ИННОВАЦИЯ – келешек кілті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Ақмола облысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған, стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу бойынша қабылданып жатқан шаралармен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуымен танысты.

ҚР Үкіметінің басшысы «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорация» ЖШС ауыл шаруашылығы машинасын жасау кәсіпорнына барды. Бүгінде зауыт жылына 1500 техника шығарады. Келешекте қуаттылықты жылына 5000 техникаға дейін ұлғайтып, 400-ден астам жұмыс орындарын ашу көзделген.
Индустриялық дамумен танысу «Камаз-Инжиниринг» қазақстандық-ресейлік біріккен машина жасау кәсіпорнының жұмысын тексеру кезінде жалғасты. А.Маминге таяу уақытта жылына 2500 бірлікке дейін шығару жоспары бар екені баяндалды.
Сонымен қатар, өңірде ҚР Премьер-Министрі «қарапайым заттар экономикасы» салаларының кәсіпорнын қарады. «Два Кита» ЖШС жыл басынан бері 12,7 мың корпустық жиһаз шығарған. Өнім түрін кеңейтіп, өндіріс көлемін ұлғайту жоспарда бар. Бұл мақсаттарға 1 млрд теңге жеке инвестициялар тартылады. Жалпы, облыста халық тұтынатын тауарларды дамыту бойынша 87,6 млрд теңгеге 71 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Ақмола облысының экономикадағы туризм үлесін ұлғайтуға әлеуеті жоғары. Өңірлік туристік кластерге 700-ден астам нысан кіреді. Премьер-Министрге қаланың көлік және энергетика инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Бұған қоса, Көкшетау қаласының төңірегіндегі Қопа көлінің жағалауын абаттандыру жобасы таныстырылды.
ҚР Премьер-Министрі А.Мамин әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөнінде, сондай-ақ, 2020 жылы Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізуге дайындық, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарын, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру және елорда төңірегін дамыту мәселелері жөнінде жұмыс кеңесін өткізді.
Кеңес барысында Аймақаралық форумға дайындық және оны өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды. Көкшетауда дамыған инфрақұрылым және ыңғайлы көліктік логистика бар. Жалпы алғанда, Форумды өткізу туризм саласында жаңа сапалы өзара қарым-қатынастарды дамытуға қосымша серпін береді, сондай-ақ, Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың кең ауқымы бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге жол ашады.
Сондай-ақ, кеңесте бірқатар министрліктің басшылары туризмді дамыту, курорттық аймақты инженерлік-көлік және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, перспективалық ауылдарды және елорда төңірегін дамыту мәселелері жөнінде сөйледі.
«Туристік саланы дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізін Қазақстанның Топ-10 нысаны құрайды, солардың бірі – Щучинск-Бурабай курорттық аймағы, – деп Асқар Мамин, туризм саласы үлкен үміт күттіретінін айтты. – Туризм көлік пен телекоммуникацияның дамуына, құрылысқа, сауда-саттыққа, ауылшаруашылығына мультипликативті әсер ете отырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инвестициялардың тартылуына және жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасайды».
ҚР Үкіметінің басшысы Щучинск-Бурабай курорттық аймағының инфрақұрылымын жаңғырту және экологиялық жағдайды жақсарту, сапалы әрі қолжетімді сервистік қызметтерді дамыту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. ҚР Премьер-Министрі А.Мамин «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды ерекше бақылауға алуды және республикалық маңыздағы қалалардың төңірегіндегі мәселелерді шешу мен абаттандыруға ден қою керектігін тапсырды.

Ә.Ұланқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий