әдеби, ғылыми мұрасы дәлел. Қазақ журналы «Айқап» пен «Қазақ» газетімен үзбей хабарласып, танымдық, тағылымдық мақалаларын бастырып тұрған. 1938-ші жылы жаламен ату жазасына кесіліп, 1958-ші жылы ақталған.

Бүгінде Көкшетау қаласында Жұмағали Тілеулин атында көше бар. Бұрын қазақ «Мырзажан» атандырған, бірақ кейін талай арыстың қанын мойнына жүктегенін білген Левон Мирзоянның көшесі осы ардақты жанның есімімен алмас-тырылды. Бұл да тарихтың бәрін өз орнына қойып берген ақиқаты. Біздің қаламызда Жұмағали Тілеулиннің туған ағасы Сәпидің ұлы Бекет есімді азамат тұрады. Қуғын-сүргін құрбанына айналған атасы жайлы естіп, білгеннен бастап оған қатысты құжаттарды, деректерді жинастырып жүр. Бір сөзбен айтқанда, Жұмағалидың жалғыз жоқтаушысы. Бекет Сәпиұлы сұхбат беруге бірден келісті. Себебі, қазақтың ардақты ұлына деген құрметі шексіз. Оның артына қалдырған мол мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына жеткізгісі келеді. Жұмағали Тілеулин жайлы бір деректі құлағы шалса, байыз тауып отыра алмайды. Шаң басқан архивтерден қазып алынған құнды құжаттар негізінде жазылған кітаптарды жинастырумен келеді. Кейбір қате деректерге қарсы күресіп, ғалымдар мен тарихшылардың жаза басқан тұстарына өзінің көзқарасын ашық білдіреді. Мақсаты, тарихқа қиянаттың жасалуына жол бермеу әрі кейінгі ұрпақты шатастырмау. Ендігі ретте халқына адал еңбек еткен ардағымыз жайлы бірер сөз.
Алаш қайраткері Жұмағали Тілеулин ауыл мектебінен сауатын ашып, кейін Көкшетаудағы орыс-қазақ мектебінде білім алады. Ауылдастары «Құсайын дәрігер» атандырған мұғалімінің кеңесімен Омбы қаласындағы «Орталық фельдшерлік мектеп» аталған арнайы медициналық оқу орнын тәмамдаған. 1913-1917 жылдары Петропавл уезінде фельдшер болып жұмыс істеген. 1917 жылы Жұмағали Тілеулин Омбы қаласында Алаш партиясының Ақмола облысындағы бөлімшесін құруға қатысып, күрескерлігімен көзге түседі. Осы қалада өткен 2-ші Жалпықазақ сьезінде Алашорда ұлттық өкіметіне мүше болып қабылданады. Алаш өкіметі таратылғанша ұлт қайраткерлері қатарында ел азаттығы жолында батыл күреседі. Жұмағали саналы өмірін Петропавлда өткізген. «1908-ші жылы Қызылжарға мұғалім болып Міржақып Дулатов келгенде, алдынан шығып, бірінші танысқаны осы Жұмағали Тілеулин болғанын Жақаңның қызы Гүлнәр апайдың естелігінен мәлім. Ал, мектепте алғаш назарын аударып, ақындығымен көзге түскен шәкірті – Мағжан Жұмабаев. Бұл таныстық үшеуі үшін әрі бақ, әрі сор болды»,– деп жазады өзінің «Жұмағали Тілеулин» атты кітабында Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік мұрағатының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова. Осы тарихшының Алаштың арысын архивтерден аршып алып, дүйім жұртқа таныстырған еңбегін ерекше атап айту керек. Ал, Жұмағалиды жарыққа шығарған алғашқы авторлардың бірі, осы кісінің жиені, ақын Бақытжан Қанапиянов. Оның халқына адал қызметі туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, көрнекті көсемсөзші, көкшетаулық қаламгер Сарбас Ақтаев, алаштанушы профессор Зарқын Тайшыбай, жергілікті өлкетанушы, еңбек ардагері Қайролла Мұқанов еңбектерінде жазылған. Міне, осындай адамдардың арқасында тарихтың ақтаңдақ беттері парақталып жатыр. Жұмағали Тілеулин 1919-1921 жылдары Петропавл қаласында уездік жер басқармасында, Көкшетау уезінің денсаулық сақтау бөлімінде жұмыс істеген. 1922 жылы Петропавлдағы мұғалімдер даярлайтын үш жылдық курсты басқарған. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1923 жылы Жұмағалиға қазақша медициналық оқулықтар жазу міндетін жүктейді. 1924 жылы Орынборда «Гигиена», 1926 жылы Мәскеуде «Жұқпалы аурулар». «Қотыр және жұқпалы аурулар, оларға қарсы қолданатын шаралар», 1926 жылы Орынборда «Денсаулық» кітаптары жарық көреді. Қазақтың алғашқы буын аудармашыларының бірі ретінде «Көз ауры –трахома», «Мерез», «Қолдағы хайуандардан адамға жұғатын аурулар» атты кітаптарды қазақ тіліне аударады. Жұмағали Тілеулин 1927-1930 жылдары Ақмола губерниясында және Петропавл аумақтық денсаулық сақтау округінде меңгеруші қызметін атқарады. 1930 жылы 5 маусымда «1918-1920 жылы Кеңес үкіметіне қарсы қарулы күрес және өкіметке қарсы ұлтшыл үгіт-насихат жүргізді, шетелдік орталықтармен байланыста болды» деген айып тағылады. 1932 жылы 5 жылға бас бостандығынан айрылып, Воронеж облысына жер аударылады. 1932 жылдан бастап Қырғызстанда дәрігер болып жұмыс істейді. 1938 жылы Қырғызстанның Новотроицк ауданында аурухана меңгерушісі болып жүрген кезінде тұтқындалып, ОГПУ «үштігінің» шешімімен атылады.
Жұмағали Тілеулин өзінің жерлесі Райхан Темірбековаға үйленген, үш ұлы болған. Үлкен ұлы Ерік Ұлы Отан соғысы жылдары еңбек армиясында еңбек етіп, науқастанып, көз жұмған. Ортаншы ұлы Әзиз майдан даласында айып батальонына түсіп, із-түзсіз жоғалады. Ал, кіші ұлы Серік анасымен бірге Алматыда тұрыпты. Әкесінің жолын жалғастырып, дәрігер мамандығын алған. Ол да өмірден озыпты. Бекет Сәпиұлының айтуынша, Жұмағали Тілеулиннің баласымен туыстық қарым-қатынастары тығыз болмаса керек. Әкесі Сәпи де көзі жұмылғанша бауырының тағдыры жайлы тіс жарып ештеңе айтпапты. Зұлматты жылдың залалы ұрпағыма тиіп кете ме деп қауіптенсе керек. Өткен жылы Бекет Сәпиұлы туысқан ағасы Рушатпен бірге ол жерде Жұмағали жерленуі мүмкін деген деректің желеуімен Алматыдан қырық шақырым жердегі Жаңалық поселкесі маңындағы мемориалдық кешенге барып қайтыпты. Ол жерде қуғын-сүргін құрбаны болып, атылған 4500 адам жатыр деген жазуды көріп жаным түршікті дейді. Алаш ардағының ашылмаған құпиялары әлі де көп. Ол жайлы деректерді іздестіруден жалықпаймын деген Бекет Сәпиұлының нық шешіміне ризашылығымызды білдірдік.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий