Жұмыс жедел жүргізілуде

Қала әкімі Амангелді Смайылов облыс орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бірнеше нысанда болған шаһар басшысы мердігерлерге барлығын мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Абай көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысындағы оң жақ бұрылыста жасалып жатқан жолайрықтың барысына назар аударған қала әкімі жолдың қыртысын алу жұмыстарын он күннің ішінде аяқтауды тапсырды. Жол бойына егілген қайың ағаштары алынып тасталады. Ал, жас теректерді түп тамырымен қазып алып, қаланың шығаберісіне отырғызу қажет деді. Дәл осындай жолайрық Н.Назарбаев даңғылы мен Сәкен Жүнісов көшелерінің қиылысына салынатын болады. Қазір ол маңда жұмыс қызу жүріп жатыр. Ала таңнан жұмысшылар жерді қазып, бетон тақталарды төсеп, ескі құбырларды алмастырумен айналысуда. Қала әкімі бұл маңдағы жұмысқа оң бағасын берді. Васильковка шағын ауданына Н.Назарбаев даңғылынан бұрылатын жердегі жол кеңейтіліп жатыр. Сүлейменов көшесімен байланыстыратын жолда қазір қазу жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлердің айтуынша, қыркүйек айының ортасына дейін жол төсемесі толық аяқталады. Ал, қазан айының ортасына дейін аялдама павильондары, бағдаршамдар қойылып, қос қапталы жарықтандырылады. Бұл жерге төрт жолақпен көліктер екі бағытта қозғалатын болады. Жол бойына шыршалар отырғызылмақ. Жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар да қарастырылған. Шаһар басшысы оқу жылы басталған кезде балаларға мектепке қатынау қиындық туғызбауы тиіс екенін еске салды.
Қала әкімі сонымен қатар Ғабдуллин көшесіндегі көпірдің құрылыс барысына назар аударды. Құрылысшылар төрт метр тереңдікте жұмыс істеп жатыр. Өзеннің суының деңгейін түсіріп, бетон құюға қажетті қадаларын қағуда. Қазан айында бұл жерде де көлік қозғалысы басталады. Шаһар басшысы Абай, Әуелбеков, Пушкин, Тәшенов көшелері аумағындағы аулаларды абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Сондай-ақ, Ақан сері атындағы мәдениет колледжіне ат басын тіреп, Жоғары техникалық колледж және Ж. Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжіне апаратын жолдың сапасына назар аударды. №13 мектептің қосалқы ғимаратының құрылысына да мән берді.
Қала әкімі Амангелді Смайылов жұмыстарды мерзімінде аяқтауды қадап тапсырды.

Г. БӘЙІШЕВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий