Киелі шаңырақ – әлеуметтік берекенің негізі

«Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық зерттеу қоғамдық қоры қолға алып отырған «Жұмбақ кейіпкер» жобасының негізгі мақсаты – қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді бірігіп шешу, өмірдің қиын жағдайына тап болған жандарға қолұшын созу.

– Біз «Жұмбақ кейіпкер» жобасына қатысушыларды көбіне әлеуметтік желілер арқылы табамыз. Оларға тәжірибелі психологтар көмектеседі, тығырықтан шығудың жолдарын ұсынады. Жасырары жоқ, қатты күйзеліске ұшырап, шарасыз қалғандардың көмекке жүгінуі сирек. Сол себепті кейіпкеріміздің аты-жөні мен бет әлпеті көрсетілмейді. Көп адамдар жеке өмірімен, өзінің құпиясымен сыр бөлісуге онша құлық таныта қоймайды», –дейді «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық зерттеу қоғамдық қорының төрағасы Берік Рақышев. Алғаш рет «Жұмбақ кейіпкер» алаңында үш бала мен науқас анасын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған отағасы сыр ақтарыпты. Жары осыдан үш жыл бұрын жол апатынан қайтыс болған. Ал, балаларды қатарынан кем қылмай өсіріп, жеткізу үшін көп қаражат қажет екені белгілі. Мемлекеттен алатын жәрдемақысы 42 мың теңгені құрайды. Салауатты өмір салтын ұстанатын әке қолынан келгенше еңбек те етуде. Баланы өсіру және оған лайықты тәрбие беріп, өнегелі, үлгілі етіп ер жеткізу – мәртебелі еңбек. Мұндай жағдайда дер кезінде көмек қолын созудың маңызы зор. Себебі, уайым-қайғы, тұрмыстық күйзеліс кез келген жанды моральдық тұрғыдан күйретуі мүмкін.
Отбасындағы күрделі мәселелерді алға тартқан кейіпкер ешкімнен алақан жа-йып ақша сұрамайтындығын, тек баспана мәселесін шешуге көмек қажеттігін айтты. «Қиындықтарға да көндігіп келемін. Жабығып-жасып, еңсемді түсіргім келмейді, өйткені бала-шағам үшін жа-уаптымын. Олар да мұны сезіп, шамалары келгенше көмектесуге тырысады, маған күш береді, – деп жан сырын ақтарды «жұмбақ кейіпкер». Жобаға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» мамандары шақырылды. Олар пәтер алудың қолайлы механизмдерін түсіндірді. Бір қуанарлығы, «жұмбақ кейіпкер» бір жыл бұрын тұрмыстық қиыншылыққа қарамастан банктен депозит ашқан екен. «Кейіпкер мемлекеттік қордағы үйді күту көп уақыт алатынын айтып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы ипотекалық несие алуды көздеп отыр. Біз қолдан келген көмектің бәрін жасаймыз», – дейді заңгер Айгүл Қалқаманова. Әлгі отбасындағы балалардың мектепке баруына әкелері мен марқұм аналарының жұмыс істеген орындары көмек көрсетіпті. Сондай-ақ, «Шаңырақ» ұйымының атынан 20 мың теңге, «Нұр Отан» партиясының өкілдері 15 мың теңгенің сертификатын тапсырды. Ал, мектеп әкімшілігі оларды тегін тамақпен, оқулықтармен қамтыған. – Рухы мықты адамдар қиындықпен бетпе-бет келгенде ширай түссе, тоз-тозы шығып кеткендері де кезігеді. Көп отбасында туындайтын түрлі мәселелердің түп-тамырында басқа да себептер бар екенін ұмытпаған жөн, – дейді психолог Жанбота Абдрахманова. 2011 жылдан бері жұмыс істейтін «Шаңырақ» қоғамдық қоры «Жұмбақ кейіпкер» жобасы аясында жеке психологиялық мәселелер бойынша жүгінген азаматтарға моральдық тұрғыда қолдау көрсету, дұрыс шешім қабылдауын ұғындыру мақсатында эксперттер, заңгер, психолог, дәрігер мамандар тегін кеңес береді. Сондай-ақ, рухани жәрдемге мұқтаж жандар үшін тренинг залы, жеке қабылдау бөлмесі арнайы керекті құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс