Жұмыс екпінін үдете түсу керек

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті жиынға мекемелердің басшылары, әкімдіктің барлық бөлімдерінің жетекшілері қатысты. Жиын барысында қала басшысы жаңадан тағайындалған Көкшетау қаласының кәсіпкерлік бөлімінің меңгерушісі Талғат Маратұлы Ысқақовты, «Көкше-Ветсервис» шаруашылық жүргізу құқығына ие мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Еркін Қалижан-ұлы Есілбаевты таныстырды.

– Өткен сегіз айдың қорытындысы жаман емес. Былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда едәуір ілгерілеушіліктер бар. Бірқатар кәсіпорындар биыл өнім өндіруде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Олардың қатарында «Көкшетау минералды сулары», «Камаз-Инжиниринг», «Новопэк» сияқты өндіріс орындары бар. Дегенмен, тоқмейілсуге болмайды. Жылды ойдағыдай қорытындылау үшін, күздің әр күнін тиімді пайдалануымыз керек. Күн суытып, аяз түскенде атқаруға болмайтын құрылыс жұмыстары бар. Ондай шаруаларды іріктеп алып, екпінді жүргізу керек. Уәде етілген нысандар белгіленген мерзімінде тапсырылуы тиіс, – деді қала басшысы. Одан әрі қаржы бөлімінің жетекшісі Гүлнар Құсайынова мен экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің жетекшісі Гүлмира Шұқатованың хабарламалары тыңдалып, мекемелер көрсеткіштері сараланды, кейбір кемшіліктер көрсетіліп, оларды жоюдың жолдары талқыланды. Көпқабатты үйлер аулаларын абаттандыру, спорт және балалар ойнайтын алаңдарды жасау жоспарының уақытылы аяқталуы талап етілді. Жол жөндеуде де кешігу бар. Қала әкімі мекемелер басшыларына жоспарлы жұмыстарды кешіктірмеуді, бөлінген қаржыны тиянақты игеруді жүктеді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс