Красноярлық жас талапкер Алтынай – байқау жеңімпазы

Көкшетауда «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының ІІ маусымының іріктеу кезеңі өтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтетін бұл бірегей жобаны Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры ұйымдастырды. Көкшетау қаласынан ұлттық іріктеудің жартылай финалына үміткерді анықтауға әнші Маржан Арапбаева келді.

Таң сәріден үміттерін үкілеп «Көкшетау» мәдениет сарайына ағылған жүздеген қатысушы қазылар алқасының алдында қазақша, орысша, ағылшынша, қытайша және өзге де тілдерде де ән салып, бақтарын сынады. Дәстүр бойынша барлық жас өрендер тіркелуден кейін флешмобқа қатысып, түсірілімге атсалысып, әншілермен бірге би билеп, көңіл көтерді. «Бақ сынады» деп айтқанға жеңіл болғанымен, тек жарқын болашақтан үміт күтетін, кең ауқымды байқауға алғаш рет қатысып отырған бала көңіл үшін бұл байқау толқынысқа толы маңызды сәт екені айтпаса да түсінікті. Әр бұрышта дайындық жасап, дауысын жаттықтырып жүрген 7 мен 13 жас аралығындағы балаларды жетектей жеткен ата-анадан бастап, оларға қолдау білдіріп келген туған-туыс қауымын қосқанда, мәдениет сарайы бір сәтке үлкен мереке алаңына айналып кеткендей еді. Дүбірлі байқауға облысымыздың әр түкпірінен ат арытып жеткен кішкентай дарындар өз қабілеттерін көрсету үшін барын-ақ салды.
Әнші Маржан Арапбаева әр аймақтың жас өнерпаздары өз ерекшеліктерімен көрінгенін айтады. Кішкентай әртістер үлкен сынаққа дайын екендіктерін дәлелдей білді. Өйткені, олардың көбісі үлкен сахнаға бірінші рет қадам жасауда, камера алдында әрі өнер жұлдыздарының алдында өнер көрсету – үлкен ерлік. Тәлімгерлер қатысушыларды тек тыңдап қана қоймай, өз ақыл-кеңестерін айтып, тәжірибелерімен бөлісіп, кішкентай өнерпаздарға қолдау көрсетіп отырды. Ал, киелі Көкше өңірі болса ауыз толтырып айтарлықтай талантты өнерпаздарға бай. Егер музыкалық білімің болмаса, сахнада тәжірибең болмаса, қазылар алқасының алдында өнер көрсету қиын. Бірақ, байқау есігі қазақстандық ән салам дейтін әрбір балаға ашық. Қатысушы балалардың көбі дарынымен, даусымен жұлдызды тәлімгерлерді таң қалдыра білді.
Қатысушылардың арасынан екінші кезеңге өткен жиырма үш өнерпаздың ішінен соңғы кезеңде үздік деп танылған 4 әнші өзара бақ сынасты. Әлбетте, әділқазылар алқасын айрықша даусымен тәнті еткен талай таланттың бар екені рас. Дегенмен, Красный Яр селосының тұрғыны Алтынай Әйтен жүздің ішінен жүйрік шығып, іріктеу кезеңінің қорытындысы бо-йынша жеңімпаз атанды. Қатты толқып, қуаныштан көзіне жас үйірілген өнерпаз өрен: «Байқауға қатысуға келген осыншама баланы көргенде жеңіс маған бұйыра қоймайтын шығар деп ойладым. Бірақ бар күшімді жинап, іріктеудің барлық кезеңдерінде өзімді сенімді ұстауға тырыстым. Жеңіске жеткеніме қатты қуанып тұрмын», – деді. Сонымен, 16 аймақтан 16 жеңімпаз анықталған соң жеткіншектер кәсіби музыканттардан, хореограф, стилистерден музыка мектебінде бір ай тәлім алатын болады. Ал, қазан айының 27-29 жұлдызы аралығында «Алматы Арена» мұз сарайында КТК телеарнасы арқылы тікелей эфирде өтетін «Бала дауысының» супер-финалында кәсіби қазылар алқасы мен смс-дауыс беру арқылы телекөрермендер жүрегін жаулай білген хас талант париждік «Диснейлендке» тегін қыдырып қайту жолдамасына және Қазақстандағы ең үздік музыкалық оқу орындарының бірінің грантына ие болмақ.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс