Жұмыс қарқыны бақылауда болады

Қала әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығындағы бірнеше нысандарға барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Нақты тапсырмалар жүктеп, жұмысты жүйелендіре түсу қажеттігін айтты.

Красный Яр бағытындағы саяжайлар маңындағы Элита көшесінің бойына қиыршық тас төселіп жатыр. Бұл маң әсіресе, жауынды күндері лай-батпаққа айналып, жүріп-тұру қиындайтын. Тұрғындар осы мәселені шаһар басшысының алдына қойған. Қазір көлікпен әрі-бері жүріп жатқандар мен жаяу жүргіншілер өтініштерінің жерде қалмағанына риза. Сондай-ақ, шаһар басшысы ДСУ-15 және Жайлау мөлтек ауданында дәл осы бағытта атқарылып жатқан шараларды пысықтады. Қала әкімі жол тегістеу жұмыстарының сапасына мән берілсін деді. Юбилейный мөлтек ауданындағы 28 үйдің ауласы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Балаларға арналған алаңдар қалыпқа келтіріліп, тұрғындардың дем алатын орындары жасалуда.

Аулаларды абаттандыру жұмыстары облыс орталығында кезең-кезеңмен жүзеге асып жатыр. Жаз бойы бұл шаралар бір толас-тамайды. Сүлейменов көшесіндегі 8 үйдің ішкі жағы да жөндеу көріп, жақында тұрғындарына жүріп-тұруға ыңғайлы болмақ. Қазір мұнда да жұмыстар қарқын алған. Ауласының көркейіп келе жатқанына ересектер де, балалар да қуанышты. Сарыарқа мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмысының барысын бақылаған қала әкімі ең басты назарды сапаға аударуды талап етті. Отандық өнімді тұтынуға мән берілуде. Горький көшесінде ағаш отырғызу жұмыстарына жауапты мекемелерге де нақты тапсырмалар жүктелді. Жасыл өскінді күтіп-баптауға ерекше мән берілуі тиіс. Уақытында суарылып, күні ертеңдері жайқалып өсуіне ықпал етілуі керек. Сонда ғана Көкшетау қаласы жасыл желекке жамылған көркем қалаға айналады. Шаһар басшысы бұл күні, сондай-ақ, ескі мұсылман зиратына да барды. Мұнда мәңгілік тыныстаған Науан Хазіреттің ұрпақтары маңын абаттандырып, кеспе тас төсеуді жоспарлап отыр. Ермек Боранбайұлы барлық нысандардағы жұмыстарды мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий