Зеректердің зияткерлік мектебі

Қазақстан халқы 1 желтоқсан күні еліміз үшін елеулі оқиға – Тұңғыш Президент күнін атап өтеді. Бұл 2011 жылдың 10 желтоқсанында ел Парламенті  қабылдаған шешім болатын.

1997 жылы «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы жасалды. Бағдарламада «біз алдағы отыз жылдың ішінде орта дамыған мемлекеттердің қатарына кіреміз» деген мақсат қойылған болатын. Осылай Қазақстанда индустрияландыру саясатымен бірге инновациялық үрдіс бірге орындалды. Жаңа технологияларды алып жүретін жаңа ұрпақ, жас кадрлар қажеттігі туды. Назарбаев интеллектуалдық мектептері «Назарбаев Университеті» талантты балаларға есігін айқара ашты. Солардың қатарына «Тұңғыш  Президенттің 20 интеллектуалды мектебі» жобасы аясында 2009 жылы Көкшетау қаласында физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылғаны белгілі. Мектебіміздегі мұғалімдеріміз белсенді, жан-жақты маман иелері. Олар үздіксіз жаңартылған бағдарлама бойынша республика көлемінде және Ақмола облысының мұғалімдерімен тәжірибе алмасу, үйрету мақсатында семинарлар өткізіп тұрады. Республикамызда биылғы жылы орта білім беру саласында Назарбаев Зияткерлік мектептері жаңартылған бағдарлама бойынша  қызмет ететін Әдістемелік орталық болып танылды. Себебі, барлық мектептерге осы бағдарламаға ауысу арқасында жаңа нысандағы критериалды бағалау жүйесі енгізілді. Критериалды бағалау жүйесіндегі ерекшелік оның объективтілігі болып табылады. Яғни, мұғалім оқушының білімін бағалау критерийлері негізінде бағалайды, оқушыны қызықтыруы қажет, ата-аналар тарапынан қолдау, басқару органдары тарапынан білім сапасын басқару, қоғамға деген сенім. Мектебімізде шетелдерден келген білікті оқытушылар дәріс береді. Сонымен қатар, математика, физика, информатика және жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Бұл біздің оқушыларға әлемдік технологияларды меңгеруге зор мүмкіндіктер ашады.

2012 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына жұмыс сапары аясында біздің мектепке ат басын бұрды. Мемлекет басшысы  мектептің педагогикалық қызметкерлерімен және ата-аналармен кездесті. Оқу ордасы 2017 жылы Халықаралық мектептер кеңесі аккредитацияланған оқу орнының мәртебесіне ие болды (Council of International Schools – CIS).

2017-2018 жылдары мектепті 89 түлек аяқтады. Олардың барлығы жоғары оқу орнына түсіп, көпшілігі шетелдердің мемлекеттік қорларынан және ҚР Білім және ғылым министрлігінен жоғары білім алу үшін мемлекеттік және университеттік гранттарға ие болды. Бүгінде олар Назарбаев Университетінің; Қазақстан-Британ Техникалық Университеті (ҚБТУ); Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (КИМЭП); Әл-Фараби Ұлттық университеті; Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (MUIT) және басқа беделді ұлттық университеттердің студенттері. Мектеп түлектері Ұлыбритания, Австралия, Гонконг, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Кипр, Венгрия, Польша, Болгария, Ресей, Беларусь елдерінің жоғары оқу орындарында магистратура бағдарламасы бойынша білім алып жүр.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады. Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс», – деп Зияткерлік мектептерге үлкен үміт артылғанын байқатты. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде еңбек ететін әр мұғалімге, әр қызметкерге және осында білім алатын оқушылардың да әрқайсына жоғары міндет жүктелген. 10 жылдың ішінде Зияткерлік мектептердің қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Осы бағыттан таймай, ерінбей, аянбай еңбек етсек, еліміздегі білім саласының шетелдермен иық тірестіретіні сөзсіз.

Еліміздің білім саласы Ұлт Көшбасшысының назарынан ешқашан тыс қалған емес. Демек, өз тағдырын сенімді басшыға тапсырған Қазақстан халқы үшін Тұңғыш Президент күнінің маңызы орасан зор екені сөзсіз.

Тоқат ТІЛЕУБЕРДИН,

Көкшетау қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий