Жұрт жәрмеңкеге асықты

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Көкшетау қаласында азық-түлік тауарлары саудаға шығарылатын дәстүрлі жәрмеңке ұйымдастырылды. Бұл жолы Ақкөл, Атбасар, Еңбекшілдер, Сандықтау және Көкшетау қаласының кәсіпорындары өз өнімдерін ұсынды. Әдеттегідей тауар бағасы базар бағасынан 15-20 пайызға төмен болды. Жәрмеңке аясында 50 тонна ет, 12 литр сүт, 215 мың дана жұмыртқа сатылды. Күн мен түнді теңелтіп, қуанышқа кенелтіп келер Наурыз мерекесіне бірер күн қалғанда өткен жәрмеңке мерекелік дастархан қамына кіріскен қонақжай жұртымыз үшін үлкен қуаныш болды.

4

«Алтын Ғасыр» сауда үйінің алдына павильондар құрылып жатқаннан-ақ жұртшылық ертең жәрмеңке болатынын біледі. Ертемен тұрып, сағат 8-ден осы жерге ағылады. Еттің майлысын, сүттің құнарлысын және жұмыртқа өнімін көбірек алудың қамы бұл. Бірнеше аудан кәсіпорындары көкшетаулықтарға арзан бағамен өз өнімін ұсынды. Қала тұрғыны Күлшара Әзбайқызы қалаға қоныс аударғалы жәрмеңкені қалт жіберген емес. Балаларын жетектеп осында жетеді. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» екенін ол жақсы біледі. Ала таңнан осында келуі де тегіннен-тегін емес. Сауда павильондары ашыла салысымен алғашқылардың бірі болып кезекке тұрады. Балаларын да қажет өнімдердің нүктелеріне күзетшідей тұрғызып қояды. Өзге жұрт келгенше, Күлшара апамыз күнделікті тұтынатын азық-түлігін қапқа салып, артылғанын пакеттерге қаптап, үйіне асықпай аяңдай жөнеледі. Міне, сауда қыза бастады. Кезек те көбейді. Жұрт алдымен қара мал етін, содан кейін жұмыртқа өнімін көбірек алуға тырысады. Бұл жолы жылқының еті – 1200, сиыр еті – 1100, қой еті – 1000, шошқа еті-800 теңгеден қойылды. Ал, жұмыртқаның бір данасы – 20 теңгеден. Әрі арзан, әрі қалтаны қақпайды. Орталық базар мен сауда нүктелерінде жұмыртқаның он данасын 230 теңгеден бастап, 260-280 теңгеге дейін аласың. Халыққа бұл жолы тауардың 55 түрі ұсынылды. Жәрмеңкенің ахуалын бақылап қайту мақсатымен облыс әкімінің орынбасары Егор Каппель мен қала әкімі Ермек Маржықпаев арнайы келіп, барлық сауда павильондарын аралап шықты. Сатушылар және тұтынушылармен әңгімелесті. Облыс әкімінің орынбасары Егор Каппель журналистерге берген сұхбатында жәрмеңке өткізудегі мақсат тұрғындардың қажетін қанағаттандыру, олардың әлеуметтік жағдайына қарайласу екенін айтты. Қала басшысы Ермек Маржықпаев та мұндай жұмыстар алдағы уақытта жалғасатынын, әсіресе, сауда мәдениетіне көбірек көңіл бөлінетінін алға тартты.

IMG_2192Халықтың көңіл-күйі жақсы. Қала тұрғыны Аманжол Серікбайұлы мен Қалима Ырыскелдіқызы бағаның төмендігіне дән риза екенін жеткізді. Қос қария сөмкесін азық-түлікке толтырып, көтере алмағанын таксиші жігітке артып жатыр. Жәрмеңкеден бір қап ұн алып едік, соны жеткізе алмай тұрмыз, келесі жолы 10 келіліктерін көбірек сатса бізге де жақсы болар еді дейді олар. Жалпы халық ай сайын бір рет азық-түлік жәрмеңкесі өтіп тұрса деген тілегін жеткізді. Ол алдағы уақытта қарастырылмақ.
Жәрмеңкенің ән мен күйсіз өтпейтіні белгілі. Бұл баяғы Қоянды-дан келе жатқан үрдіс. Бұл жолы да ән әуелеп, күй күмбірлеп тұрды. Атбасарлықтар болса, ақ дастар-хан жайып, бауырсағын халыққа тегін үлестірді. Дастархандағы түрлі тағамнан кез келген адам дәм тата алды. Бұл Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған ауданның игі шарасы. Сондай-ақ, қайырымдылық акциясы да жасалды. Көкшетау қаласының әлеуметтік аз қамтылған отбастарына бірнеше ауданның кәсіпкерлері азық-түлік себетін үлестірді. Бұл да ұлық мерекенің алдындағы халқымыздың қонақжайлылығы мен мәрттігінің бір белгісі еді. Әлі кетіп үлгермеген қалың қар ызғары таңертең анық байқалғанымен, қыза түскен жәрмең-ке қызығы, көтерілген күн қызуымен айнала жылынып, жұрт жайдары қалыппен ұлы мерекеге асыға қамданды. Ырыс-құт ала келер әз-Наурызға дайындыққа жасалған осындай қолайлылыққа көпшілік дән риза. Нақышты Наурыз мерекесінің мазмұны – бірлік-береке, ақ ниет пен ақ алғыс болса, сол ақшуақ сезім әсері келгендерді құшаққа алғандай. Келушілер ашық қабақ, жайдары көңілмен, ұйымдастырушыларға ақ алғыстарын айта тарқасты.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс