Кенесары ханға белгітас орнатылды

Көкшетаудан Шығысқа бет түзеген «Абылайдың қара жолы» тарихи-танымдық экспедициясы Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Кенесары хан шайқасқан Кекіліксеңгір тауының етегіндегі Майтөбе тарихи орнына ескерткіш белгі тас қойды. Сонымен қатар, Хан кененің тікелей ұрпағы Құрманғазы Қарқынбайұлы Көкшетаудан бір уыс топырақ ала келіп, Майтөбеде баба рухына арнап құрбандық шалды. Кекіліксеңгір сайындағы қанды қырғында қырғыздар Кенесары ханды қолға түсіреді. Оның басын шауып, Омбыға жөнелтеді. Еліміз Тәуелсіздік алған соң ұлан-байтақ жерді қорғап, егемен елдікті аңсаған кемеңгер Кенесары хан мен қаһарман батырлардың есімін ұлықтауды әсте ұмытуға болмайды, – дейді қоғам қайраткері, экспедиция жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы. Экспедиция барысында тарихи оқиғаларға зерттеу жасалып, жекелеген тұлғалар туралы ел аузындағы аңыздар мен естеліктер жинақталды. Кенесары хан мен оның сарбаздарының тағдырын шешкен ақтық қанды шайқас Кекіліксеңгір (қазіргі Тоқмақ қаласы маңы) тауының маңайындағы Майтөбе деген жерде болған. Осы төбенің батысында Шу өзеніне дейін созылған Қарақоныс жазығы жатыр. Осы алқап екіге бөлінеді. Біріншісі Алмалы сай болатын. Кенесарының штабы Майтөбеде орналасады. Бұл жерлерде уақытша бекіністердің, Кенесары жақтастары қазған бекініс орындары күні бүгінге дейін сақталған.
Кенесары ханның тікелей ұрпағы Құрманғазы Қарқынбайұлы: «Кенесары ханның бас сүйегі бір жақта қалып, бір жарым ғасырдан аса туған жердің топырағына берілмеуі күллі қазақтың намысын қорлап, жігерін құм етіп отыр. Ханның бас сүйегі мен денесін туған жерге қайтару мәселесі мемлекетаралық келісімдер арқылы шешілуі тиіс», – деп түйді сөзін. Белгі басында құрбандық шалынып, туған жердің бір уыс топырағы салынды. Кенесары Қасымұлы он жыл арпалысқанда, ең соңында Патшалық Ресей империясы әскерімен шайқасып келіп, Қырғыз елімен мәмілелесуді көздейді. Себебі, Абылайдың кезінде қазақ-қырғыз шайқастары бірнеше рет арада болған. Сол уақыттан Кенесары заманына дейін кек сақтаған қырғыз елімен шиеленіс туындаған. Кенесары хан бастаған қазақ батырлары Ресей, Қоқан және Қырғыз әскерлерінің қыспағына түседі. Еске салайық, Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімдер негізінде Кенесары ханның бас сүйегін елге қайтару бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий