Жұмыссыз жастарға қолдау қажет

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың жетекшілігімен саяси кеңестің бюро мәжілісі өтіп, онда бірнеше сала басшылары мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жайлы есеп берді. «Жас Отан» жастар қанаты мен жастар саясаты мәселелері бойынша басқарманың жетекшілері де осы мерзімде жүргізген жұмыстарын баян етті. Бюро мәжілісіне облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысты. Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ХХVI есеп беру сайлау конференциясын шақыру жөнінде шешім қабылданды.

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Малғаждаров мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөнінде айтты. Басты назар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмыссыздықты азайтуға аударылып отыр. Биыл орташа жалақы көлемі 14,7 пайызға өскен. Тұрғын үй бойынша 10 жоба жыл соңына дейін аяқталады. Биыл инвестиция тарту 7 пайызға жетіп, 8 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Ауыл-аймақты өркендетуге арналған 247 жобаның 173-і орындалған. Ол жолдарды жөндеу, инфрақұрылымды жетілдіру және шағын несиелер беруде көрініс тапқан. Елді-мекендерді ауыз сумен қамту мәселесі өзекті күйінде. Сондықтан республикалық бюджеттен 522 миллион теңге жерасты суларын зерттеуге бағытталған. Облыстық құрылыс басқармасының жетекшісі Амангелді Смайылов «2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асуы» туралы айтса, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Данияр Қуанышбаев қаланы жылумен қамту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын алға тартты. Красный Яр селосының тұрғындары атынан өз сауалын жолдағандарға да жауап берілді. «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалы директорының орынбасары Рүстем Әбілов көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту тақырыбы бойынша біздің өңірді басып өтетін республикалық маңызды жолдардың жөнделуі жайлы айтты. Соның ішінде Астана-Теміртау /76 км/ және Астана-Ерейментау-Шідерті /189 км/ трассаларының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, осы айдың соңына дейін пайдалануға берілмек. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары С.Киласьевтің есебіне қатысты сын айтылды. Әсіресе, скринингтік тексерістердің нәтижесі жоқ. Облыс бойынша жылжымалы маммография аппаратының біреу ғана болғаны қатерлі ісіктің асқынып кетуіне әкеліп соғуда. Әсіресе, Аршалы ауданында бұл дертке шалдыққандар көп. Жалпы, дәрігер-мамандарды таңдауға үлкен мән берілуі тиіс делінді мәжілісте. Кеңесте білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары басшыларының есептері тыңдалған жоқ. Тек қаладағы №1 және №6 мектептерде үш ауысыммен оқыту бар екені мәлім болды. Бұл облыс орталығына қоныс аударушылардың көбеюіне байланысты. Алдағы жылы Көкшетауда 3 мектеп салу жобасы ұсынылғаны айтылды. «Жас Отан» жастар қанаты төрайымы Жанаргүл Жүнісова мен жастар саясаты бойынша басқарма жетекшісі Ринат Галлямов өз есептерінде жұмыссыз жүрген жастарға көбірек назар аудару қажеттігін алға тартты. Әсіресе, «Дипломмен – ауылға» жобасымен елді-мекендерге жолданған жастардың қаншалықты барған жерінде жұмыс істеп жатқанын қадағалау қажет. Оларға бөлінетін қаржының уақытында қолына тимеуі де айтылды. Кезегін 3 жылдап күтетіндер бар. Жалпы, жастардың басын қосу, олардың бос уақытын ұйымдастыру, ауылдағы мәдениет ошақтарын қалыпқа келтіру мәселелері де ортаға салынды.

Гәкку Асылбекқызы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс