Келіңіз, көрісейік!

ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деп, мерейлі-шуақты Нау-рыз мейрамының мән-мағынасын айшықтап, тереңдете түсуді нұсқаған-ды. Расында да, күн мен түннің теңесіп, Жер-ананың бусанып, гүл-бәйшешек бүр жарып, табиғат түрленетін, алтын күн көктен нұрын мейірлене төгетін осы шақта халқымыз емен-жарқын осы бір мерекені тойлаған, наурызды жыл басы санаған. Айтса-айтқандай, қыс қаһарынан құтылып, мал төлдеп, бала-шаға аққа жетіп, арқа кеңіп, кең жазира жайлауға шығу жаңа өмірдің басы іспетті ғой!
Еліміздің батыс өңірінде наурыз айының 14 жұлдызынан Көрісу басталады. Онда: «Жаңа жылың құтты болсын!», «Бір жасқа шығуыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деген сияқты құттықтау сөздер айтылады. Және осы тілектер шын пейілмен, ақжүректен шығып, тебірентеді. Бұл жұрттың осы ниетке ғасырлар бойы алғаусыз сенуінің көрінісі, соның санаға әбден сіңуінен болса керек. Әйтеуір, шын мәнісінде өзің көрісе барған үлкендерден жаңағыдай құттықтау-тілек естігенде жаңа бір белеске көтерілгендей, жаңа бір өмірдің есігін ашқандай қуанып, шаттанасың! Жас адам көрісе келгенде үлкендер қалай қуанады десеңізші?! Ағайын арасы бұрынғыдан да жақындап, өзара туыстық, сыйластық жаңа бір дәрежеге көтерілгендей болады. Жастары жетіп, үлкендері өткен отбасыларынан есейіп қалған ұрпақтары келіп амандасып, көріскенде қариялар туыстықтың жалғаса береріне сеніп, қуанғаннан көздеріне жас алып жатады. «Орнында бар оңалар», «Әке көрген оқ жонар», «Көргені бар балалар ғой, шіркін!» десіп, қуанысады. Оларға өз ниеттерін білдіру мақсатымен қолында бар әлдебір қымбат дүниелерін сыйға да тартысады. Сірә, бағалы сыйлық ере келген балалардың есінде қалсын, елең етсін, дейтін болса керек.
Көрісу – сырт қарағанда, қос қолыңды беріп, жас ерекшелігіне, ретіне қарай төс түйістіріп амандасу. Алайда, мәнісі тым терең. Көріспеген бірде-бір аталас туысың, құрметтейтін қызметтесің, жолдасың, сыйласың қалмауы қажет. Кімге көрісіп, кімге көріспегенің көңіл дәптеріңде сайрап жазылып тұрады. Адамның қиялы мен көңілінен жүйрік не бар?!
Көрісудің терең мәнісі құрмет, қадірлеу, сыйлау десек, тағы бір ғаламат салты – кешіру. Наурызда, көрісу кезінде ағайын-дос, жолдастар арасында кешірілмес жәйт болмайды. Көрісе келген адамның ешкім қ+++ніш айтпайды. Күйкі тірлікте оны-мұны әрекетіңмен ренжітіп алған адамыңмен көрісіп, одан әрі емен-жарқын араласып жүре бересің. Одан әрі жүре бара кемшілігіңді, қатеңді түзейсің. Көптен көрмей, көрісе барған дос, ағайыныңның әлдебір қиыншылығын біліп, оған ынта-шынтаңмен көмектесесің. Өйткені, ол сенің осы өмірдегі жамандыққа, қиындыққа қимас қадірлі жаның ғой!
Міне, еліміздің батыс өңіріндегі осынау халқымыздың ғаламат бір ғұрпын солтүстікке әкеліп, дәстүрге айналдырсақ, неден ұтылармыз?! Тек қана ұтамыз ғой! Ендеше, келіңіз, көрісейік!

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий