Исламның құндылығы

Өзінің діндес, қандас, бауырлас, ағайын-қарындастарына шабынған, оларды дінсіз кәпір көрген сәләфшіл, уахабшыл бауырларымыздың қылығы бізге таңсық па? Бұрынғы-соңғы тарихымызда осыған ұқсас жағдай болды ма? Болған екен. Көшпелі Өзбек ордасының ханы, Ақ орда мен Көк орда хандарының ұрпағы, Дешті Қыпшақ ұланы Мұхаммед Шайбани өз қандастары қазақтарға қарсы ғазауат соғысын жариялаған!

Осы Мұхаммед Шайбаниді атасы Әбілхайырдан бастап Шайбанилер, Шайбани әулеті деп жазып та айтып та жүр бәзбір тарихшылар. Шайбани тек Мұхаммедке ғана қатысты айтылады. Ол оның ата-тегі, әулеті емес, бар болғаны әдеби тахаллусы ғана. Тахаллус дегеніміз – шығыс ақындарының көпшілігіне тән әдеби бүркеншік есім, қазіргіше айтсақ псевдоним. Псевдоним тахаллуспен аталу шығыс ақындарында кең жайылған дәстүр. Шайбани есімді тахаллус Мұхаммедтен басқа біраз сарай ақындарында болған. Сол себептен де Шайбани деген атауды әулет (династия) деп қарастырған дұрыс емес. Мұхаммед Шайбани де атасы Әбілхайыр да Жошының баласы Шибақтан кейде Сибақтан тарайды. Шибақ – Ақ орданың негізін салушы хан. Әбілхайыр өз тұсында аталарынан мұраға қалған Ақ орда мен Тоқай Темір ұрпақтары иелік ететін Көк орданы біріктіріп Көшпелі Өзбек ордасының негізін салған. Негізгі халқы – Дешті Қыпшақтың көшпелі ру-тайпалары.
Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани Орта Азияның ірі шаһарларында Бұхарада терең діни білім алған, жоғары медресе бітірген, поэзиямен шұғылданған, мәдениетті ақын болған. Өзіне Шайбани тахаллусын иеленген. Өз иелігінен бөлініп кеткен Керей мен Жәнібек иелігіне өшпес жау болды. Бұқара шәрифтегі діни ғұлама, үлемдерді шақырып, қазақтар кәпір, дінді шала ұстайды, тас мүсіндерге табынады деп пәтуа (фетва) шақырып, ғазауат соғысын жариялайды. Ұзақ ғасырлар ислам дінін ұстанған қандастарын кәпір деп жариялайды. Бұл өзі ішкен құдыққа түкірумен бірдей еді. Дәстүрлі ислам тәрбиесінде өскен бабаларын мансұқтау еді. Өз рухани дүниесін тәрк ету еді. Саяси мақсатқа жету үшін ол ештеңеден тайынбайды. Бабаларын, қандастарын тас мүсінге табынған кәпірлер деп жариялады. Бұдан ол не ұтты? Қандастарының қаһары жіберген жоқ. Қазақтар әлмисақтан мұсылман. Оған ешкімнің дауы болмау керек. Қазірде әсіре діншіл боп жүргендер бізге дінді үйретуде. Әсіресе, дінді жаңа үйреніп жүрген «неосфиттер» қауіпті. Олардың жалаң фанатизмі мен радикалды іс-әрекеттері халықты теріс айналдырады.
Рухани іс-әрекетке өнердің, мәдениеттің, әдебиеттің пайдасы ұшан-теңіз. Қазір өнер мен мәдениеттің көптеген өкілдерін радикалды топтар өздеріне тартып алуда. Бірақ олардан шынайы өнер мен нағыз шығармашылық дүниелер тумайды. Өнер шығармашылық адамдарын белгілі бір дүниетаныммен шектемеу керек. Шығыстың классикалық поэзиясының өкілдерін қарасақ, соншалықты кең дүниетаным мен шығармашылық еркіндікті байқайсың. Біздің қазіргі ақындар, музыканттар, өнер адамдарын қарасақ, белгілі бір дүниетанымдық шеңбердің тұтқындары. Бұрын коммунистік дүниетанымның тұтқыны болса, қазір радикалды исламның (дәстүрлі ислам емес) тұтқыны. Бұл үлкен ұшпаққа шығаруы мүмкін емес. Олар бұрынғы дәстүрлі исламның бесігінде тербеліп келген біздерді мансұқ етуде. Ислам құндылықтарын бір кісідей білетін біздерді әдет-ғұрып, салттың құрбандықтары, құлдары деп есептейді. Ал, түркі жұрттарында, оның ішінде қазақтарда әлмисақтан әдет-ғұрып, салт-сана ислам құндылықтарымен астасып кеткен. Оны білмейтіндер көрсоқырлар ғана. Ең бастысы шайқалып кеткен рухани, имани тұғырларды қалпына келтіру. Мұндай жағдай өткен тарихта да болған. Мұхаммед Шайбани мысалы – соның айғағы.

Сәбит ЖӘМБЕК,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс