Зардап шеккендерге көмек көрсетілуде

Өңірдегі су тасқынынан көбірек зардап шеккен Атбасар және Зеренді аудандарының елді мекендері облыс басшылығының, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, төтенше жағдайлар қызметінің қатаң бақылауында. Шұғыл шаралар қолданудың нәтижесінде қызыл судың беті қайтып, жағдай біршама қалпына келтірілуде.

Көкшетау қаласының тұрғындары көктемгі ағын су басқан аудандардың тұрғындарына көмек қолын созуда. Осыған орай Науан хазірет атындағы мешіттегі пунктке қайырымды жандар төсек-орын, киім-кешек әкелуде. Биылғы ағын су бірнеше аудан тұрғындарын әуре-сарсаңға салды. Үйіндегі жиһаздары, төсек-орны, киім-кешегі жарамсыз болып қалды. Әсіресе, Атбасар, Сандықтау аудандарының тұрғындарына қиын тиді. Мұндай хабарды естіген жұрт жай қарап жатқан жоқ. Науан хазірет атындағы мешіттің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жүсіпбек Әленовтің айтуынша, қарапайым халық қашанда қайырымдылық шараларынан тыс қалған емес. Бұл қазақ халқының бойында бар қасиет. Мал індеті, су басу, өрт сияқты оқыс оқиғалар, табиғат апаттары орын алған кезде қайырымды жандардың қол ұшын созатын дәстүрі бұрыннан бар. Мешіт қызметкерлері көмек беремін деген жандардың бетін қайтармайды.
Достық үйінде де су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созу үшін арнайы пункт ашылыпты. Ақшалай көмек беріп жатқандар да бар. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген – «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов. Мекеменің қызметкерлері осы кезге дейін жиналған азық-түлік пен киім-кешекті бір машинамен Сандықтау аудандық әкімшілігіне жеткізіпті. Баспанасын су шайғандарға бұл аз да болса көмек. «Мен қарапайым халықтың жүрегінің таза, пейілінің кең екеніне тағы да көз жеткіздім. Олардың қиналған жандарға қол ұшын созуға қашанда дайын болуы мені таң қалдырды. Тұрғындар жаңа заттармен қатар, үйіндегі таза киімдерін де әкеліп жатыр», – дейді мекеме қызметкері Валентина Мамонова. Ал, қаржылай түскен көмектің көлемі 10 миллион теңгеге жуықтапты.

***
Ақмолалық медицина қызметкерлері 4,5 тонна азық-түлік тағамдары мен күнделікті тұрмысқа қажетті киім-кешектерді Атбасар және Сандықтау аудандарының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына апарып берді. 25 сәуірде Сандықтау селосында Көкшетаудан барған кардиолог, невропатолог, хирург, травматолог, педиатр мамандары қабылдау жасап, жергілікті тұрғындарға шұғыл түрде медициналық көмек көрсетті.
***
Осындай ізгілікті шарадан үкіметтік емес ұйымдар және мәдени-ұлттық орталықтар да шет қалмай, қол ұшын созуда. Ауқымды көмек жасаған осындай ұжымдардың қатарында Ақмола облысының іскер әйелдер ассоциациясы, «Мирон», «Ашық жүрек – Открытое сердце», «Шаңырақ» қоғамдық қоры да бар.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс