Жөндеу жұмыстары назарда

Қала әкімі Амангелді Смайылов Көкшетауда күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бірнеше нысанда болып, сапаға назар аударды. Және мердігерлерге мерзімінде тапсырып, пайдалануға беруді жүктеді.

Алдымен Наурызбай батыр көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарына назар аударған шаһар басшысы өрмек жүзінен ауып қалған шаруаларды бақылауда ұстайтынын айтты. Қазір жолдың бір бөлігі түгел аяқталып, асфальт төселіп, тротуарлар жасалған. Ал, екінші бөлігін мердігерлер тамыз айының басында жабындысын аяқтап, тапсырамыз дейді. Тротуарларға асфальт төсеу жұмыстары жалғаса береді. Қала әкімі мерзімінен кешіктірмеуді тапсырды. Момышұлы көшесіндегі 58, Тәшенов, Абай, Пушкин, Әуелбеков көшелерінің қиылысындағы үйлердің аулалары да жаңартылуда. Мердігерлер қаржының тапшылығын алға тартты. Жұмыстардың кешеуілдеп жатқаны да сондықтан. Қазір олар өз қаржысын салып тырысуда. Шаһар басшысы бірер күнде тиісті қаражат аударылатынын, сондықтан еш алаңдамай жұмыстарды жалғастыра беруді тапсырды. Ал, №20 мектеп аумағындағы Саин көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған тротуар төселіп жатыр. Ұзындығы 400 метрді құрайтын бөлікті құрылысшылар осы аптада аяқтаймыз деді. «Бірлік» мөлтек ауданындағы Дружба көшесінде және Застанционный аумағындағы Мичурин мен Ақан көшелерінде де жолдар жөнделіп, асфальт төселуде. Сондай-ақ, Ғабдуллин көшесіндегі көпірдің жаңартылып жатқаны көңілге қонымды. Егер бұл бөлік пайдалануға берілсе, көлік кептелісі азайып, Абылай хан даңғылына жүргізушілер тура осы жол арқылы шығатын болады. Осының бәрі халықтың өтініш-тілегі аясында жүзеге асырылып жатыр. Олар қала әкімінің есептік кездесуінде осы мәселелерді алға тартады. Соның нәтижесі ретінде қазір қаланың бірнеше ауданында аулалар абаттандырылып, шұрық-тесік жолдар жамалып жатыр. Бұл жұмыстар жалғасын табады.

Г. Бәйішева.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий