Конфуций институты ашылады

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Конфуций Үрімші аграрлық институтының өкілдері Жи Жиан Вын, Йаң Жианлин болды. Іссапар кезінде Көкшетауда Конфуций институтын құру туралы үш тілдегі екіжақты  келісімшарт жасалып, қол қойылды. Кездесуден кейін Қытай делегациясының өкілдері үшін жер жаннаты – Бурабайдың әсем табиғатына саяхат ұйымдастырылды.   

Қытай – әлемнің көптеген елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен де экономикалық, мәдени, саяси, білім, ғылым салаларында мықты әріптестік қарым-қатынас орнатқан мемлекет.  Бұл елге деген қызығушылық күннен-күнге артуда. Қазіргі уақытта  қытай тілін отыз мыңнан астам адам оқып үйрену үстінде. Көптеген білім беру мекемелері қытай тілін негізгі тіл ретінде оқу үдерістеріне жаппай енгізуде. Бүгінде Қазақстанда төрт Конфуций институты қызмет етуде. Орталықтың басты міндеті – Қазақстан мен Қытай арасындағы білім-ғылым бағытындағы ынтымақтастықты дамыту, қытай тілін үйрету. Сондай-ақ, қытай мәдениеті мен әлеуметтік өмірі, экономикасы туралы ақпараттар беру және екі елдің достық қарым-қатынасын нығайту болып табылады. «Конфуций институтының штаб-пәтері – Хань-Бань қаласында орналасқан. Оқу орны  аграрлық, экономикалық, туризм, көптілділік сияқты негізгі 4 бағытта жұмыс істейді. Біздің мақсатымыз: мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту, қытай тілін сапалы және жүйелі оқыту, Қытай мәдениетін насихаттау, халықаралық конференциялар өткізу», – дейді Конфуций институтының өкілі Жи Жиан Вын. Бұл пікірді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров былайша қуаттады: «Делегацияның Көкшетауға келудегі мақсаты – университет қызметімен танысып, тығыз әріптестік қарым-қатынас орнату. Студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру, тағылымдамалар ұйымдастыру, кеңестер беру». Кездесу барысында Қытай делегациясы университеттің мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі мамандығының  зертханасын, университет тарихы мұражайын,  қазақ филологиясы кабинетін, орыс филологиясы, ағылшын тілі мен лингафон кабинеттерін, химия және биотехнология  кафедраларының оқу зертханаларын, су ресурстары, ЯМР-спектроскопия ғылыми зертханасын, мейрамхана сервисі және қызмет көрсету технологиясы және  С.Сәдуақасов атындағы аграрлық-экономикалық институтында орналасқан  зертханаларды аралады. Сондай-ақ, жоғары оқу орнының бас оқу ғимаратында орналасқан Ш.Уәлиханов мұражайына барып, онда  құрметті қонақтарға арналған кітапқа өз қолтаңбаларын қалдырды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс