Кемелден, көркей,Көкшетау!

Арқаның ару шаһары, Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласы өзінің 195 жылдығын лайықты қарсы алып, шат-шадыман көңіл-күй үстінде өткізді. Осынау мерейтойға арналып, қала тұрғындары мен қонақтарына 300-ден астам әртүрлі шаралар тарту етіліп, көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына 195 жаңа пәтер кілттері табысталды. Қала 31 жаңа автобустармен толықты. Тойға арналған, сәтті өткен «Құлагер» облыстық ұлттық ойындар спартакиадасында қала командасы бірінші орынды иеленді. Тойға шашу ретінде «Құрақ көрпе Fest» деген атаумен өткен фестивальда 11 шақырымдық көрпе тігіліп, көкшетаулықтардың бұл өнері қазақстандық Гиннес кітабына тіркелді. Әйгілі «Дос-Мұқасан» вокалды-аспаптар ансамблінің келіп, өнер көрсетуі де той қызығын толықтыра түсті.
Төл мерекесі қарсаңында тазаланып, ақталып-сырланып, гүлзарлары құлпырып, қайың-теректері тербеліп, дүр сілкініп, көңіл қуантып көркейе түскен Көкшетаудың тойы «Көкшетау» мәдениет сарайы алдындағы көрме, жәрмеңкемен басталды. «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік конкурсы аясында өткізілген «Ақмола өнімдері» көрме-жәрмеңкесі көздің жауын алатындай, өңіріміздің, еліміздің қарыштап дамып келе жатқанын қапысыз дәлелдейтін өнімдер қойылған. Олардың қатарында Көкшетауда жасалып, құрастырылып шығарылған бүгінгі заманның өскелең талабына сай келетін шөп шабу, егін ору, тұқым себуге арналған ауылшаруашылығы техникалары, неше түрлі іске пайдалануға қолайландырылған КамАЗ-дар, «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорация», «ЕНКИ», «Көкшетау минералды сулары», «Новопэк», «Бижан», «Гормолзавод», «SKY EXPRESS ELEVATOR KZ», «АзияКотлоМаш»,«СФ Намыс», «КазТехникс», «CAPITAL PROJECTS LTD», «САПА СУ», «Казлес», «Бижан» серіктестіктері тәрізді ірі кәсіпорындардың сапалы өнімдері ұсынылды. Осындай көз тойдырар көріністерді қала, облыс тұрғындарының оза шауып, жүлде алған қолөнер бұйымдары, жеке шаруашылықтарда өндірілген қымыз, шұбат, қаймақ, сүзбе, шұжықтар толықтыра түскен. Көрмені облыс әкімі Ермек Маржықпаев, Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайыловтар бастаған құрметті қонақтар аралап көрді. Облыс әкімі мұндай ауқымды шара екінші жыл өткізіліп отырғанын, биыл оған облысымыздың барлық өңірінен 200 тауар өндіруші қатысқанын айтты. Өңір басшысы бірқатар өнім өндірушілер, кәсіпорындар жетекшілерімен пікірлесті. Көрме жәрмеңкесінде меймандар мен қатысушылардың назарына ет, сүт, нан және аспаздық өнімдері, халық тұтынатын тауарлар, қолданбалы өнер бұйымдары ұсынылды. «Бас-тау» жобасының өкілдері мен түлектері де өз өнімдерін шығарды. Мерекелік бағдарламаға ұтыс лотерея-сы да кірді. Аудио-бейне, тұрмыстық техника, сыйлық сертификаттары тәрізді әртүрлі сыйлықтар ұтысқа түсті. Шара қорытындысында сараптама комиссиясы тоғыз жеңімпазды анықтады. «Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар» аталымында Астрахан ауданының «Аzam-КС», Көкшетау қаласының «Диас» тігін фабрикасы», Біржан сал ауданының «ПО «Кокше-Цемент» серіктестіктері жеңімпаз атанды. «Тұрғындар үшін жасалған үздік тауарлар» аталымында Бурабай ауданының «Веста-Бурабай» тігін салоны, Көкшетау қаласының «MSMWOOD», «Казтехникс» серіктестіктері ерекшеленді. «Үздік азық-түлік өнімдері» аталымында «Атбасар майы», «CAPITAL PROJEKT LTD», «Зерен» асыл тұқымды шаруашылығы» серіктестіктері көшбасшы болды. – Алдағы уақытта өтетін «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық конкурсында біздің облыстың намысын өңірлік кезеңнің 9 жеңімпазы қорғайтын болады. Өйткені, конкурстың негізгі мақсаты – өндіріске ықпал ету, бәсекелестік пен сапалы өнім өндіруді дамыту, импорт ауыстыру, еліміздің ішкі рыногын жоғары сапалы қауіпсіз қызметпен және ақмолалық өндіріс тауарларымен толтыру, – деп атап өтті облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий