Колыманың азап түрмесінде де мойымаған

Көкшетау қаласының құрметті азаматы, ақын-жазушы Ибрагим Низамұлы Салаховтың туғанына 105 жыл

«Мен бір жарым жыл жеке камерада жалғыз отырдым. Ондай жерде адамның ақыл-есінен алжасуы мүмкін. Сұп-суық еден мен темір кереуетте өзіммен-өзім сырластым, өзіммен-өзім мұңдастым. Менің өмірден баз кешіп кетпеуіме Құран сүрелері көмектесті. Бала күнімде ауылдағы молдаға апарып, араб тілінде әріптерді танытып, мұсылманша сауатымды ашқан әкеме мың мәрте алғысымды тар қапаста үнемі айтып отырдым. Өйткені, бес уақыт намаз оқығанымда бес мәрте түрменің сыз бөлмесінен таза ауаға шығып, туған жерімнің топырағында тыныстағандай күй кешетінмін. Соның арқасында жападан жалғыз жынданып кетпей, жүрегімде кек сақтамай, 85 жасқа дейін өмір сүрдім». Міне, бұл Көкшетаудың тумасы, қуғын-сүргін жылдары қудалауға түсіп, Сібірге айдалған ақын-жазушы, Ғабдолла Тоқай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері Ибрагим Салаховтың өз аузынан жазылып алынған бейнетаспадан естіген сөзім. Белгілі журналист, газет, телевизия мен радио саласында 50 жылдан астам уақыт қызмет еткен әріптесіміз Лариса Аитова қайсар рухты қаламгер жайлы «Забвению не подлежит» атты кітабын жарыққа шығарды. Соның тұсаукесері өтіп, кешке қатысқандар татар мен қазақ ұлтының төл перзентіне айналған жан жайлы естеліктерін ортаға салды.

Көкше жерінің біртуар тұлғаларының тағдыры журналист Лариса Аитованы үнемі қызықтырып келген. Олардың өмірі, шығармашылығын зерттеумен айналыса жүріп, бірнеше мақалаларын жариялаған. Ал, өзге қаламгерлерге қарағанда қуғын-сүргінге ұшырап, көп қиындық көрген ақын-жазушы Ибрагим Салаховтың өмірі тым күрделі. Он жыл Колыма лагерінде азаптың талайын көрген жан жайлы деректер өте аз. Сондықтан Лариса Ханафьевна осы тақырыпқа бойлап барған. Қолда бар деректерді жиыстырып, жазушының жеке архивіндегі материалдарымен танысып шыққан. Әрі кезінде телевизияда жұмыс істеген уақытында қаламгерден алған сұхбатын таспада сақтап, бейнефильм дайындаған. Тұсаукесер кешке келген көкшеліктер Ибрагим Низамұлымен қайта қауышқандай болды. Таспадан көріп, дауысын естіп, қатты толқыған тұстастары көзіне жас алды. Азап лагерінде он жыл отырып, аштық пен жалаңаштықты, қатыгездік пен жауыздықты, қытымыр қыстың ызғарымен қоса басынан өткізген жан ешкімге кектенбегенін, тек реніш қана қалғанын айтқанда адамның қаншалықты иманды бола алатынына иланасың. Ибрагим Салахов жүзінен жылылық ескен, үнемі жымиып жүретін, ешкімге жамандық ойламайтын, жүрегі ашық жан еді дейді көз көргендер. Ол шындығында да солай. Жазушының туған тіліне деген жанашырлығы бір бөлек әңгіме. Өзі бес тілді таза біліп, таза сөйлеп, жаза алғанына қарамастан, татар тілін құрметтеп, сүйіп өткен.
Сібірге айдалып, итжеккен-нің ит өмірін көріп, арып-ашып, туған жеріне табан тіреген кезде де «сенімсіз адам» ретінде қаланың шеткері аумағы Красный Яр селосына көшіріліп, КГБ өкілдерінің үнемі назарында болғаны да аян. Ақталғанша осы айдар қудалап келді. Өзінің қиын тағдырын «Колыма хикая-лары» кітабында баяндайды. Оның әр бетін түн ортасында шаммен жазып, жердің астына тығып сақтап келген. Ол туралы, тіпті отбасы мүшелері де білмеген. Міне, адамның бойына үрей ұялатқан, жалтақ еткен зар заманның бір қыры осындай-ақ болар. Дегенмен Ибрагим Низамұлының жолында жақсы адамдар жолықты. Колыма түрмесінде өзімен бірге отырған жазушы Зейін Шашкин екеуінің достығы қаншама қиындықты еңсеруге көмектесті. Бейнефильм барысында қаламгер өзінің достарының фотосуреттерін көрсетіп отырып, олар жайлы әңгімелейді. Бәрі дерлік қуғын-сүргін көрген, өмірден ерте озған. Достарының жастай қыршын кеткенін қиналыспен күрсіне әңгімелейді.
Журналист Лариса Аитованың кітабы жеті бөлімнен тұрады. Оның әрбірі жазушы өмірінің әр кезеңін қамтиды. Кеш барысында қаламгер жайлы жазушы Төлеген Қажыбай, татар ұлттық орталығының жетекшісі Рафаил Сулькарнаев, немересі Ульфат Усманов, жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұл, мәдениет қайраткері Раиса Бикумухамедова естеліктерімен бөлісті. «Ғалиябану» фольклорлық ансамблі татар әндерін шырқады. Сөзінің соңында әріптесіміз Лариса Аитова осындай қажырлы да қайратты жандарды ел есінен шығармау қажеттігін тағы да еске салды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс