Жұмыс іздеп жүрмін

Көкшетау қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы азаматтарды бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне шақырды. Бұл жолы 60 жұмыс беруші өтінішпен келген  300 адамды қабылдады. 

Екі қолға күрек таппай жүргендерге бос орындар жәрмеңкесі таптырмайтын жер. Мұнда келіп, мерзімдік немесе тұрақты жұмыс орнын табуыңа мүмкіндік бар. Ол үшін қалалық жұмыспен қамту орталығына алдын ала өтінішіңді қалдырасың. Онда біліміңді, өтіліңді, мамандығыңды көрсетесің. Бос орындар жәрмеңкесіне мамандарға сауал тастайтын мекеме, кәсіпорындардың өкілдері келеді. Олар сол жерде жұмыс іздеп жүргендермен әңгімелеседі. Өздерінің шарттарын, талаптарын алға тартады. Егер көңіліңізге жақпаса, басқа мамандарға жүгінуіңізге болады. Мысалы, орта білім ғана алып, әрі қарай оқи алмаған болсаңыз, көше сыпыру, аулаларды тазарту, қоқыс жинау жұмыстарына жалдана аласыз. Ай сайын 80 мыңға дейін жалақы төленеді. Алайда, мұндай қара жұмыстарға барғысы келетіндер қатары аз. Маусымдық шаруалар да шаш етектен. Коммуналдық саланың тазарту, абаттандыру, жаңарту жұмыстары жыл бойы жүргізіледі. Көшелерді қалың қар басатын уақыт алда. Сол кезде жұмыс одан сайын көбейеді. Міне, дәл осы маусымда қарулы жігіттер қажет-ақ. Бәріне бірдей кеңсе жұмысы қайдан болсын. Осыны көпшілігі түсіне бермейді дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары. Көпшілігі ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді қалайды. Сосын да жұмыс жоқ деп салы суға кетіп, сыныққа сылтау іздеп жүреді. Егер шындаса, біздің қалада да екі қолға бір күрек табуға болады. Мысалы, қап шығаратын «Новопэк» кәсіпорнына қазір жұмысшылар керек. Жатақханасы бар, көлікпен өздері апарып, алып келеді. Жалақысы да жақсы. Алайда, нәзік жан иелерінің көпшілігі оны лас жұмыс деп ойлайды. Сондықтан баруға құлық танытпайды. Жалпы, бос орындар жәрмеңкесінің жұмыссыз жүрген жандарға көмегі бар. Әрине, жастардың басым бөлігі бірден жалақысы жоғары қызметке тұрғысы келеді. Бірақ оның өз талаптары бар. Сол себепті тәжірибе жинақтап алғанның да еш айыбы жоқ.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий