Кеудемде жыр қайнағанда!..

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында жергілікті ақын-жазушы Серік Жетпісқалиевтің электронды дискісінің тұсаукесер кеші өтті. «Кеудемде жыр қайнағанда!» деп аталатын 9 айдардан тұратын CD жинаққа қаламгердің өлеңдері, әңгімелері, мақалалары, ой-толғамдары, фотосуреттері мен мадақтамалары енген. Тұсаукесер кешке жиналғандар ақынға тән жақсы қасиеттерді ортаға салып, жанашырлықпен лебіздерін білдірді. Жасы 80-ді алқымдаған қолөнер шебері Шәмшия Айтжанова қаламгер інісінің өлеңін жатқа оқыса, «Зерде» ғылыми жобасының жеңімпаздары, №1 Краснояр орта мектебінің 7 сынып оқушылары Сәкен Жансая мен Жеңіс Назым ақын-жазушы Серік Жетпісқалиевтің шығармашылығын талдап, таразылап, кең мағлұмат берді. Балалардың білімдарлығы мен әдебиетке деген құштарлығына жиналған көпшілік риза болысты.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл кеш те бұрынғы кештерден сәл өзгерек өтті. Бұған дейінгі кештер көбінесе көпсөзділіктен, ұзын-сонар баяндаулардан тұратын, адамды кейде жалықтырып та жіберетін. Ал, бұл жолы жинақы да, айналасы жұп-жұмыр шара болды. Кеш иесі оны жүргізу тізгінін ақын інісі Қуаныш Оспанға тапсырған екен. Байыпты да байсалды қалпынан таймайтын жігіт оймақтай ой айтып, пікір білдіремін дейтіндерге кезекпен сөз беріп, кешті әсерлі өткізді. Осындай мазмұнды да мағыналы әдеби шараларды ұйымдастырып жүрген кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлімінің жетекшісі Махаббат Ивахинаның еңбегі зор екенін айта кеткен жөн. Біздің редакцияға арнайы келіп, Серік Сапарұлынан қажетті құжаттарды алып, зыр жүгірген жанның жазушының жазбаларын жаңғыртуда жасаған жақсылығы ерекше. Кеш барысында сөз алған еңбек ардагерлері Мұрат Ыдырысұлы, Құмарғали Досов, Ғалым Мұсатай, Мейрам Ғибаділов, Сайлау Ыбыраев ақын-жазушымен танысқан сәттен бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралас-құраластығы, сыйластығы, адамгершілік қасиеттеріне тоқталды. Мұрат қажы Ыдырысұлы: «Серік Жетпісқалиев Көкшетаудың жігіттерін бір-біріне жақындастырып жүрген көпір іспетті», – десе, Ғалым Мұсатай: «Үйін былай қойып, редакцияда домбыра шертіп отыратын нағыз қазақ осы жігіт», – деп мақтауын келтірді. Мейрам Ғибаділов: «Өнерден алыс жүргендерді жұртшылыққа таныстырудағы, әсіресе, сот саласындағы жандарды көрерменмен қауыштырудағы еңбегі өлшеусіз», – екенін алға тартты.
Кеш барысында көпшілік назарына Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының дайындаған бейнефильмі ұсынылды. Қазақ әдебиетінің зиялылары Қадыр Мырзалиевтің, Рымғали Нұрғалидің, Мырзатай Серғалиевтің шәкірті, ақын-жазушы Серік Сапарұлы өзінің өмірінде із қалдырған жандар жайлы толғана сөйлеп, басынан кешкен қызықты оқиғаларын ортаға салып, өлеңдерін оқыды.

«Көкше ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс