Киелі әлемнің кілті

Кітапхана – ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы. Бабалар қалдырған қасиетті қолтаңбалардың құпиясына терең бойлап, «кітап» дейтін киелі дүниенің кілтін ұстау – кітапханашыға ғана бұйырған бақыт. Осы жағынан алғанда кітапханашы мамандығын басқалардан биік қоямын.

DSC_4469

Еліміз дамудың даңғыл жолына түскен қазіргі уақытта кітап пен кітапхананың маңыздылығы мен мәнділігіне жете көңіл бөліп, шынайы ақпаратқа қол жеткізудің нақты міндеттері айқындалуы тиіс. Өйткені, бүгінгі ғылым мен техниканың даму қарқыны кітапхана саласына жаңа инновациялық-технологиялық тәсілдерді енгізуді мейлінше қажет етеді. Сөйтіп, ғылыми-техникалық революция дәуірлеген қазіргі танда бірқатар кітапханалар жаңа имидж қалыптастырып үлгерді. Осы реттегі республикамыздың мәдени, рухани келбетін айшықтай түсетін қасиетті шаңырақ – М.Жұмабаев атындағы Ақмола облысының ғылыми-әмбебап кітапханасы. Оқырман мен кітапхана арасындағы негізгі алтын көпірді жалғастыруда эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, ой-өрісі кең, жан-жақты білімді, парасатты кітапханашылардың орны ерекше. Кітапханадағы жұмыс процестерінің бүтін жиынтығы енетін кітап қорын толықтыру және ұйымдастыру, әдебиеттерді насихаттау, оқырмандарға қызмет көрсету, олардың қызығушылығын қалыптастыру, сұранымын қанағаттандыру – мәртебелі мамандық иелеріне тән қасиет. Мәдени ой-өрісінің кеңдігі кәсіби білімінің тереңдігі, педагогикалық жұмыс әдістерін игеру қабілеті кітапханашыны абыройға бөлейді. Бұл орайда үлгі тұтарлықтай із қалдырған ардагерлеріміз «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген кітапханашысы» атағының иегерлері Қ.Хабибуллина мен В.Красноусова, еңбек ардагерлері З.Кострицина, В.Теплякова, В.Александрова, Ф.Есенбекова, Л.Богуславскаяның есімдерін құрметпен атаймыз.
Кітапхана ісін өркендетуге атсалысқан Тазагүл Ордабайқызы Жарболова 18 жыл директордың орынбасары қызметін атқарып, ұжымның көптеген жетістіктерге қол жеткізуіне өз біліктілігін, тәлім-тәжірибесін аямаған тұлғалардың бірі. Орта арнайы білімі ғана бар жиырма бес әріптесіміздің Шымкент педагогикалық мәдениет институтына түсіп, кітапханашы библиограф мамандығын алуларына себепші болған. Ұзақ жыл біздің ұжымды басқарып, кітапханамыздың өркендеуіне белсене қатысқан Александра Ивановна Беланның жарқын бейнесі мәңгі есімізде. Ол басқарған жылдары кітапханамыз тұрақты түрде жетілу мүмкіншілігі бар гуманитарлы-ағартушылық мәдениет орталығына айналды. Кітапханашы қарапайым мамандық болып көрінгенімен, бүгінгі заман талабына сәйкес өздерінің кәсіби шеберліктерімен заман талабына орай әдебиеттерді насихаттауда, ұрпақтарға жан-жақты тәрбие беруде түрлі ақпараттар ағымына жол сілтеуші қоғамның белсенді мүшесі болып табылады.

Арайлым ҚОЖАХМЕТОВА,
М.Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ақпараттық-библиографиялық бөлімінің қызметкері.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс