Краснояр округіндегі қарқынды істер

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев Красный Яр селосында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан бірнеше округтік-әлеуметтік нысандарды аралады.

Алдымен қала әкімі көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Красное селосындағы көпірде жолдарды шайып кетпеу үшін жүргізілген жұмыстармен танысты. Елді мекенге қауіп төндіретін көпірлер мен бөгеттерді бақылауда ұстау бағытында атқарылған жұмыстар жайлы «Көкше Жәрдем» коммуналдық кәсіпорнының жетекшісі Олег Топорков түсініктеме берді. Қала басшысы құрылысы аяқталып қалған модульдік қазандықты өз көзімен шолып шықты. Онда құрылысшылармен тілдесіп, мердігерлерге жұмыс барысын тездетіп, нысан ауласы мен маңайын көріктендіру жөнінде тапсырма жүктеді. Жаңа қазандық іске қосылса бұған дейін жылу жетпейтін аудандардың проблемаларын шешуге қол жеткізілмек. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынған аталмыш нысан құрылысының құны 898 миллион теңгені құрап отыр. Іске қосылған жылыту агрегатының ескілерден айырмашылығы – оның автоматты түрде басқарылуында. Қала әкімі құрылыстың басы-қасында жүргендерге жаңа жылу орталығын маусым айында тапсырып, алдағы күзде қолданысқа беруді міндеттеді. Бұдан соң қала әкімі Е.Маржықпаев мемлекеттiк-жекеменшік әрiптестiк аясында қайта қалпына келтірілетін көппәтерлі тұрғын үйлер ғимаратында болды. Жақын күндері әлеуетті инвесторлар бос тұрған ғимаратта құрылыс жұмыстарын бастамақшы. Кейін жөнделген пәтерлер «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға тапсырылатын болады. Ең бастысы, құрылыс жұмыстарының сапалы болуына баса назар аударуды қадап тапсырды қала басшысы. Қала басшысы мемлекеттiк-жекеменшік әрiптестiк аясында күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан балабақша ғимаратын да аралап көрді. Қазір мұнда сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимарат іші қажетті құралдармен жабдықталуда. Нәтижесінде 180 бүлдіршін мектепке дейінгі біліммен қамтылады деп күтілуде. Қала әкімі балабақша ғимаратының алаңын абаттандырып, балаларға лайықты ойын алаңдарын салып, қолайлы жағдай жасау керектігін жеткізді.
Селода біршама оң өзгерістердің, жақсы істердің қолға алынғаны байқалады. Солардың бірі – ұзақ жылдар бойы жөнделмей, тозығы жеткен орталық алаңда басталатын көркейту жұмыстары. Округ әкімі Базарбай Әбуов алаңның жаңа келбетінің жобасымен таныстырды. Алаң аумағы түгелдей асфальтталып, гүлзарлар отырғызылады, субұрқақ қалпына келтіріледі. Селоның барлық мәдени, саяси іс-шаралары осы орталық алаңда өткізілетіндіктен, ол барынша эстетикалық талғамға сай болуы тиіс. Әйтсе де селодағы абаттандыру мәселесінде бізде тазалық мәдениеті әлі қалыптаспағандығын, жасалған дүниелерді бүлдіріп-сындыру оқиғаларының тыйылмай отырғандығын жасырмады қала басшысы. Әкім тәртіп сақшыларына шамдарды қиратқандар, ағаштарды сындырғандар мен өз үйінің айналасын таза ұстамайтындарға айыппұл салу арқылы тұрғындарды да тәртіпке үйрету қолға алынуы тиіс екендігін айтты.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс