Жұмысшы мамандықтар байқауы мәреге жетті

Көкшетауда «World Skills Kazakhstan» аймақтық байқауының жеңімпаздары анықталды. Қорытынды шара «Достар» мәдениет сарайында өтіп, жеңімпаздарды облыс әкімі Ермек Маржықпаев марапаттады. Өңір басшысы мәдениет ошағының фойесінде ашылған көрмені тамашалап, жұмысшы мамандығын таңдаған жастармен әңгімелесті.

Қазақстанда кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мәселесіне жете көңіл бөлініп келеді. Бүгінде әлемнің 72 елін қамтып отырған жұмысшы мамандар арасындағы «World Skills»  байқауына Қазақстан 2014 жылдан қатысады. Жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыруға бағытталған бұл шара елімізде де қызу қолдау тауып отыр. Әрбір екі жылда өткізіліп тұратын халықаралық жарысқа іріктеу болып саналатын аймақтық байқауда үміткерлер 32 мамандық бойынша бақ сынады. Олардың арасында ақпараттық технология, ас пісіру технологиясы,  шаштараз ісі, кірпіш қалау, аспаздық, мектепке дейінгі бала тәрбиесі, токарьлық іс және еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие өзге де мамандықтар бар.

Ақмолалық жастар 4 жыл қатарынан «World Skills Kazakhstan» қозғалысын дамытуға белсенді қатысуда. Жыл сайын ақмолалықтар Ұлттық чемпионаттың қорытындысы бойынша үздік үштіктің қатарынан көрініп келеді. Халықаралық жарыстарда да бірнеше мәрте ел намысын қорғады. Жеңімпаздарды марапаттау шарасына педагогика саласының ардагерлері,  мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық өкілдері және облыс аумағындағы кәсіби-техникалық оқу орындарынан жүзден астам білім алушы қатысты.

Еске сала кетейік, жуырда «World Skills» чемпионаты 190 адамның қатысуымен Ақмола облысының 13 ауданында өтті. Олардың арасында 18-22 жас аралығындағы студенттер мен жас мамандар бар. Барлығы 60-тан астам жеңімпаз марапатталды. Оның ішінде бірінші орын алғандарға 100 мың теңге, екінші мен үшінші орын алғандарға тиісінше 75 мың және 50 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий