Заманауи білімге – жаңа сапа

Қала мұғалімдерінің дәстүрлі тамыз кеңесі биыл жаңа форматта өтті. Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев алдымен мектеп директорлары, балабақшалар жетекшілерімен дөңгелек үстел өткізіп, оқу-тәрбие жұмысы, оқулықтар, мектептердің ғимараттары мен материалдық-техникалық базалары жайын сұрақ-жауап түрінде өткен жиында жан-жақты талқылады. Түйінді мәселелерді шешудің жолдары қарастырылды.

Одан әрі тамыз кеңесіне қатысушылар алдында қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіпов 2018-2019 оқу жылында алда тұрған міндеттер туралы «Төртінші өнеркәсіп  жағдайындағы адами капитал» деген тақырыпқа баяндама жасады. Кеңесті шаһар басшысы Ермек Маржықпаев қорытындылап, еңбек озаттарын Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен, Ғылым және білім министрінің Мақтау грамоталарымен, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгілерімен, қала әкімшілігінің сыйақыларымен марапаттады. Төменде кеңесте сөйлеген қала басшысының сөзінің қысқаша нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Білімді ұрпақ – Қазақстанның болашағы,– деп бастады сөзін қала әкімі Е.Маржықпаев. – Білім саласын жетілдіру және интеллектуалды ұлт қалыптастыру тәуелсіз еліміз дамуындағы ең негізгі ұстанымдардың бірі. Бүгінгі таңда қала мектептерінде 1979 педагог жұмыс істейді. Олардың 576-сы жоғары, 514-і бірінші, 386-сы екінші категориялы мұғалімдер. 476 мұғалімнің категориясы жоқ. Өкінішке орай, №4, №10, №14, №19, №13 «Экос», №15, №21, №22 сияқты орта мектептерде жоғары категориялы мұғалімдер саны аз. Сондықтан, қалалық білім бөліміне мұғалімдердің білімін жетілдіру ісін жалғастыра беруді тапсырамын. Біз бүгін дөңгелек үстел жұмысы барысында балабақшалардағы тәрбиешілердің білім деңгейі жөнін талқыладық. «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы барлар 28,0 пайызды ғана құрайды екен.  Жеке балабақшалар да мамандар сапасын арттыруға тиіс. Қаланың білім ұжымдарына 64 адам, оның ішінде 28 пайыз бастауыш сыныптарға мұғалімдер керек. Сондай-ақ, математика, физика, химия пәндерін мемлекеттік тілде оқытатын мұғалімдер қажет. Білім бөліміне бос орындарды білікті мамандармен толтыру бойынша жұмысты күшейту керек. Орта буыннан бастап қабілетті оқушылардың кәсіптік бағдарын жүргізу керек. Биылғы жылы педагогикалық мамандыққа облыс әкімінен 150 грант бөлінді, бөлінген гранттарға болашақта ұстаз мамандығын жаңа деңгейге көтеретін лайықты түлектер ие болды деп сенемін. Сапалы білім алу шарттарының бірі балаларды оқулықтармен және оқыту-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету болып табылады. Жыл сайын білім беру ұйымдарының оқулықтармен қамтамасыз етуге қатысты материалдық базасы жаңғыртылуда. Жаңа 2018-2019 оқу жылына осы мақсаттарға 280 миллион теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 65 миллион теңгеге артық.

Өз аумақтарын абаттандыру бойынша мектеп және мектепке дейінгі ұйымдардың директорларына үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Баршаңызды келе жатқан Білім күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий