Кезеңдік жаңа мазмұнға көшу – уақыт талабы

Көкшетау қаласы мұғалімдерінің жаңа оқу жылы қарсаңындағы тамыз конференциясы «Білімді ел- мәңгі ел» тақырыбымен өтті. Оның жұмысына қала әкімі Ермек Маржықпаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса, ардагер-ұстаздар қатысты. Конференция барысында алдағы оқу жылына қойылатын міндеттер айтылып, өткен жылғы жетістіктер мен кемшіліктер ортаға салынды. Биыл Көкшетау қаласының мектептеріне 52 жас маман жұмысқа келіпті. Үштілділік бағытында жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған жас мұғалімдер оқушыларға химия, физика, биология пәндерін ағылшын тілінде жүргізбек. Конференция барысында жас мамандар өзінің қазақ, орыс және ағылшын тілін жетік меңгергендігін көрсетті. Заманауи талапқа сай мұғалімдердің алғырлығына қала әкімі оң бағасын беріп, оларға қашанда қолдау көрсетілетінін айтты.

«Достар» мәдениет сарайының фойесіндегі көрмені аралап көрген қала әкімі Ермек Маржықпаев сол жерде білім саласының жетістіктеріне орай жаңа оқу жылына қатыс-
ты ой бөлісті. Ең басты назар білім ошақтарына жұмысқа келіп жатқан жас мамандарға аударылды. Жалынды жастардың жаңаша көзқарастары, балаларды тәрбиелеуге құлшынысы ниеттерінен-ақ байқалып тұр. Сондықтан да оларды қолдау қажет. Көкшетау қаласында бүгінгі таңда 40 мектепке дейінгі мекеме бар. Онда 1 мен 6 жас аралығында 6359 балдырған тәрбиеленуде. Жаңа балабақшалардың ашылуымен алдағы екі жылда бөбекжай жетіспеушілігі толық шешімін табады. Бұл мемлекеттік мекемелермен қатар, жекеменшік балабақшалардың ашылуының арқасында жүзеге асырылмақ. 10 мекемеде тілдегі кемістігі бар балдырғандарға арналған 14 логопед тобы жұмыс істейді. Қосымша 4 топ дамуында тежелу бар балаларға арналған. Балабақша тәрбиешілері де табыссыз емес. Биылғы «Үздік педагог-2016» байқауының Гран-при жүлдесін №2 «Жұлдыз» балабақшасының тәрбиешісі Айгүл Қабдуәлинованың иеленуі соның айғағы. Білім саласындағы кезеңдік жаңа мазмұнға көшу биылғы оқу жылында 1-ші сыныптарда басталады. Олар 5 күндік маусымға ауысады. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов-
тің баяндамасында айтылды. Биыл 1-ші сыныпқа баратын бала саны шамамен – 3200, былтыр – 2800 болған. Қала әкімі сыныптардың жетіспеушілігі қиындық туғызуы мүмкіндігін алға тартты. Сондықтан қосымша кабинеттер жабдықталып, мектеп табалдырығын енді аттаған балалардың дұрыс білім алуына назар аударылуы тиіс. Өйткені, қазірдің өзінде қала мектептерінде 5 мың балаға орын жетіспейді. Осыны да ескерген жөн.
Педагогтардың тәжірибесін жетілдіру үшін Кембридждік жеті модуль идеясы шеңберінде мектеп пәндерін оқыту бойынша деңгейлік мұғалімдер семинарларға, конференцияларға және дөңгелек үстелдерге қатысқан. Биыл №2, №6 орта мектептерінде жаратылыстану-математика және гуманитарлық бағытқа арналған лицей кластары, № 1, №11 және №3 Красный Яр орта мектептерінде гимназия кластары ашылған. Ал, №3 Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектеп кезең-кезеңмен көптілділікке көшірілуде. 2016-2017 жылғы оқу жылында бұл білім ошағының 6-8 сыныптарының бірқатарында, №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясында, №1, №6, №17 орта мектептерде физика, химия, информатика пәндері ағылшын тілінде жүргізіле бастайды. Оқушыларға Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің көптілділік факультетін тәмәмдаған жас мамандар сабақ бермек. Конференция барысында олар да сөз алды. №17 орта мектепке биыл келген жас маман Юлия Березняк химия пәнін ағылшын тілінде өткізетін болады, №3 Мәлік Ғабдуллин атындағы мектепте физика пәнін ағылшын тілінде жүргізуге бел байлап отырған Руслан Савельев ортаға шығып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жас маман Жадыра Тұрсын да үш тілді жетік меңгергендігін көрсетті. Үш маманның көзінде от, жүрегінде жалын. Жас ұрпаққа жаңаша бағытта тәрбие беруге дайын. Тек өздері жұмысқа орналасқан жаңа ортада қолдау болса, алып-ақ кеткелі тұр.
Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша көкшетаулық оқушылар Ұлттық Бірыңғай тестілеуде төмен нәтиже көрсетті. Тіпті «Алтын белгі» иегерлерінің өзі межелік деңгейді бағындырмады. 107 түлектің тек 28 пайызы ғана грантқа оқуға түсті. Бұл ойлантарлық жағдай. Сондықтан қала әкімі Ермек Маржықпаев жаңа оқу жылында осы мәселеге ерекше көңіл аудару қажеттігін тапсырды. Облыс орталығындағы мектептерді оқулықтармен 100 пайыз қамтуға 124 миллион теңге бөлінді. Күрделі жөндеу жұмыстарына 100 миллион теңге берілді. Келесі жылы ол 150 миллионға дейін көбеймек. Қалалық білім бөлімі жетекшісінің айтуынша, тілінде мүкістігі бар балаларға арналған оқу ғимараты қажет. Олармен дефектолог мамандар жұмыс істеуі тиіс. Қала басшысы бұл алдағы күннің еншісінде, оған биыл баса мән берілетінін айтты. Білім берудегі жетістіктері үшін №6 орта мектеп «Білім беру жүйесіндегі үздік ұйым» деп танылып, 18 миллион теңгенің сертификатын жеңіп алған еді. Конференция барысында осы білім ошағының директоры Айшолпан Самбаева сөз алды. Ол «Жаңарған білім беру мазмұнына көшу» туралы баяндамасында өзі жетекшілік ететін білім ошағының жаңашылдықтарын ортаға салды. №11 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Чмеленко білім берудің жаңа стратегиялары мен бағалаудың жаңа жүйесіне тоқталды. Бастауыш сыныптағы білімнің негізінде оқушының даму деңгейі анықталады. Сондықтан бастауыш сыныпта берілген сапалы білімнің маңызы зор. Қазір мұғалімдер заманауи оқыту жүйесіне бейімделіп жатыр. Конференция барысында осыған мән берілді. №33 балабақша әдіскері Аягөз Қаппасова да балабақшалардың жаңа өзгерістерге дайындығына тоқталды. Мектепалды мекемелердің білікті мамандарының тәрбиесінен өткен балалардың мектеп жүйесіне көшуі жеңіл, әрі жылдам болмақ. Бұл туралы да кеңесте айтылды.
2015-2016 оқу жылындағы білім ұйымдарының жұмыс қорытындысы бойынша ұстаздарды марапаттау рәсімі жиынның нүктесін қойды. Бұл күні қала әкімі Ермек Боранбайұлының қолынан «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісін №16 орта мектептің зейнеткері Балжан Төлемісова алды. Оқу және тәрбие бірлігін қамтамасыз ету, білім беру және тәрбиелеу үрдісін ұйымдастыру мен жетілдірудегі елеулі табысы үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен Манар Рыспаева, қажырлы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен №14 орта мектептің география пәнінің мұғалімі Салтанат Досанова марапатталды. Бұл күні жас ұрпақты біліммен қаруландырып, жақсы тәрбие беруге қосқан үлесі үшін облыс әкімінің, қала әкімінің Алғыс хатына, құрмет грамотасына, облыстық білім басқармасының Құрмет қағазына қала мектептерінің ұстаздары ие болды. Мектепке дейінгі ұйымдар арасында 1-ші дәрежелі дипломмен және 588 мың теңгенің сертификатымен №2 «Жұлдыз» балабақшасының педагогикалық ұжымы, 2015-2016 оқу жылында Көкшетау қаласындағы мектептер арасында жоғары көрсеткішке ие болған №21 орта мектептің ұжымы 1-ші дәрежелі дипломмен және 1 миллион 88 мың теңгенің сертификатымен, дәл осындай дәрежелі дипломмен және робототехника кабинетін алу үшін 1 миллион 165 мың теңге сертификатымен Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілдік мектеп-гимназиясы, 2 миллион 380 мың теңгенің сертификатымен №5 «Таңдау» көпсалалы гимназиясының ұжымы марапатталды. Білім саласына жетекшілік етудегі табысты еңбегі үшін қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатына ие болды. Кеңес соңында педагогтар мен білім саласының ардагерлеріне Көкшетау қаласы әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан ықылас гүлі тарту етілді.

Гәкку Асылбекқызы,
арнаулы тілшіміз.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс