Индустрияландыру картасында жаңа нысандар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру және «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Телекөпір аясында еліміздің барлық өңірінен 11 тікелей көрсетілім жүргізіліп, соның барысында Қазақстан Президентіне Индустрияландыру картасының ең маңызды нысандары көрсетілді.

– Біз бүгін металлургия, өнеркәсіп, құрылыс материалдары, машина жасау, көлік және логистика салалары бойынша 25 жобаның іске асырылуын бастадық, – деді Елбасы. Бүкіл еліміз бойынша бір мыңнан астам жаңа өндіріс іске қосылып, 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. Біз бүгін «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алюминий қоспасын шығаратын, ал келешекте автомобиль дискілерін жасайтын жобаны іске қостық. POSKO, «Евразхолдинг», Tenaris, «Полиметалл» сияқты өз саласының көшбасшысы саналатын белгілі трансұлттық компаниялар тартылуда. Бүгінде Қазақстанда 18 белгілі брендке тиесілі автокөлік құралдарының түрлі модельдері жинақталады. Біз оларды Қытайға, Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға және басқа да елдерге экспорттаудамыз, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев шикізаттық емес сектордағы өндіріс көлемін арттыруға және оның ел экономикасындағы маңыздылығына ерекше тоқталды. – Химия өнеркәсібі саласында «Еврохим» трансұлттық компаниясы күрделі тыңайтқыштар шығару жөніндегі зауыттың құрылысын бастады. 14 фармацевтикалық кәсіпорында халықаралық ДжиЭмПи стандарттары енгізілді. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуразиялық мультимодальдік көлік дәлізінің іске қосылғанын және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының аяқталғанын айтты. Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4.0. Индустриясының технологияларын енгізіп, бұл салада индустриялық тұрғыдан дамыған елдермен және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайту қажет екеніне де тоқталды.
Іс-шара соңында Қазақстан Президенті «Алтын сапа» байқауының сыйлықтарын тапсырды. Атап айтқанда, «Үздік индустриялық жоба» сыйлығы – «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлар кеңесінің тең төрағасы В.Литуевке, «Үздік инновациялық жоба» сыйлығы – «Recycling Company» жауапкершілігі шектеулі серістестігінің жоба жетекшісі А.Рябининге, «Сапа көшбасшысы» сыйлығы – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқармасының төрағасы М.Есеновке, «Үздік азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын кәсіпорын» сыйлығы – «Абзал және Компания» толық серіктестігінің директоры М.Ералиевке берілді, «Парыз» байқауының гран-при жүлдесі Евразиялық топтың жетекшісі А.Машкевичке табыс етілді. Бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі өңірлер мен қалалардың рейтингі нәтижесі бойынша арнайы сыйлық Астана қаласының әкімі Ә.Исекешевке берілді. «Парыз-2017» отандық бизнес байқауы бойынша «Іскер» аталымымен «Щучье бу-механикалық зауыты», «Кемел іскерлік» аталымы бойынша «ТНК Агрофирмасы» ЖШС марапатталды.

Степногорск қаласының Ақсу елді мекенінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен өткен индустрияландыру телекөпірі барысында «Қазақалтын Technology» ЖШС алтын өңдеу фабрикасы іске қосылды. Бұл ТМД елдері арасында алғашқы болып жұмысын бастаған, құрамында бағалы металдары бар техногендік минералды түзілістерді өңдеу кәсіпорыны.

IMG-20171206-WA0026Жобаны іске асыру арқылы жылына 7 млн. тонна өнім өңдеуге қол жеткізіледі. Бастапқы кезеңде мұнда «Доре қорытпасымен» жылына 4 тонна алтын және 2 тонна күміс өндірілетін болады. «Қазақалтын» ТКК» АҚ құрамында алтын бар кенді байыту саласында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан еліміздегі ең байырғы кәсіпорындардың бірі. Жыл аяғына дейін концерн осындай екі фабриканы Жолымбет пен Бестөбе ауылдарында іске қосады. Өндіріс орындары пайдалануға берілгеннен кейін 700 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Ақмола облысының индустрияландыру картасына құны 782,5 млрд. теңге болатын барлығы 90 жоба енгізілген. Олардың іске қосылуы 12,3 мың тұрақты жұмыс орнын ашады. 2017 жылдың 1-желтоқсанына дейін аймақта құны 223,6 млрд. теңге болатын 76 жоба пайдалануға беріліп, 7,7 мың жұмыс орны ашылды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий