Кавказдық таланттар таңдай қаққызды

Кавказдың қызуқанды жігіттері мен қыздарының орындайтын билері батылдықтың, еркіндіктің символы іспеттес. Ол тау халқының мінезін сипаттап қана қоймай, қызуқандылығын береді. Жігерді жаниды, намысты оятады. Аяқ-қолдарының жылдамдықпен, шапшаңдықпен жасаған қимылдарына көзің ілеспейді. Ал, қыздарының су бетінде жүзген аққудай баяу қозғалысы таңдандырады. Хореографиялық шешімнің кәсібилігіне, бишілердің шеберлігіне, атадан балаға мұра болып келе жатқан өлмейтін мұрасын көздің қарашығындай сақтауына ризашылықпен қол соғасың. «Ингушетия» мемлекеттік халық би ансамблі биыл екінші жыл көкшелік көрерменге өзінің концерттік бағдарламасын ұсынды. Ингушетияның Қазақстандағы мәдени күндері аясында жасалып жатқан шаралар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орайластырылған. Концертке арнайы келіп қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов ұжым директоры Магомет-Башир Досхоевқа алғысын білдіріп, облыс әкімі Сергей Кулагиннің Ингушетияның Мәдениет министрі Марет Газдиеваға жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Тараптар өзара сыйлықтармен алмасты. Көкшелік көрермен Солтүстік Кавказдағы ғана емес, Ресейдегі ең үздік ұжымның өнеріне тәнті болды.

Ансамбльдің әр мүшесі – виртуоз, яғни өз ісінің хас шебері. Олардың репертуарында Кавказ аумағындағы халық фольклорының барлық үлгілері сақталған. Мысалы, халықтың көңілінен шыққан номердің бірі – көпэпизодты «Кавказ сюитасы» хореографиялық композициясы болды. Онда Кавказ халықтарының би өнері толық ортаға салынды. Костюмдеріндегі өзгешелік, қайталанбайтын би қимылдары, бірін-бірі толықтырған шығармашылық байланыс жарасымды-ақ. Ал, этнографиялық композицияда ертедегі эпикалық жырлардың кейіпкерлері сомдалып, кіршіксіз пәк сезім мен лайланбаған көңілді көз алдымызға әкелді. Әр би әдемілігімен есте қалды. Жігіттер асқан шеберлікпен өте күрделі, аяқтың ұшымен ғана жүріп жасалатын қимылдары арқылы ингуш халқының әсемдігіне тәнті етті. Биікке секіру, жерге жылдам тізерлей отырып, жылдам тұру, қолдарын қыранның қанатындай сомдап, денесін сымдай тік, басын биік көтере халықтың ар-намысын ортаға салуы кез келген бишінің қолынан келе қоймайтын қимыл-әрекеттер. Әсіресе, Ингушетия Республикасының Халық әртісі Джабраил Богатыревтің аяқтың ұшымен билеуі оның визит карточкасы болса керек. Биші қыздардың көл бетінде жүзгендей біркелкі жылжуының өзі ерекше әсер қалдырады. Олардың қол қимылдарында да бір өзгешелік бар. Әрине, бәрін сөзбен айтып жеткізу қиын, оны көргенде ғана көзің жетеді. Костюмдері де нағыз дизайнерлік шешімнің нәтижесі. Әр номерге арналған сахналық киімдерінің түсі, безендірілуі, қанық бояуы көз қызықтырады. Көрермен «Таудағы таң», «Кавказдағы карнавал», «Асса», «Бұлақ басындағы кездесу» композицияларынан кейін ұзақ қол шапалақтап, көпке дейін әртістерді сахнадан жібермеді. Ингушетияның халық әртістері Луиза Эльжуркаева, Алаудин Эсмурзиев пен халықаралық конкурстардың
лауреаты Рахман Беков залды жандандырды. Әсіресе, Рахманның орындауындағы әндер шабыттандырып, шаттандырды. Өйткені, залдағы көрерменнің басым бөлігі жергілікті ингуш халқының өкілдері еді. Олар ата-баба мұрасын көзінің қарашығындай сақтауға әдеттенген. Концерт барысында шын ықыластары мен ниеттерін ортаға салды.

«Ингушетия» мемлекеттік халық би ансамблінің өнерін Польша, Германия, Италия, Франция, Испания, Түркия елдері тамашалаған. Кавказ баурайынан келген талантты ұжымның өнерін Астана, Қарағанды, Павлодар, Щучинск, енді міне, Көкшетау қаласының тұрғындары да тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Ингушетияның Қазақстандағы мәдениет күндері аясында облыс орталығына гастрольдік сапармен келген қандастарын облыстық шешен-ингуш ұлттық орталығының жетекшісі Герихан Яндиев құттықтады.
«Ингушетия» мемлекеттік халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, Ингушетияға және Шешенстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Руслан Гадаборшевтің айтуынша, оның әке-шешесі біздің өңірде тұрыпты. Сондықтан да ол жастық шағы өткен Көкшетау қаласын жанындай жақсы көреді. Қазіргі таңда тарихи отанында тұрып жатқан ата-анасының қиын-қыстау кезеңде қолұшын беріп, бауырына басқан қазақ халқына деген ыстық сәлемін қуанышпен жеткізді.

Концерттен репортажды жүргізген Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс