Зеренді киелі жер

Рухани жаңғыруымыздың ақ жалауындай жарқырап көңілімізге күлімдеген күн нұрын құйғандай Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жерге туыңды тік», «Туған жер» бағдарламаларын қолға алуды ұсынамын, – деген еді. Осындай терең мағыналы жобамен дамуымызға жол көрсетіп тұрған теңдесі жоқ мүмкіндіктерді зерделей отырып, қалайша шабыттанбасқа, қалайша ойланбасқа?! Шын мәнінде, әсіресе, қазақ халқының дамуындағы нәр алған қазыналы қазығы, қадірлі қасиеттерінің бәрі де осы ауылда жатқан жоқ па. Ауылдың жері, суы, сай-саласы, ауасы, табиғаты, аңы, құсы, жазы мен қысы, көктемі мен күзі, кімдерді тебірентпеген, таңырқатпаған. Осы жәйттерге орай туындаған шынайы махаббат, сүйіспеншілік, елді, жерді сүю, бүкіл адами құндылықтар тоқайласқан туған ауыл алтын арқауымыз ғой жарықтық. Осыдан үш жыл бұрын кіндік қаным тамған ауданым Зерендіге арнап жазған «Жұмағым» атты кітабымда:
Мен үшін сен – жұмағым,
Жарқырап бейне шырағым.
Тереңнен тербеп сыр шерткен,
Ғажайып тылсым жұмбағың.
Зерендім кербез кейпіңе,
Шаттанып, шалқып тұрамын.
Түлеткен асыл арманға,
Тұғыры биік тұрағым, – деп толғансам, сол кітаптың 108-112 беттерінде «Өлке тарихы – өз тарихымыз» деген шағын әңгімемде Зеренді жерінің киелі де қасиетті барлық өңірлерін сипаттап, онда өмір сүрген даңқты дара тұлғалардың ел үшін атқарған еңбектеріне тоқталып, Балқадиша сынды аруына ескерткіш орнатуға, ол жерленген зиратты тауып, құлпытас қою мәселесін көтерген едім. Сәті келгенде сол кездегі аудан әкімі, білікті азамат Мәлгаждар Тәткеевтің тікелей қолдауымен аудан азаматтары бұл істі жақсы атқарып шықты.
Көгілдір Көкшетау, сұлу Көкше аталатын, балбыраған балапан қарағайлы, ақ балтыр сұлулар сипаттас ақ қайыңды, айнадай жарқыраған сексен көлі, сылдырлай аққан сансыз бұлақтары көмкерген осынау қасиетті өңірдің дәл сүбелі жерінен сұғына орын алған Зеренді ауданы қазір кең алқапқа ие. Табиғаты таңдай қақтырар осы өлкеде талай-талай беті ашылмаған сырдың да, жырдың да бұғып жатқанына күмән жоқ. Олар туралы «Көкшетау» газетінің 2016 жылғы №60 санында «Ұлттық рухымызды асқақтата берейік», аудандық «Зерделі Зеренді» газетінің өткен жылғы 15 шілдедегі №28 санында «Ұлттық құндылықтарымыз құлдырамаса екен», облыстық «Акмолинская правда» газетінің 2016 жылғы №90 санында «Имена, что хранят прошлое» деген мақалаларымда біраз баяндаған болатынмын. Енді міне, рухани жаңғыруымыздың алда тұрған асқаралы асуларын игеру мақсаттарының баспалдақтарына байыппен бірқатар қадамдар жасалуда. Соның ішінде, әсіресе, Зеренді сынды жер ұйығымыздың сымбатын да, сырын да түсірмей аялай, ардақтай, сақтай, қорғай білу аса ауқымды да, абыройлы да, жауапты да міндет болса керек. Сондай міндеттердің бастысы таңдай қақтырар табиғатын, жерін, суын, ауасын, аң, құстарын, елді мекен, ауылдарын түлетіп қорғау ғой.
Егер өткенге көз жүгіртіп сәл ойлансақ қазақ жерінің көрген қасіреті аз болған жоқ. Қасиетті жерімізге теріс пиғыл танытудың салдарынан аң төресі сұлу зереннің, қарақұйрықтың, кең даламыздың сәні болған дуадақтың, басқа да сирек кездесетін аң, құс, балық түрлері мүлдем кеміп кеткен. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері жеңіл көліктерге мініп, жастарымыздың түн баласына дамылсыз мылтық кезеніп дала кезіп жүретіні жақсы ырым емес. Онсыз да қара құрттай қаптап кеткен браконерьлердің, аңшылық құрып асыра сілтеп жүргендердің қырсығынан бір кездері қойдай өріп жүретін суыр, борсық, қоян, қызыл түлкі, қара құр, ақ құр, жылқышы, тиындар құрып бара жатқаны өкінішті-ақ. Осынау ұлы дүбір, жаңару, жаңғыру дамуымызға жаңа жол салып, ұлттық сана-сезіммен алға өрлеу кезеңінде кейбір кеткен кемістіктеріміз бен олқылықтарымызды қайтадан қарап, түзетіп жіберудің де қолайлы сәті келген сияқты. Орынсыз жалтақтық, кейбір жансақтық көзқарастардың шылауымен, елдің, жердің тарихын терең білмейтін шенеунік сымақтылардың кесірінен арылатын уақыт жетті. Кезінде «Подлесный» колхозының негізі сол жердің белгілі байы Тіржан қажының мал-мүлкін ортаға салудан құрылған екен. Кейін заман өзгеріп, тарихи, мәдени мұраларымызды түгендеуге айналғанда жерлестеріміздің аузына сол Тіржанның аты түгіл «Тасбұлақ» ауылы да естеріне келмей, қай «бәйтерек» екенін кім білсін «Бәйтерек» аталыпты. Ал, сонау Көкшетау қаласы құрылғандағы тұңғыш ояз Троицкийдің есімі әлі күнге Тіржанның жайлауына табан тіреген күйінде қалған. Егер өзгертейік десек қазақтың ұлттық сөзі «Жайлау» оған сұранып тұрған жоқ па?
Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге орай бірнеше рет азаматтар газет бетінде Абылай ханның туын ұстаған жерлесіміз есімі шежіреден, тарихтан белгілі Монтай батырдың есімін оның елі болған, зираты сақталған Қылшақты өзенінің бойындағы «Молодежный» елді мекеніне беру жөніндегі ұсыныс жасаған-ды. Алайда, ономастика комиссиясы мен Ақкөл селолық округі әкімшілігінің осы мәселеге үстірт қарап, жіберген қателіктерінен бұл бастама жүзеге аспай аяқсыз қалды. Бұл дегеніміз осындай өте маңызды мәселелерді шешуде немқұрайлылықтың орын алып отырғандығын аңғартса, екіншіден келешекте мұндай қателіктерге ұрынбаудан сақтандырады.
Қысқасы, киелі жерімізге кері тартпалық жасалмай, кеңпейілділікті көл-көсір көрсетіп, ел, халық көтерген күрделі мәселелердің күрмеуін шешуге ұмтылайық. «Жел болмаса шөп басы шайқалмайды» – дегендей әр өтініштің, әр мәселенің артында адамның тағдыры барын, ел тарихының үлкен жұмбағы жатқанын ескеруіміз қажет. Сондықтан зеренділік ел басқарып отырған ағайындарға айтарымыз адамдардың пікірлерін тыңдай білу, сыйлай білу, аялай білу, алға қарап болжай білу, атадан қалған аңыз емес, ақиқат екенін ұғынайық.

Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,
еңбек ардагері, ақын

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс