Испания чемпионаты мәресіне жетті

Биыл «Реал Мадрид» командасы чемпиондық атаққа қол жеткізді. Екінші орын «Барселонаға» бұйырды. Үздік үштікті «Атлетико Мадрид» командасы түйіндеді. Соңғы турда «Барселона» сырт алаңда «Алавес» командасын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Бұл ойында Лионель Месси 34, 75 минутта қос гол соқты. Ол осылайша биыл өз еншісіне 25 гол жазып, сұрмергендер көшінде озық шықты. 

Сондай-ақ, аталмыш кездесуде «Барселона» сапынан Ансу Фати 24, Луис Суарес 44, Нельсон Семеду 57 минутта мергендігімен көзге түсті. Ал, «Реал Мадрид» сырт алаңда «Леганеспен» кездесті. Ойында «Реал Мадрид» сапынан 9 минутта Серхио Рамос есеп ашты. Оған алаң иелері қатарынан 45 минутта Бриан Хиль бір голмен жауап қайырды. Ойынның 52 минутында корольдік клуб сапынан Марко Асенсио мергендік танытты. «Леганес» ойыншысы Роже Ассале 78 минутта таразы басын теңестірді. Ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Естеріңізге сала кетелік, «Реал» өз тарихында 34-інші мәрте Испания чемпионы атанды. Футболдан Испания чемпионатының алдағы маусымы 12 қыркүйекте басталады деп жоспарланып отыр.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий