Жәрдемақы кімдерге тиесілі?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде айтқан әлеуметтік бастамалары халықтың көңілінен шығып, зор қолдауға ие болып отыр. Көпбалалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмек 1 шілдеден емес, 1 сәуірден бас-тап беріле бастайды. Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің жетекшісі Қали Ахметов көпбалалы отбасындағы әрбір балаға берілетін төлем жүйесін түсіндіріп берді.
Оның сөзіне қарағанда, алдымен көпбалалы отбасының табысы есептеледі. Ал, жаңа жәрдемақы табысы төмен отбасыларға ғана төленеді. «Бұл – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған көмек. Жағдайы жақсы отбасылар ондай көмекке зәру емес деп ойлаймыз. Ал, кедейшілік деңгейінен төмен отбасыларға көмектесу керек. Президент айтқандай, кедейшіліктің деңгейі күнкөріс шегінің 50 пайызынан 70 пайызға дейін көтеріледі. Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда осы межеден төмен тұрғандарға атаулы көмектің жаңа түрі беріледі. Бұдан бөлек, әлеуметтік көмекті алу шаралары жеңілдейді. Демек, әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларда әрбір балаға 21 мың теңгеге жуық жәрдемақы төленеді. Нақты айтсақ, 20 789 мың теңге. Ондай көмекті төрт және одан көп баласы бар отбасылар алады. Жәрдемақы 18 жасқа дейін, егер балалар жоғары оқу орындарында оқитын болса 23 жасқа дейін төленеді, – дейді Қали Ахметов.
Оның айтуынша, отбасының жиынтық табысын есептеген кезде, көпбалалы отбасыларға, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлеріне, мүгедек балаларға төленетін жәрдемақылар мен шәкіртақы есепке алынбайды. Халықты бекерден-бекер сандалтпас үшін сұралатын құжаттар саны азайтылып отыр. Мұның бәрі электронды түрде жүзеге асады. Жергілікті жерлерде жұмыспен қамту орталықтары, әкімшіліктер тиісті мемлекеттік органдарға сұрау жасап, өздеріне қажет мәліметті алатын болады. Өңірлердегі отбасылардың қажеттілігін, тұрмысын анықтау үшін әлеуметтік карталар жасалды. Осылайша, әр отбасыға талдау жасалып, ең мұқтаждарына мемлекеттен көмек көрсетіледі.
Бүгінгі күні Көкшетауда 899 көпбалалы отбасыларда 4 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Былтыр 96 көпбалалы отбасына мемлекеттен 17,5 миллион теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі төленген. Тұрғын үй кезегінде тұрған 4657 әл-ауқаты төмен санаттағылардың 318-і көпбалалы отбасылар. Аз қамтылған отбасылардың коммуналдық шығындарын өтеу мақсатында былтыр қала бойынша 518 отбасына жалпы құны 14780,0 млн теңгеге тұрғын үй көмегі тағайындалды. 9641 адам 211328,6 мың теңгенің әлеуметтік көмегіне қол жеткізді. Сондай-ақ, 8 наурыз мерекесінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері – 1024 көпбалалы аналарға жергілікті бюджеттен 10240,0 мың теңге қаражат бөлінді.
Сонымен, елімізде халықтың әлеуметтік жағдайын анықтайтын түрлі көрсеткіштер бар. Соның негізгілерінің бірі – ең төменгі күнкөріс шегі. Ол жыл сайын өзгеріп отырады және биыл адам басына
29 698 теңге болып белгіленген. Мұнан бөлек кедейлік шегі дейтін тағы бір көрсеткіш бар. Ол қазір жоғарыда айтылған ең төменгі күнкөріс шегінің 50 пайызын құрайды. Яғни, биыл кедейлік шегі адам басына шаққанда 14 849 теңге болып белгіленген. «Нұр Отан» партиясының съезінде сөз сөйлеген Елбасы 1 шілдеден бастап кедейлік шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызына дейін көтеруді тапсырды. Демек, ең төменгі күнкөріс шегі 20 800 теңгені құрайды деген сөз. – Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны алу үшін Сіздің отбасыңыздың табысы жан басына шаққанда осы көрсеткіштен аспауы тиіс. Мәселен, кәмелет жасына толмаған 4 баласы бар ерлі-зайыптыларды алып қарайық. Олардың отбасында ата-анасы мен 4 баласы, яғни 6 адам өмір сүреді. Әлгі айтқан кедейлік шегіне тең 20 800 теңгені 6 адамға көбейтсеңіз 124 мың 800 теңге болады. Егер біз қарастырып отырған отбасының ай сайынғы жалпы табысы осы көрсеткіштен аспаса, ол отбасы кедейлік шегінен төмен өмір сүретін болып есептеледі. Елбасы айтқан 21 мың теңге жәрдемақы міне, осындай отбасыларға төленеді, – дейді Қ.Ахметов.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий