Кейкі батыр кесенесі туған жері Торғайда бой көтерді

Халық арасында Кейкі батыр атанып, аты аңызға айналған Нұрмағанбет Көкембайұлының күрделі тағдыры қалың жұртшылыққа кеңінен мәлім. Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Әбдіғаппар хан мен даңқты қолбасшы Амангелді Имановтың қанды көйлек серігі, құралайды көзге атқан мергендер тобының жетекшісі, мыңбасы Кейкі батырдың туған жерінде, Арқалық – Торғай тас жолының 65 шақырымында, ел назарын аударатын еңселі бір мазар бой көтерді. Көрген жанның көңіліне қона кететін тамаша сәулет туындысы аты кеңінен мәлім, талантты сәулетші Бек Ыбыраевтың байырғы қолтаңбасын айқын аңғартып тұр.

20170804140158Жат жерде 93 жыл бойы жатқан батырдың кесілген басын Қазақ елінің басшылары мемлекетаралық келісім арқылы алдырып, оған Венгрия мен Германияның білікті антропологтарының зерттеуі жүргізілгендігі, батырдың ықтимал кескін келбетінің жобасы жасалғаны қалың көпшілікке етене таныс. Мемлекеттік тұрғыдан назар аударылып, арнайы қаржы бөлініп салынған кесенеге батырдың сүйегін жерлеу рәсімі де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған үкіметтік делегацияның қатысуымен жоғары деңгейде өткізілді. Құран оқылып, діни дәстүрімізге сай жерлеу рәсімдері жасалды.
Азалы жиында сөз алған ҚР Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіхалықова, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы С. Досанов, ҚР Парламенті сенаторы, батырдың ұрпақтарының бірі С.Ақылбай даңқты батырдың туған халқымен қауышуына, туған жері «Тасты» елді мекенінен мәңгілік мекен табуына табандылық танытқан Ел басшыларына ризалықтарын білдірді. Ел тәуелсіздігінің тағы бір дәлелі осы екендігін тебірене жеткізіп жатты.
Арнайы тігілген киіз үй қалашығында Кейкі батырға арналып ас берілді. Палуандар күш сынасып, ат жарысы ұйымдастырылды. Арқалық қаласында «Кейкі батырдың өмірі мен өлімі» атты тақырыпта ғылыми теориялық конференция өткізілді. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ…» деген тақырыпты нысанаға алған ақындар айтысында өнер көрсеткен республиканың әр түкпірінен келген суырыпсалма 12 ақынның алды машина мініп, бас-аяғы 7 айтыскер жеңімпаз атанып, жүлделерін бөлісті. Киелі Торғай жерінде жарқ еткен ұлт-азаттық көтерілісінің бас Батыры, туған халқының бақыты үшін басын тіккен әйгілі «Қол мерген» Кейкі батырдың даңқы атына лайықты бой көтерген еңселі кесене – ендігі жерде Елінің қамқорлығында, аялы құшағында! Аруағына бас иіп, тағзым етер қасиетті мекеннің біріне айналары сөзсіз.
Киелі шараға қатысып қайтқан Ақмола облысының арнайы делегациясы құрамындағылар да осындай ой-тебіреніспен оралды.

Ж. Маратұлы.
Көкшетау – Арқалық.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс