Кездесуге қорқамын

 

Жақында ғана әлеуметтік желілердің бірінен американдық бойжеткен Джессиканың жиырма жылдан кейін сыныптастар кездесуіне бармай қалғаны туралы оқыдым. «Неге?» деген сұрақ туындауы заңды. Өйткені, оны бала күнінде сыныптастары түріне, киім-киісіне, жүріс-тұрысына дейін кемсітіп, мазақ етіп келген. Ол, тіпті мектеп дәлізінде тұрмақ, көшеде жүруге ұялатын. Себебі, сыныптастары қолын шошайтып, мысқылдап күліп, келемеж еткен. Ал, сабақ үстінде болсын, үзілісте болсын ұлдар оның қимылдарын, қылықтарын қайталап, сайқымазақтардай өзгелердің табалауына салып берген. Енді міне, жиырма жылдан кейін оны сыныптастары іздестіріп, кездесуге шақырып жатыр. Өзіңіз ойлап қараңыз, бала күніңдегі өкпе-назың жүрек түкпірінде сақталып, хатталып қалмай ма? Сол бойжеткеннің орнында болсаңыз, сіз қайтер едіңіз? Сіздің де сыныбыңызда сондай бала болған шығар. Әрине, болды. Осы ойталқыны оқып отырған болса, ол да осындай күйді басынан кешіп отыруы әбден мүмкін.

Кімді алсаңыз да сол балалық шағына қайта оралуды аңсайды. Таңнан қара кешке дейін ойын қызығына түскен кездерін жиі есіне алады, сағынады. Ал, достарымен кездескен кезде соның бәріне қайта оралады. Солай ғой. Әрине, солай. Балалық шақ адам қанша қартайса да жадынан өшпейтін, өмірінің соңына дейін санасында үнемі жаңғырып тұратын қайталанбас кезең. Егер сені сыныбыңда үнемі төмендетіп, кемсітіп келген болса, есейгенде де сол көзқарастың шеңберінен шыға алмайсың. Сыныптастарыңмен кездесуден қашасың. Өйткені, олардың көзінде сен сол баяғы балалық шақтағы бейнеңмен қалып қойдың. Қызметің өскен шығар, түрің де өзгерген шығар, басқа ортамен араласып, ойың да өзгерген шығар. Бірақ сол кезеңді өзгелердің жадынан өшіре аласың ба? Бұл өте қиын, әрі күрделі мәселе, меніңше.

Біз ауылдық жерде өстік. Бір отбасы орташа, бір отбасы өте жақсы, енді бір отбасы төмен деңгейде өмір сүрді. Бәріміз бірдей форма киіп, мектепке барып жүрсек те, әр отбасының өмірі алақандағыдай ауылдықтардың бәріне белгілі болатын. Бірінің анасы ішімдікке жақын болса, енді бірінің әкесі көшеде лаңдатып жүрді. Ал, ол кісілердің баласы біздің сыныпта оқитын. Ол өзінің жағдайы басқаларға қарағанда өзгеше екенін біліп, өзін қорсынатын. Сабаққа көп келмейтін, қашып жүретін. Сыныптастардың отырыстарынан да қашқақтайтын. Мәселе бұл жерде киімде емес, баланың өзін кемшін сезінуіне ата-анасының себепкер болуында. Сол бала бүгінде зіңгіттей жігіт болып, отбасын құрды. Бірақ әлі де сыныптастармен кездескенде көзін тайдырып әкетіп, төменшіктеп, тартыншақтап тұрады. Міне, бала күндегі бойда қалып қойған жасқаншақтық мінез осы. Ол есейгенде де көлеңке сияқты соңыңнан қалмай қуады да жүреді. Негізі балалар өте қатыгез келеді деген қағида бар. Оны біз көріп те, сезіп те жүрміз. Егер мектепте бір мұғалім оқушыларға ұнамаса, ол кісінің балаларына да көзқарасы өзгереді екен. Үзілісте аяқтан шалу, түртіп қалу, келемеждеу, өзге оқушылардың алдында мазақтап, күлкі ету, тіпті бойжеткен мен бозбала шаққа жеткенде де, кешкісін қыдырыстауға шыққан әлгі қыздың немесе ұлдың әдетінше жолын кес-кестеп, жүргізбеу сияқты кері әрекеттер жасайтындар табылып жататын. Мектеп бітіріп, бәрі жан-жаққа тарап, бірі
ауылда қалып, бірі оқуын қалада жалғастырады. Бірінің қызметке қолы жетеді, бірінің табысы асып түседі, енді бірі қарапайым тірлік кешеді. Бірақ бала күндегі саған сыныптастарыңның көзқарасы өзгеріссіз қалғандай көрінеді де тұрады. Неге екені белгісіз. Олар есейді, ақыл тоқтатты. Айтар ойы жүйеленді. Сөзі түзелді. Саған деген көзқарасы мүлдем өзгерді. Өйткені, олар өмірдің түрлі кезеңдерін басынан өткеріп үлгерді. Сабақ алды. Бірақ неге екені белгісіз, кездескен кезде сен бәрібір қуыстанып, іштей қиналып, жаныңды жегідей жейсің. Міне, дәл осындай жағдайды жоғарыда айтқан американдық қыз да басынан өткеріп отыр. Сондықтан сыныптастарына хат жазып, ағынан жарылды. Олармен кездескісі келмейтінін айтты. Одан кешірім сұрағандар да болды. Бірақ қанша жыл өтсе де жан жарасы еш жазылмайды екен. Ақыры, Джессика кездесуге жинайтын қаржыны сыныптастарына емес, қайырымдылық қорына аударды. Сөйтіп көңілі тыншыды. Бұл бір ғана өмірден алынған мысал. Ал, сіз балаңыздың өз сыныбында қаншалықты сыйлы екеніне назар аударып жүрсіз бе? Ол да күні ертеңдері сыныптастарымен кездесуге қорықпай ма? Соны ойлаңыз. Кеш қалмаңыз.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий