Жәрмеңке де, ойын-сауық та астаналықтардың көңілінен шықты

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жыл басынан бері Елордада «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» жобасы аясында барлық облыстардың күндері өтуде. Кезек міне, ақмолалықтарға да келіп, 29-30 қазанда «Хан шатыр» сауда-сауықтыру орталығының жанында ауылшаруашылық кәсіпорындарының қатысуымен жәрмеңке өткізілді. Өнер ұжымдары да талғампаз Астана жұртшылығын әуезді әндері, мың бұралған билерімен баурап алды. Мерекелік жәрмеңкені Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагинмен бірге Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те аралап көрді.

%d1%8f%d1%80%d0%bc%d0%b0%d1%80%d0%ba%d0%b0-11

«Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» жобасы аясында өткен мерекелік жәрмеңкеге облысымыздың барлық аудандары, жетекші ауылшаруашылық құрылымдары тегіс қатысты. Бұл жолы ақмолалықтар астаналық тұтынушылар назарына 784 миллион теңгенің азық-түлік тағамдарын ұсынды. Көкөністің, ет пен шұжықтың, нан және жарма өнімдерінің 85 түрі әдеттегі базар бағасынан 15-20 пайызға арзанға сатылды. «Хан шатыр» сауда-сауықтыру орталығы жанында өткен жәрмеңкеге келушілер сонымен бірге облысымыздың тәуелсіздік алған 25 жылы ішіндегі қолжеткен жетістіктеріне арналған көрмені де қызықтады. Мұнда білім беру, спорт, денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысы, бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік-экономикалық саланың 12 бағыты бойынша толайым табыстары сараланған. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жерлестеріміздің жетістіктеріне шынайы ризашылығын білдірді. «Астана біздің облыстың территориясында орналасқандықтан біз Елорда тұрғындарының сұранысына әрдайым да сергектікпен қараймыз. Бүгінгі күні мұнда сатылатын сүт және ет өнімдерінің 50-60 пайызы, ұнның 100 пайызы, картоп пен тағамдық жұмыртқа негізінен біздің шаруашылықтарда өндірілген өнімдер болып саналады. Бұл орайда біздің алдымызда тұрған басты міндет – қолжеткен жетістікті баянды ете отырып, оны жалғастыра беру», – деп атап көрсетті облыс әкімі Сергей Кулагин. Өңір басшысы айтқан бұл жетістіктер, сондай-ақ, 28 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте де егжей-тегжейлі сөз болды. Журналистердің сұрақтарына жауап бере келе, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов 25 жыл ішіндегі жерлестеріміздің қолжеткен жетістіктерін жан-жақты саралап берді. Жәрмеңке сахнасында өткен концерттік бағдарлама да көпшілік көңілінен шықты. Мұнда негізінен көркемөнерпаздар үйірмелерінің мүшелері, кәсіби өнер ұжымдары, көңілділер мен тапқырлар клубының командалары өнер көрсетті. Асық ату, армрестлинг сияқты спорт түрлері жанкүйерлер назарын ерекше аударды. Әсіресе, сырық арқылы жүріп, оның бір шетінде байланған қойды босатып алу жөніндегі жарыс та қызықты өтті. Бұл бәсекеде Астана және Алматы қаласының тұрғындары Евгений Өтебаев пен Ғаламат Жиенбаев жеңімпаз атанды. Орыс және қазақ драма театрлары талғампаз Астана жұртшылығының назарына «Шыңғыс хан» және «Шәкәрім» пьесаларын ұсынды. Елордадағы Ақмола облысының күндері Бейбітшілік және келісім сарайында танымал ақын, драматург және жазушы Құдайберлі Мырзабектің «Жанымның мәңгі көктемі» шығармашылық кеші және «Жер жұмағы – Көкшетау, ел тұмары – Астана» гала-концертімен аяқталды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс