Жұмыртқаға сұраныс бар

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында «Ақмола Феникс» акционерлік қоғамының бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Максим Божко бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізіп, онда құс шаруашылығы саласы, жұмыртқа сату маусымы, бағаның өсуі мен құлдырауы, құс саңғысын қайта өңдеу туралы сөз болды. Отандық кәсіпкерлердің мақсаты – Қазақстанды кем дегенде 90 пайыз өзіміздің өніммен қамтамасыз ету. 

Халық қалаулысы, кәсіпкер Максим Божконың айтуынша, бүгінде шағын және орта бизнес саласы құс етімен 50 пайыз ғана қамтамасыз етіп отыр. Қалған өнім шеттен әкелінеді. Қазақстандықтар суытылған құс етін пайдаланудың тиімділігін әлі түсінбей келеді. Олар мұздатылған өнімнен қаншалықты шығындалатынын білмейді. Брифинг барысында өңірде жұмыртқа бағасының ауытқуы жайлы да сөз болды. Құс шаруашылығының қыр-сырын әбден меңгерген кәсіпкердің айтуынша, жаз айларында өнім көлемінің азаюына байланысты баға арзандайды. Ал, күзде шығынның орнын толтыру үшін жұмыртқаның бағасы біршама қымбаттайды.
«Ақмола Феникс» акционерлік қоғамы Астана қаласына күніне 60 тонна құс етін жөнелтеді. Сондай-ақ, Қарағанды қаласында да сұраныс бар. Алайда, Көкшетау қаласы тұрғындары шеттен әкелінетін өнімге көп мән беруде. Бұл ойлантатын жағдай. «Эко Пак Астана» компаниясы Целиноград ауданында жұмыртқа салуға арналған қағаз ыдыстар өндірісін қолға алғалы отыр. Сағатына 4000 ыдыс дайындалса, жылына 25 миллион дана ыдыс керек екен. Бұл Қазақстандағы ең ірі, бірегей жоба болмақ. Әрі қолданылған қағаз өнімдері далаға тасталмай, қайта өңделеді. Тиімділігі де сонда. Жаңа зауыт желтоқсан айында іске қосылмақ. Ыдыстардың пішіні бұрынғыдан өзгеше, тасымалдауға ыңғайлы болмақ. Брифинг барысында Максим Божко өндіретін өнімдердің стандартқа сай болуы, зертханалық зерттеуден өтуі, құстардың дәрумендермен қоректенуі, вакцинация алуы жайлы да әңгімеледі. Алдағы уақытта құстың саңғысын қайта өңдеп, биоөнім жасауды көздеп отырғанын да ортаға салды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс