Зұлмат жылдар зобалаңы – ұрпақ жадында

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Ақмола облысының мемлекеттік мұрағатында «Қазақстан трагедиясы – ұрпаққа сабақ» атты іс-шара өтті.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова «Аза тұту» күнінің Тәуелсіз қазақ елі үшін мәні мен маңыздылығына тоқталды. – Сол бір нәубет жылдары жазықсыз сотталған, ату жазасына кесілген, лагерьлер мен арнайы қоныстарға жер аударылған, миллиондаған қуғын-сүргін құрбандары ешқашан ұмытылмайды. Бәлкім кейбірлеулерге бұл аңыз сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бұл аңыз емес, дәуірдің шырқыраған шындығы болатын, – деді ол өз сөзінде.

Жиналған көпшілік «Қазақстан
репрессия жылдарында» атты көрмемен танысты.  Ресми деректерге сүйенсек, бір ғана Ақмола облысы бо-йынша 13 мыңнан астам адам «халық жауы» деген жаламен тұтқындалған. Еске алу күніне орайластырылған жиынға қатысушылар халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлері жайлы «Репрессияның табиғи болмысы және қоғам дамуына тигізген кері әсері», «Алаш қозғалысындағы әдеби тұлғалар» тақырыбында баяндамалар оқыды. Аға буын өкілдері мұндай нәубет ешқашан қайталанбаса деген тілектерін білдірді.

1920 жылдардың соңында және 1932-33 жылдары қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан қазақ халқы қатты зардап шекті. Бұл жылдары қазақтың байларының мал-мүлкі тәркіленіп, өздері жер аударылды. Тарихтың бұл беттері де әлі зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Ұлт рухын әлсірету мақсатын көздеген солақай саясаттың ақтаңдақ беттерін ашып, бүгінгі жас ұрпаққа шындықты жеткізіп, ұлты үшін жапа шеккендердің ерлігін үлгі етуіміз керек, дейді тарихшылар. Дөңгелек үстел отырысына қатысқан зиялы қауым өкілдері саяси қуғынға ұшыраған ұлт зиялыларының есімін жаңғырту бағытында әлі де көп еңбек ету қажет деген пікірлер айтты. Өйткені, тарихтан тағылым алудың өскелең ұрпақ үшін маңызы зор.

***

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Тағдырлары қасіретті қайраткерлер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны өңірге танымал журналист, «Ел бірлігі» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақыт Смағұл жүргізіп отырды. Алдымен алаш көсемдеріне арналған бейне фильм көрсетілді.

Алаш және саяси қуғын-сүргін мәселесі бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева, жазушы, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев,
Науан Хазірет мешітінің бас имамы Куаныш Жұмабайұлы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Сәбит Жәмбек, Ақмола облыстық мемлекеттік архивінің архивисі, магистр Талапкер Уәлиев, Смағұл Сәдуақасұлының ауылдасы Ғибрат Ужаровтар алаш пен ашаршылық тақырыбына әңгімелер айтты. Ақмола облыстық филармониясының әншісі Сәрсенбай Хасенов аштық куәгері, жетісулық сазгер Қапез Байғабылұлының әнін орындады.

Сталиндік солақай саясаттан зардап шеккендер мен құрбан болғандардың бүгінгі ұрпақтары да өз ойларын ортаға салды. Конференция барысында саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарының зобалаңы бірнеше баяндамада жан-жақты қырынан айтылды. 30-шы жылдардағы ашаршылықта қазақ халқының қырық пайыздайы қырылды, ал саяси қуғын-сүргін кезінде жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталса, олардың 25 мыңы атылды. Оның ішінде Ақмола облысында 5,4 мың адам сотталып, олардың 1,6 мыңнан астамы атылды. Тарихшылар тоталитарлық жүйедегі репрессияның құрбаны болған нәзік жан иелеріне тоқталса, ғалымдардың енді бірі архив беттерінен тың деректер келтірді.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде өткен шарада қазақ халқы үшін «қолдан жасалған ашаршылық» пен сталиндік солақай саясаттың салдары үлкен соққы болып тигені жан-жақты айтылды.  Бүгінде тарихшылар аталған қос  зұлматтың зобалаңын «Ақтабан-шұбырындыдан» да асып түсті деп бағамдайды. Айта кету керек, кеңестік кезеңде 60 жылға жуық бұл тақырыпта сөз қозғау мүмкін болмады. Тек, тәуелсіздіктің арқасында ғана тарихтың ақтаңдақ беттерін анықтауға мүмкіндік алдық, дейді әдебиетшілер.

Конференцияға қатысушылар 31-мамыр күні тек саяси қуғын- сүргіннің ғана емес, ашаршылықтың да ащы азабы туралы айтуға тиістіміз дейді. Өйткені, бұл тақырып әлі де болса толық зерттелген жоқ. Мәселен, бір  деректерде 1921-1922 жылдары 1 миллион 700 мың адам құрбан болды делінсе, енді бір тарихшылар бұл санды 2 миллион 300 мың деп береді. Ал, шетел ғалымдары болса, аштықтан қырылған қазақ санын бүгін 4 миллионнан асады деп топшылауда. «Қазір өзіміздің ғана емес, шетелдік тарихшылардың да еңбектеріне сүйенеміз. Мысалы ағылшын тарихшысы Роберт Конфестің айтуынша осы ашаршылық жылдары 4 миллион қазақ халқы қырғынға ұшыраған екен», – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің деканы Ақбота Бексейітова.

Алаш тақырыбына арналған шара тағылымды өтті. Ең бастысы, елдің ой-пікірі өткен тарихты зерделеп, жарқын болашаққа қарышты қадам бассақ деген тілекке жетелеген еді.

Осы күні Ақмола облысының барлық мешіттерінде ел азаттығы жо-
лында құрбан болғандардың аруақ-тарына Құран бағышталып, тоғыз ауданда арнайы ауызашарлар берілді.

Ақмарал АЙҒАРА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий