Заңсыз алтын өндіру мәселесі талқыланды

Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы Қадырхан Отаровтың қатысуымен өткен ведомствоаралық мәжіліс «Қазақалтын» ТМК» акционерлік қоғамында орын алып отырған заңсыз алтын рудасын өндіру және өндірістік қауіпсіздікке байланысты туындаған мәселелерді талқылауға арналды. Степногорскідегі «Қазақалтын» ТМК» АҚ-нан соңғы 5 жылда алтын рудасын ұрлаған 20 мыңнан астам адам ұсталған. Оған қоса алтын рудасын өңдейтін 75 цех тәркіленген. Аталған кеңеске облыс прокуроры Мұратбек Исаділов қатысты.

Тоқсаныншы жылдардан бері Бестөбе кенішінің аумағынан заңсыз алтын өндіру жаппай белең алған еді. Кейінірек инвестор табылып, алтын кенішінің жұмысы жолға қойылған соң заңсыз алтын өндіру тоқталды. Бірақ оңай олжа тапқысы келетіндер әредік бой көрсетіп, осы өңірден заңсыз алтын өндірумен айналысып келеді. Сондай заң бұзушылармен күреске осы аумақта құқық қорғау органдары жете көңіл бөледі. Биыл да заңсыз алтын өндірумен айналысушылар қатары азаймай отыр. Алтын іздеушілер жер астындағы шахталарға баратын жасырын жол тауып, жарылғыш заттарды пайдаланып кен өндірумен айналысқан. Олар адамдарды жалдап, өндірілген кенді ұқсатып, оны сатуды жолға қойған. Мәжілісте Ақмола облысы прокурорының орынбасары міндетін атқарушы Қуаныш Амралина атап өткендей, осы күні қолданыстағы заңнаманың әлсіздігінен алтын рудасын ұрлаушылармен күресу мүмкін болмай отырған жай бар. Степногорскідегі «Қазақалтын» ТМК» АҚ-да соңғы 5 жылдың ішінде құрамында алтыны бар руданы алумен заңсыз айналысқан барлығы 20 мыңнан астам адам ұсталды. Оған қоса алтын рудасын өңдейтін 75 цех тәркіленді. Алайда, ұсталған адамдардың бірде-біреуі қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, тек 1 пайызы ғана әкімшілік жауапқа тартылды. Мұның екі себебі бар. Бірінші, қолданыстағы заңнаманың жетілмеуі, яғни қымбат металдар мен шикізат тауарларын заңнамалық реттеудің болмауы, екіншісі алтын рудасын ұрлаушыларға қатысты қылмыстық жауапкершіліктің қарастырылмауында болып отыр. «Біз бүгін мемлекеттік органдармен бірлесіп құрамында алтыны бар руданы алумен заңсыз айналысушылармен күресу үшін арнайы бағдарлама әзірлеп отырмыз. Онда бұл мәселені шешудің заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық сияқты үш жолы қарастырылған. Бүгінгі мәжілісте осы бағдарламаға қатысты «Қазақалтын» ТМК» АҚ құқық қорғау және мемлекеттік органдар өкілдерінің пікірлерін тыңдап, қажет болған жағдайда толықтыратын боламыз», – деді Қуаныш Амралина өз сөзінде. Өз кезегінде «Қазақалтын» ТМК» АҚ басшысы Евгений Балашов кеніштің бақылау күзетін күшейту, өндірістік нысандарда жымқыруларды, заңсыз алтын іздеушілерді қауіпті өндірістік нысандарға кіргізбеу бойынша жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс