Игі істер биіктерге жетелейді

Екі мыңнан аса халқы бар Красный Яр селолық округі Көкшетаудың іргесінде орналасқан. Селоның әлеуметтік-экономикалық саласында көп ілгерілеудің бар екенін соңғы жылдарғы орын алған жағымды өзгерістерден аңғаруға болады. Мәселен, су, жол, жарықтандыру мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді.

Нұрлан АЙСИН,
Красный Яр селолық округінің әкімі

Тұрғындар елімізде болып жатқан оң өзгерістердің бірқатар игілігін көріп отырғаны да шындық. Дегенмен, алда да тұрмыстың жақсара түскенін қалайтыны тағы рас. Ауылдың абаттануы, көркеюі бірқатар күрделенген мәселелерді шешер еді. Ең алдымен, көрер көзге көрік береді. Тазалық бар жерде талғам да артады. Ал, талғам тұрмысты жақсартады, еңбек етуге құлшындырады. Тек барлығына ықылас-ниет, нақты мақсат керек.
Өткен жылы жұмыспен қамту орталығына жүгінген 133 адамның 127-і жұмысқа орналасты. Соңғы жылдары округте шағын және орта бизнесті дамыту арқылы бірқатар нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Селода 1404 бас ірі қара, 4683 қой, 617 жылқы, 197 шошқа, 5492 үй құсы өсірілуде. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында өз ісін ашуға бел буғандарға, сондай-ақ, мал өсірумен айналысуды ұйғарған адамдарға шағын несие алуға көмек жасалуда. Округте 4 серіктестік, 6 жеке шаруашылық, 4 жеке кәсіпкер тіркелген. Биыл селода 5175 тонна астық, 895,5 тонна майлы дақылдар, 14180 тонна картоп, 4660 тонна көкөніс жиналды. Бірқатар жеке кәсіпкерлер құрылыс материалдарын өндіру, балық шаруашылығы, жылыжай, бал арасын өсіру, тігіншілік сияқты кәсіппен шұғылдануда. Осындай белсенді жұмыстар жүргізудің нәтижесінде әлеуметтік бағытта қордаланған мәселелер сәтті шешім тапты. Бүгінде селода шұжық, жартылай фабрикат өнімдерін шығаратын цехтар облыс орталығын сапалы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі де арта түсті. Соның арқасында ауылда тұрғындар қажетін өтейтін қызмет түрлері жанданып келеді. Орта және шағын бизнесті дамыту қазірдің өзінде қайтарым беруде. Селода шаруасын дөңгеленткен шаруа қожалықтары халыққа ұдайы көмек қолын созып келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік дамып, халықтың тұрмысын түзеуге талпыныс өте жоғары. Бұл ең алдымен тұрғындардың ауызбіршілігінің арқасында дамып, жүзеге асып келеді. Әр азамат өзінің туған жерінің көркейіп өсуіне өз үлесін қосуы керек.
Округте көркейту, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл селода Ленин көшесіне 5935,7 мың теңге қаражатқа жаяу жүргіншілер жолы салынды. Мау-сым айында «Көкшетау Су Арнасы» су мұнарасынан Новоселов көшесіне дейін су құбырларын өткізді. Елді мекендерді абаттандыру бағдарламасы аясында мердігер «Энерго Ровер» серіктестігі Салахов, Заречная, Умышев көшелеріне
2 800,0 мың теңгеге жарық бағандарын орнатты. Сондай-ақ, Сейфуллин, Абай, Целинный көшелеріне автобус павильондары, 6 контейнер алаңдары орнатылды. Биыл Мир, Советский, Шәкеев, Комсомольский, Абай, Салахов, Новоселов көшелерінің жолдары тегістелді. Кеңес үкіметі тұсында салынып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары иесіз қаңырап, қирап қалған, село көркін кетіріп тұратын ескі құрылыс нысандарын күрделі жөндеуден өткізу де қолға алынуда. Бұрынғы аудандық ауылшаруашылығы басқармасы ғимаратының шатыры жөнделіп, терезелері ауыстырылып, жылу желілері, сондай-ақ, «Көкше» мәдениет үйінің күрделі жөндеуіне 9722,6 мың теңге қаражат қарастырылып отыр.
Ел ішінде мерекелік күндер бос өтпейді. Мектеп оқушылары аудан, облыс деңгейіндегі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Тұрмысы төмен отбасылардың жайы үнемі назарда. Мүмкіндігінше көмек жасап, шаруа қожалықтары арқылы отын-су, шөптен көмек жасалады. Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласы да оңтайлы ұйымдастырылған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 32 пәтерлік үш тұрғын үйдің біреуінің жөндеу жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Екі үйдің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде, уақытша жылу мен жарық берілді, жылу батареялары орнатылды. Үй аулалары абаттандырылып, аумақ асфальтталды. Селодағы 18 көппәтерлік үй мен 67 жекеменшік үйлер, №2 қалалық аурухана орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды. Жалпы, округте жұмыссыз адам некен-саяқ. Әрине, осындай игілікті шараларды жүзеге асыруға Елбасы бастамасымен қолға алынған «Жол картасы» бағдарламасының үлкен серпін бергенін атап өткен жөн. Осы бағдарламаның арқасында көптен сәті түспей жүрген талай шаруа тындырылды, көптеген адамдар еңбекке орналасып, тұрмыс жағдайын жөндеп алды. Ел ішінде тұрмысын жақсарта түсуге ниет білдіргендер қатары артып келеді. Халықтың келер күндерге сенімі мол, Елбасы бастаған игілікті істер жаңа өрістерге шығарар деген сенім күшті.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий