Киелі ескерткіштің маңы абаттандырылды

Уәли хан мазары – Ақмола облысынан Қазақстанның сакралды картасына енгізілуге ұсынылған 20 нысанның бірі. Ондағы жөндеу жұмыстарының аяқталуына байланысты облыс әкімі Мәлік Мырзалин ел ақсақалдарымен кездесу өткізді. Оған Уәли ханның ұрпағы, Көкше еліне танымал іскер азамат Сансызбай Мұқитанов та қатысты.

Әу баста Абылайханның үлкен ұлы Уәли хан Сырымбет қойнауында жерленді деген болжам болған. Алайда 1995 жылы Зеренді ауданының Қазақстан ауылы жанындағы «Хан төбеден» араб тілінде жазылған мәйіттің тасы табылды. Ондағы жазу оқылғаннан кейін Орта жүздің соңғы ханы Уәлидің осы жерде жерленгені белгілі болды. 2008 жылы Уәли ханның туғанына 270 жыл толуына орай ауылдың белді ақсақалдары мен кәсіпкерлер жерленген жерінде мавзолей жасауды ұйғарды. Игілікті бұл шара жүзеге асырылғанмен, маңын абаттандыруға қаржы жетпеген-ді. Ағымдағы жылдың көктемінде жергілікті кәсіпкер Борис Козлов өз қаражатына қоршау жасап, мазарға дейінгі жолға қиыршық тас төседі. Өңір басшысы атап көрсеткеніндей, біздің облысымызда екі мыңдай тарихи-мәдени мұралар нысандары тіркеліпті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда Уәли хан мазары өңірдегі жұрт тағзым ететін сакралды орындардың біріне айналары сөзсіз. Бұл орайда Мемлекет басшысы бастамасының бизнес қауымдастығы тарапынан кең қолдау табуы сүйінішті. Осы орайда Целиноград ауданындағы кәсіпкерлер өз қаражаттарына екі мектеп салуды ұйғарған. Есіл ауданында 380 миллион теңгенің 12 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылмақ. «Кәсіпкер Борис Козловтың киелі ескерткіштің маңын абаттандыруы ел тарихын құрметтеп, бабалар рухына тағзым етудің жарқын үлгісі»,-деп атап көрсетті облыс әкімі ақсақалдармен өткізген кездесуінде.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс