Кезек күттірмейтін мәселелер

Қала әкімі Ермек Маржықпаевтың өткізген үш отырысы коммуналдық саланы қамтыды. Алғашқысы, Зеренді бағытындағы саяжайларда тұрып жатқандарға қатысты болды. Қазір мұнда 100 отбасы баспана тұрғызып немесе ескі саяжай үйлерін жөндеп алыпты. Олар қала әкімінен осы бағытқа автобус қатынасын реттеуді сұраған, әрі қыс айларында жүру қиындап, ол маңды қалың қар басатыны да белгілі.  Заң бойынша оларға бөлінген жер учаскесі саяжайлар ұйымына қарайды. Сондықтан бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Дегенмен Ермек Боранбайұлы білім бөлімінің жетекшісіне осы саяжайларда жыл бойы қанша бала тұратынын анықтауды және сол жерден үшінші тоқсанның басына дейін №21 мектепке баратын балаларды тасымалдауды ұйымдастыруды тапсырды.

«Наше время» ҚБ төрағасы Владислав Шуль жылу маусымына қатысты тұрғындардың өтінішін жеткізді. Мысалы, «Юбилейный» және «Боровской» мөлтек аудандарындағы үйлер қыстың күні суық болады. Бұл жыл сайын қайталанатын құбылыс. «Көкшетау Жылу» мекемесінің бас директоры Сергей Жуковтың айтуынша, аталған мөлтек ауданның мәселесінің бу қазандықтарының жұмысына еш қатысы жоқ. «Биыл үйлердің ішкі жылу жүйесін жаңғыртуға қатысты ауқымды шаруалар тындырылды. Заманауи материалдар қолданылды. Үнемі бақылауда ұстап отырмыз. Биыл жылу қалыпты деңгейде беріледі деп айта аламыз»,- деді өз сөзінде мекеме басшысы.

Көкшетау қаласын 1-ші және 2-ші бу қазандықтары жылытады. Ауа температурасы -20-дан төмен түскенде мазут қазандықтары іске қосылады. Олар көмірмен жағылатын қазандықтарға қарағанда екі есе қымбат. Қазір қор жинақталды, сондықтан көкшетаулықтарға алаңдайтын еш негіз жоқ.

Шульдің айтуынша, тұрғындардың басым бөлігінің жылу есептегіштерінің жұмысына көңілі толады.  Қазір оны халықтың 85 пайызы  тұтынып отыр.

Жиын барысында жылуды бақылайтын арнайы комиссия құру қажеттігі айтылды. Оның құрамына әкімшілік қызметкерлері, бу қазандығының, қоғамдық кеңестің, мемлекеттік емес сектордың, БАҚ өкілдері мен депутаттар кіруі тиіс. Егер қыс мезгілінде халықтан шағым түсетін болса, осы комиссия мүшелері жағдаймен танысып, шешім шығарады.

«LS Kokshetau» ЖШС бас директоры Сергей Лучинский Көкшетау қаласында тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын пункттің жобасымен таныстырды. Компания 2004 жылдан жұмыс істейді және қалада осындай екі пункт ашып, қоқысты түріне қарай бөлетін 15 контейнер орнатқан. Тұрмыстық қалдықтар тюктарға сұрыпталып, Алматы, Қарағанды, Петропавл зауыттарына жіберіледі. Кәсіпорынды кеңейтіп, қаланың әр мөлтек ауданында қабылдау пункттерін ашып, контейнерлер орнату жоспарда бар. Қала әкімі бұл бастаманы құп алды, әрі облыс орталығының экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етеді деді.

 

                                                    Көкше ақпарат

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий