Жөнсіздіктің жолын кесетін – діни сауаттылық

Дін және қоғам

Құран үйреткен негіздерде ешбір кемшілік жоқ. Адамгершіліктің бүкіл қағидаларын Құраннан артық дамытуға, ілгерілетіп жетілдіруге болмайды.
Неміс ақыны И.В.Гете.

Жазықсыз жандарды, бейкүнә балаларды, жас сәбилерді оққа байлап, отқа орап, ажал құштыратын діни экстремистер мен террористерді кім жақтап, кім қолдамақ? Ұлты, нәсілі, діні, тілі қандай болсын, жазықсыз адамдарды қырып салып, бейбіт тұрғындардың үрейін алып, тіршілігінің берекетін кетіруді кім дұрыс дейді? Ал, сол қарақшылар Алланың, оның бейбіт діні исламның атын жамылып, ұрандап бүкіл мұсылмандарды әлемге жек көрінішті қылып, қарсы қоюға, аражікті ажыратып, жұртты соңынан ертуге тырысуда. Байбаламдарының байыбына бармай, беймәлім бағытқа бет алып, еліріп ойран салғандар өздерінің өз пайдасын ойлаған әлдекімнің ойыншығы болып отырғанын аңғармауда. Бұл – бейбітшілікті, әділдік пен адалдықты алға ұстайтын мұсылман қауым үшін үлкен өкініш. Дүниенің әр бұрышындағы қала орталығы, алаңдар, базарлар, мешіттерде, көп кісі мінген көлікте өздерін жарылғыш қондырғылармен бірге жарып жіберушілер туралы хабарлар тиылар емес. Бірін ұмыта бастасаң, екіншісін естисің. Осындай, жантүршігерлік оқиғалар бұрын бізге жат, тым алыс көрінсе, енді, солардың сапында өз қандастарымыздың бар екендігін білгенде салың суға кетеді. «Есейгенде еліне қызмет етеді, әке-шешесін асырайды, шаңыраққа ие болады» деп үміт артқан ұлдар айдалада, жөн-жосықсыз жазықсыз жандарға оқ атып, қан төгіп жүр. Мұны кім «жөн» дейді? Онда неғып жүр?

Егемендігінің жиырма бес жылдығын атап өту үстіндегі елімізде қайраты тасыған, жалындаған жастар үшін ерлік көрсетер іс, атқарар шаруа аз ба? Игерілмеген жер, қазылмаған кен қаншама?! Еңсесін тіктеген елімізде ата-бабамыз армандаған, аманат еткен істер қыруар емес пе?! Ана тіліміздің өрісін кеңейтіп, ғасырлар бойы қасиетті халқымыз ұстанған дінімізді насихаттап, өскелең ұрпақты ізет пен құрметке, адалдық пен еңбекқорлыққа тәрбиелеп, табандарынан от ұшып жүрмей ме?! Жаһандану үрдістері жақындай түскен кезде ұлтының қамын жеп, ұлттық ерекшеліктерінің, қырларының жарқырай көрінуіне атсалыспай ма?! Кірпіш қалап, тас басып арайлы Астанасының айбарлана түсуі үшін терін төкпей ме?! Туған Отан, туған ел үшін, туып-өскен жер үшін тыным көрмей еңбектенгеннен артық абырой бар ма?! Ғылымда жаңалық ашып, спортта үздік нәтиже көрсетіп, елінің жақсы атын шығарып, Көк байрағын көтерту ерлік емес пе?! Ата-анасы, бала-шағасы, жолдас-жорасы мақтан тұтпас па еді, сонда?! Әне, қаншама жылдар бойы төккен тер, адал еңбектері, көзсіз батылдықтары үшін арда ұлдар Олжас Сүлейменов, Айдын Айымбетов омырауларына Батыр жұлдызын таққан жоқ па?! Айдалада, кім үшін, не үшін екені белгісіз, қайдағы бір түсініксіз идеялар соңында жазықсыз жандарды қан жылатып, өз ата-анаң, бала-шағаңды еңіретіп жарылып өлгенше ел-халқыңнан алғыс алғаның жөн емес пе?! Жаратқан ие қырсықты қылығыңды оң көреді дегенге неге сенеді, жастарымыз?..
Жастықта еліктеу-солықтаудың көп болатыны шындық. Көбі тойынғандық, сауатсыздық, жақсы мен жаманның аражігін ажырата алмағандық, жел сөзге ерушілік болса керек. «Мектеп көрді, ата-ана тәрбиесін көрді, ел ішінде өсті» деген балаларымыз неге адасады? Қалай десек те біразы адасты, біразы әлі адасып жүр… Жанымызда жүріп, өзімізге едірейе қарап, жат болып жүр. Елде алаңдаушылық туындады, біраз шаралар алынды, жиындар өтті, өтіп те жатыр. Бірақ, батпандап кірген аурудан құлантаза айығып кеттік деп айта алмаймыз. Жақында Ақтөбеде орын алған оқиға соны көрсетеді. Демек, әлі айтуымызда, түсіндіруімізде кемшін тұстар бар. Өзеуреген өтірікшілердің ұл-қыздарымыздың алдына құрған өрмегін бұзып, мүлдем құлақ астырмауға әлі қол жеткен жоқ. Дегенмен, көп болып қолға алып, көңіл бөлген соң істің нәтижесіз болмасы анық. Мектеп оқулықтары мазмұндана, жүйелене түсер, арнайы сабақты оқытатын мұғалімдер жетіле түсер, имамдарымыздың уағыздары нақтылана түсер, насихат пәрмені артар. Сөйтіп, бұл дерттің де уыты қайтар. Ал, әзір осынау кеселмен алысуда олқылықтарымыз орын алып тұр. Басқасын былай қойғанда имамдарымыздың уағыздарының өзінің жүйесін, құрылымын нығайта түсу керек іспетті. Олардың айтар әңгімесінің дені тек қана мысал әңгімелерге, аңыз әңгімелерге құрылады. Үнемі осы сарында болуы жөн бе? Оған толып жатқан ғылыми дерек-дәйектерді неге келтіріп айтпайды екен, деген ойдың қылаң беретіні рас. Құран аяттары мен ғылыми зерттеулер нәтижелерінің қиысуы, тағы басқа біз білмейтін қызықты хикметтер толып жатыр ғой. Шындығына келсек, жасөспірімнің адасуына бірден-бір кінәлі ата-ана шығар. Бала жасынан ата-бабасы ұстанған дінді бойына сіңіріп өссе, оны жолдан тайдыру оңайға түспес. Ол ақ пен қараны тез-ақ ажыратып алар. Шіркін, сол жетіспей тұр ғой. Тағы бір олқы тұс – ана тілді, ана тіліндегі көркем әдебиетті, айтары көп мақал-мәтелдерді білмеуі. Бұған да ата-ананың кінәсі жоқ деуге болмас. Әйтпесе, мақал-мәтел, тыйым сөздердің өзінде тағылым толып тұрған жоқ па? Ислам қағидаларымен халқымыз ұстанымы, ой-өрісінің ұштасуы керемет бір ғибрат. Ол сөздер, өлең-жырлар көкірегінде сайрап, тілінің ұшында тұрмаған соң не шара? Шортанбай: «Иманы бардың белгісі – тілінен тамар шырасы» деп жырласа, ана тілінің құнарына қанып, мейіріне бөленіп, ұлттық тәрбиені қанына сіңіріп өскен, көргенді жанды жырлап тұрған жоқ па? Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби: «Үнінен айырылған, тілінен және дінінен айырылған халық жер бетінен жойылады» демей ме? Бұл тұжырым бізді неге ойлантпайды? Мемлекеттік органдар, діни басқарма атқарып келе жатқан ұлан-ғайыр іске үйдегі тәрбие қосылса бір нәтиже болмас па? Баласының мінез-құлқынан оғаштық көрісімен-ақ, тиісті орындармен хабарласып, ақыл-кеңес алмас па? Өздері білгендерін айтпас па? Ол үшін де дайындық керек, әрине. Ал, бізде керісінше үлкендердің дүмбілез білімді баласына еріп кететіндер бар. Әңгіме, дұрыс бағыт, дәстүрлі дініміз туралы емес, теріс ағымдар туралы. Бір қалада шоқша сақалды, шолақ шалбарлы жасөспірімнің соңынан, әлгіше киініп, жұртқа жиіркене қарап кетіп бара жатқан әке-шешені көргеніміз бар.
Ұлт ұстанымын, салт-дәстүрін, тілін, ақыл-ой қазынасын білу – ақ жолдан адаспаудың қырағы қорғаны. Бұл – жалаң сөз емес. Алдымен ана тіліміздің құнарын, мақал-мәтелдер, аталы сөздер, ұлағаттарды білмеу табанымызды бүрсіз етіп отыр. Көркем әдебиетті, газет-журналды оқымау, алдыңғы толқын ағалардың эфирлерден берілетін өнегелі әңгімелеріне құлақ түрмеу, оның астары мен тұспалын түсінбеу таяздыққа әкеліп тіреп отыр. Сондықтан, көзіқарақты үлкен-дер, шаңырақ иелері отбасы тәрбиесіне, қоғамдық істерге белсенді араласуы, әркез білгенін бедерлі етіп айта жүруі, ертеңнің адамы – бүгінгі жастарымызға бағыт-бағдар сілтеуде жалықпауға тиіс. Сөйтіп, жан-жақтан аралассақ зерделі ұрпағымыз ата-бабаларымыз аманатынан айнымай, салт-дәстүрімізді жалғап, олар армандап кеткен адал жолда жүреріне сенім мол. Жөнсіздіктің жолын кесіп, дертті тоқтататын – біліктілік, сауаттылық болмақ. Үлкен-кішіміз осыны
ескеруіміз керек.

Серік Жетпісқалиев,
Жазушылар одағының мүшесі, ақын

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс