Келешек кемел істермен келісті

DSC_6909

Бұған дейін тоғыз округте жұртшылық алдында есеп берген Көкшетау қаласы әкімінің түйінді жиыны «Достар» мәдениет үйінде қорытындыланды. Есепті кездесуге облыс әкімі Мәлік Мырзалин, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Бәйімбетов, Көкшетау қаласының құрметті азаматтары мен облыстық, қалалық мекемелердің басшылары, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Есепті кездесу алдында қала жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда  түрлі саладағы көкшетаулық тауар өндірушілер өз өнімдерін келушілер назарына ұсынды. Көрмеге «Бижан», «Нәтиже» кәсіпорындарының ет-сүт өнімдері, «Тау Конның»  кондитерлік өнімдері, «Тыныс», «Енки», «Көкшетау минералды сулары» сияқты ірі кәсіпорындардың тауарлары қойылды. «Зеленстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ландшаф дизайнын жасаған бұрыш көпшіліктің көңілінен шықты. Тұрғындар алдында Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев қаланың 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттер туралы баяндамасын Елбасының биылғы Жолдауынан бастау алған өнеркәсіп, шағын және бизнес, мәдениет ошақтары мен денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы атқарылған істерді саралап, нақтылаудан бас-тады. Экономиканың негізі болып табылатын өнеркәсіп өндірісі жоғары қарқынмен дамып келеді. Өткен жылы қаладағы өндірістік кәсіпорындар 101,8 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Индустрияландыру картасы бойынша 20,2 миллиард теңгенің 17 жобасы жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 1257 жаңа жұмыс орындарын ашуға қол жеткізілмек. «Вектор комбайн зауыты» ЖШС жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Бұған қосымша әлеуметтік маңызы зор 10 нысан іске қосылды. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында өткен жылы аймақтық үйлестіру кеңесімен 130 миллион теңгенің 13 жобасы мақұлданды. Былтыр ауылшаруашылығы бойынша 4,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.

DSC_6947

Халықтың тұрғын үйге деген сұранысын өтеудің бір жолы – құрылыс қарқынын дамыту болса, өткен жылы 158,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, әсем ғимараттар бой көтерді. Бюджет қаражаты есебінен 17 көппәтерлі үй құрылысы қолға алынып, оның 5-уі пайдалануға берілді, биыл 12 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, 15 тұрғын үйдің құрылысы бас-талады. Биыл көптен күткен Неке сарайының ел иігілігіне берілуі көкшетаулықтар үшін маңызы зор оқиға болды. Жаңа шіркеу құрылысы, қайта жаңғыртылатын «Революция күрескерлері» мәдени-демалыс саябағы қала келбетіне көрік береріне сенім мол. Маңызды инфрақұрылымдарды одан әрі дамыту мақсатында жылу магистральдары жаңартылып, Әуезов көшесі бойындағы 108 пәтерлік тұрғын үйде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілер тартылды. «Васильковка» мөлтек ауданының солтүстігіндегі 94 және 28 гектар аумақ және Қылшақты өзенінің айналасындағы 72 гектар аумақтың түбегейлі жоспары жасалды.

Білім беру саласындағы басым бағыт – мектепке дейінгі ұйымдарды көбейту және мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту. 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 93 пайызды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға артық. Қосымша 331 орын ашылды. «Мирас» жаңа балабақшасы ашылып, «Мир знаний», «Айгөлек», «Балапан» жекеменшік балабақшалары кеңейтілді. Аталған мәселе кезең-кезеңімен шешуді талап етеді. «Боровской» мөлтек ауданында 280 орындық балабақша құрылысы жүруде. «Юбилейный» мөлтек ауданында 280 орындық балабақша құрылысының жобасы жасалды. Биыл 156 орындық жекеменшік балабақшалар ашылады деп күтілуде. Жалпы білім беретін мектептердегі жүктеме мәселесі біртіндеп шешілуде. 2017 жылы Ұлттық қор есебінен «Нұрлы жол» бағдарламасы  аясында 1,4 миллиард теңгенің 2 жобасы жүзеге асырылды. Бұлар: №18 орта мектебіндегі 420 орындық қосымша ғимарат және 900 орындық жаңа мектеп құрылыстары. Аталған нысандар биыл пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек №13 мектеп-гимназиясында 420 орындық, №1 орта мектебінде 600 орындық, №4 орта мектепте 250 орындық қосымша ғимарат құрылыстарын салудың жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Биыл қаланың бірқатар мектептеріне «Ақылды мектеп» жүйесі енгізілмекші. Өнеркәсіпті дамытпай, табысқа қол жеткізілмейтіні белгілі. Күн санап көркейген қалада халыққа өз қызметтерін ұсынған шағын және орта бизнесте де ілгерілеушіліктер байқалады.

Әкімдік инстаграмындағы пікірлер

shkola18_kokshetau: Сәкен Жүнісов атындағы №18 орта мектеп-лицейіне қосымша 420 орындық бастауыш сыныптарына арналған ғимарат туралы Е.Б.Маржықпаев өзінің жылдық есебінде атап өтті. Бұл оқушылар және педагогикалық ұжым, ата-аналар үшін үлкен қуаныш. Қала әкіміне алғысымызды айтып, ризашылығымызды білдіреміз.

alla_arnautova: Біздің қалада осындай ауқымды жұмыстар жүріп жатқанына өте қуаныштымыз. Жуық арада «Жайлау» мөлтек ауданының инфрақұрылымы орталық аудандардан кем болмайды деген үміттеміз.

rimmakadyrova: Жаңартылған білім беру бағдарламасы қала әкімдігінің басты назарында. Жас ұстаз ретінде алғыс білдіремін!

aigul_a2016:  Біздің аула туралы да айтылды. Керемет! Балалардың атынан алғыс айтамыз.

utebayev.zh:  Қала Е.Маржықпаев келгеннен бері көркейіп өсуде. Ол кісіге Алла жар болсын!

botagoz1512: Өз жерінің нағыз патриоты!!! Біздің қаланың және халқының тағдыры алаңдататын адам дәл осы кісі. Сізге денсаулық тілеймін. Осы орныңызда ұзағырақ отырып, қаланы көркейте беруіңізге тілектеспін!

akmaral1108: Қала әкіміне ана-әже ретінде айтар алғысым шексіз, немерем уақытында балабақшаға барды және жастарға жасалған жеңілдік арқасында балам баспаналы болды.

tairhan1234: Мен Көкшетау қаласында тұрмаймын. Бірақ жиі келіп жүремін. Бұл қала маған өте ұнайды. Қала әкімінің жұмысы жайлы БАҚ құралдарынан біліп отырамын. Оны қатты сыйлаймын. Қалаңыз гүлдене берсін!

Уақыт өткен сайын қаланың коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға негіз бар екенін көреміз. Әсіресе, су құбырларын, қаланы абаттандыру, санитарлық тазалық, көгалдандыру, көше жөндеу, жарықтандыру жұмысы да шешімін табуда. Былтыр Васильковка, Центральный, Юбилейный мөлтек аудандарындағы үй аулаларында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Барлығы 60 аула қамтылды. 22 ойын алаңы, 13 спорт, сондай-ақ, 4 воркаут алаңдары орнатылды. Тәшенов көшесінің жолына күрделі жөндеу жүргізілді. Келер жылы Ғабдуллин көшесінің жолы жаңартылады. Қаланың шеткі аймақтары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Бірлік мөлтек ауданы, Станционный кенті мен Красный Яр селосының жолдарына да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, қала бойынша 52 көше жолдары жөнделді. Қалада лифт шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Соңғы үш жылда 58 лифт жөндеуден өтті. Өткен жылы 19 лифт қалпына келтірілді, биыл аталған жұмыс толық аяқталатын болады.

Облыс орталығының сыртқы келбетіне де баса назар аударылуда. Даңқ аллея-сы, Тәуелсіздік алаңы, Ауған аллеясы, қалалық саябақ, Қопа көлінің жағалауы қалалықтар үшін демалыс орнына айналуда. «Жастар», «Теміржолшылар» аллеялары, Бұқпа тауындағы баспалдақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді. Ескерткіштер мен архитектуралық нысандар да жаңартылуда. Бұл жұмыстар алда да жалғасатын болады, биыл қалалық бюджеттен 17 ойын, 7 спорт алаңын орнатуға 120 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр. Облыстық бюджет есебінен 564 миллион теңгеге Абай, Тәшенов, Әуезов, Пушкин көшелерінің аулаларында абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Биыл Юбилейный мөлтек ауданындағы абаттандыру аяқталады, 15 аулаға жөндеу жүргізіледі. Қылшақты өзені, Ғабдуллин, Набережная мен МПС аумағындағы, сондай-ақ, Чайкинодағы көпірлер жөнделетін болады. Биыл қаладағы Мир көшесін Абай көшесінен Уәлиханов көшесіне дейінгі, Вавилов көшесі бойымен Көкшетау-Зеренді автомобиль жолынан Жайлау мөлтек ауданына дейінгі, Нау-рызбай батыр көшесіне Кенесарыдан Янко көшесіне дейінгі аумақтағы көше жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Көкшетау жыл өткен сайын құлпырып, ажарлана түсуде. Түрлі көрікті орындар пайдалануға беріліп, сәулеті жарасқан қалаға айналуда. Бірақ, осы сәулетті құртып тұрған бір нәрсе бар, ол –  тазалық мәселесі. Жергілікті билік те Көкшетауды таза қалаға айналдыру үшін барын салуда. Пәтеріміз таза болса болды, ауланың тазалығында шаруамыз жоқ. Кейбір тұрғындар, тіпті үйлерінен шығарған қоқысын сіздің есік алдына, болмаса, лифтінің жанына, шыға беріс жерге тастап кете барады. – Тазалық баршаға ортақ десек те, кейбір мөлтек аудандардың сыртқы көрінісі жұтаң. Бірақ, жалпы қала тұрғындары бұл іске араласпаса, жұмыстың нәтижесіз бола беретіні белгілі нәрсе. Бұл күнде ұсақ құқықбұзушылық қоғамда күрделі мәселеге айналып отыр. Осыдан бірер жыл бұрын қалада эстетикалық талғамға сай 30 шақты шыны аялдамалар орнаттық. Бүгінде оның 10-ы ғана қалды. Қала бойынша 133 камера болғанымен, бәрін бақылау мүмкін емес. Аллеялардағы орындықтар, қоқыс жәшіктері де жиі жоғалады. Егілген гүлдер де жоқ боп кетеді. Саябақтардағы орындықтар да жиі ұрланады. Мұнымен күресу полицияның немесе әкімнің ғана міндеті емес, бәріміз жұмыла күш біріктіретін – баршаның ісі, – деді қала әкімі Е.Маржықпаев.

Жиынға келгендер өздерінің ой-пікір, ұсыныс-тілектерін айтуға мүмкіндік алды.
Тұрғындардың сауалдары негiзiнен коммунал-дық салаларға қатысты өрбiдi. Жарыссөзге шыққандар қала әкімінің тұрғындардың тұрмысын жақсартудағы, қаланың шағын
аудандары мен шеткері аудандарын дамытудағы жұмысын жоғары бағалады. Көше жолдарын жөндеуге қатысты сауалдар аз болған жоқ. Қала басшысы өткен жылы 52 көше жолдарына жөндеу жүргізілгенін, облыс орталығындағы 300 көшенің барлығын бір күнде қалыпқа келтіру мүмкін еместігін, барлығы арнайы смета бойынша жүзеге асырылатындығын жеткізді. Қаладағы қоғамдық көлік мәселесі де назардан тыс қалмады. – Жасырары жоқ, қаладағы автобустардың дені ескірген. Былтыр №10, 1, 16 бағыт бойынша метанмен жүретін жаңа автобустар тестілеуден өтті. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында биыл 50 автобус сатып алынады деп жоспарлап отырмыз, – деді қала басшысы. Көпшілікті алаңдатқан сауалдардың бірі баспана мәселесі болды. «Үй мәселесі заң аясында ғана шешіледі. Тұрғын үйлер салынып жатқанымен, пәтер кезегі азаяр емес. Негізі, жылдап кезек күткенше, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, КИК, «Бәйтерек» бағдарламалары бойынша жинақ ашқан тиімді», – деп жауап берді. Қала әкімі ірі көлемдегі қаржыны қажет ететін балабақша мәселесіне тұрғындардың түсіністікпен қарауын сұрады. Ол жұмыстардың тап қазір болмағанмен, таяу уақытта кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын айтты. Еңбек ардагері Хабиболла Ғазизов: – Соңғы жылдары қалада оң өзгерістер көптеп орын алуда. Былтыр зәулім Неке сарайы, бірнеше тұрғын үйлер салынды. Қысқа дайындық тыңғылықты жүргізілді. Зауыт-фабрикалар жанданып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Жаңғырту бағдарламасы арқылы ескі үйлерге де күрделі жөндеу жүргізілуде. Демалыс орындары да көбейіп келеді. Осы орайда тұрғындар атынан №1 орта мектеп жанындағы сквер жаңартылса екен деген тілегіміз бар, – деген өтінішін жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындар қалада Оқушылар сарайы, аквапарк салынса, қамыс басқан Қылшақты өзеніне көңіл бөлінсе, балаларды техникалық бағытта даярлайтын орталық ашылса деген өтініштерін білдірді. – Қала қазынасының көлемі көбейген сайын туындаған мәселелерді шешудің мүмкіндігі де арта түсетіні белгілі, өйткені көптеген түйткілдердің шешімі қаражатқа келіп тіреледі, – деді шаһар басшысы. Жарыссөзге шыққандар қоғамдағы оң өзгерістерді жіті бақылап, оған деген көзқарастарын білдірумен бірге, қаланың әлеуметтік-мәдени дамуын да қалт жібермейтіндіктерін көрсетті. Әрине, бұл да жариялылықтың, адам санасындағы оң өзгерістердің нәтижесі. Демек, ой өспей, өмір көшіне ілесе алмайтынымыз анық.

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин күн тәртібінде талқыланған мәселелер бойынша алда тұрған міндеттерді айқындап, атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, бірқатар пікірлерін ортаға салды. 2017 жылды қала едәуір ілгерілеушілікпен аяқтады. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша қала төртінші орыннан көрінді.  «Қалада көп жұмыс атқарылды. Енді алдағы уақытта да жолдарды жөндеуді, тұрғын үй салуды, мектептерге қосымша ғимараттар, балабақшалар тұрғызуды, ағаш пен гүл егуді, балалардың ойын алаңдары мен спорт алаңдарын көбейтуді, бір сөзбен айтқанда, ару шаһарды абаттандыруды жалғастыра береміз. Осыған орай биылғы жылы былтырғымен  салыстырғанда қомақты қаражат бөлініп отыр», – деді облыс әкімі. Одан әрі өңір басшысы қаланың дамуында көптеген мәселелердің шешімін тауып келе жатқанын айта келе, әлі орындалмаған, қомақты қаржыны талап ететін мәселелерге тоқталды. Жоспарланған жаңа бастамаларға сәйкес облыс орталығы – Көкшетау қаласы алдағы үш-төрт жылдың ішінде жаңа келбетке ие болмақ. Басты жетістік жылу электр орталығының құрылысы басталады деп күтілуде. Көкшетау – бүгінде еліміздегі жылу-электр орталығы жоқ жалғыз облыс орталығы. Инвестициялық жобаны жүзеге асыратын инвесторлар тарту қажет. Қымбат жоба саналатын ЖЭО салуға ынталы төрт компания өтініш білдірген. Өңір басшысы жаңа жобаның жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерге қолайсыздық тудырмауы ескерілетінін айта келе, жобалау жұмыстары бойынша нақты жоспар бар екендігін жеткізді. Қала іргесіндегі Қопа көлінің тазалығы, экологиясы да көпшілікті алаңдатып отырған мәселе. Көлдің аумағына жағалай шағын аудандар, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салу жұмыстары жалғасатын болады. Облыс орталығы тұрғындары ұзақ жылдардан бері өздерінің көпқабатты тұрғын үйлерінде түгелге жуық газ баллондарын пайдаланып келе жатқандығы да шешімін күткен өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта Көкшетау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары қаншалықты қауіпті болса да, баллондағы газды пайдаланады. Өңір басшысы Көкшетауда газ тарту жұмыстары жоспарға сай 2019 жылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтты. Облыс әкімі қаланы жылытатын бу қазандығынан таралатын зиянды қалдықтардың ауаны ластап жатқандықтан, алдағы уақытта РК-1 бу қазандығын газға алмастыру қолға алынатындығын атап өтті. Сондай-ақ, көрікті қаланың табиғатына залал келтірмес үшін көшелерге қылқан жапырақты ағаштарды көбірек егуді тапсырды. Қалада тұрғын үй құрылысы жоғары қарқынмен жүруде. Бұрын-соңды қала мұндай нәтиже көрсетпеген. Биыл «Сарыарқа» жаңа мөлтек ауданында тұрғын үйлер саны артпақ. Қаланың ескірген, тозығы жеткен су-жылу желісін түгел ауыстыру. Ол жұмыс та қолға алынады. Тағы бір тапсырма – көпқабатты тұрғын үйлерді газдандыру мен лифтер жұмысын жолға қоюды аяқтау. Балабақша кезегін азайту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жергілікті кәсіпкерлерді тарту тапсырылды. Жаңа жобалар қабылданып, жылма-жыл жаңа бизнес нүктелері ашылып, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері сауда нүктелерінде көбеюі тиіс. Қалада жастар тамақтанатын орындарды көптеп ашу да кәсіпкерлерге жүктеліп отырған міндет. – Өңір жетістігі – бұл әрбір қызметкердің, әрбір еңбек ұжымының, олардың басшыларының, әр мамандықтағы адамдардың еңбегі. Көкшетаудың көрікті, әсем келбетін сақтауға әрқайсымыз өз үлесімізді қосайық, – деді өңір басшысы.

Әсем ЖҮНІС.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий