Краснояр селолық округі: Әлеуметтік мәселелер ойдағыдай шешілуде

Облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс сапарын Капцевич көшесіндегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысы мен танысудан бастады. Бүгінгі күні бұл көшені жөндеуге бөлінген қаржы толықтай игерілуде. Жұмыс ауқымының 70 пайызы атқарылған. Өңір басшысы қыркүйектің аяғында толық аяқтау қажеттігін ескертті. Бұдан кейін өңір басшысы Красный Яр селосындағы бірқатар нысандарды аралап, осы елді мекенді жылумен қамтамасыз ететін №2 блоктық-модульдық бу қазандығын іске қосты. Жергілікті жұртшылықпен сөйлесіп, аймақты дамыту бағдарламасы аясында атқарылып жатқан істерді ортаға салды. Осы шаралардың басы-қасында облыс әкімімен қала басшысы Ермек Маржықпаев бірге жүрді.

Красный Яр селосындағы №2 блоктық-модульдық бу қазандығына барған облыс әкімі жаңа нысанның ішін аралап көріп, оның қуаттылығын сұрап білді. Жалпы 9 Г калорияға лайықталған 3 қазандықтың 2-уі селоны жылумен қамтуға толық жетеді. 1 қазандық резервте тұрады. Тағы бір ерекшелік, нысандағы қажетті қондырғылардың бәрі отандық өнім, яғни Щучье зауытынан шыққан. Осы жерде жұртшылықпен әңгімелескен өңір басшысы аймақты дамыту бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан игі істермен бөлісті. Олар да өз тарапынан селоны жаңғырту жұмыстарына көңілдеріне толатындарын жеткізді. Жиырма жылдан астам уақыт қаңырап бос тұрған үш көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жөндеуден өткізу жұмыстарының да барысын бақылаған облыс әкімі терезелері салынып, іші әрленіп жатқан үйдің біріне кіріп көрді. Бәрі қалпына келтірілсе, алдымен жас отбасыларына осы үйлерден баспана беріледі. Сондай-ақ, кезекте тұрған красноярлықтар да қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алады. Мемлекет пен жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша осы селода ескі балабақша ғимараты жөндеуден өткізіліп, ерлі-зайыпты Өтембаевтар биылғы жылдың мамыр айынан бері балдырғандарды қабылдап жатыр. 140 балаға лайықталған бөбекжайдың ішін аралап көрген өңір басшысы ата-аналармен емен-жарқын әңгімелесті. Мұндай бастамаларға әкімдік тарапынан қашанда қолдау жоғары. Бүгінде Көкшетау қаласы бойынша балабақша мәселесі 97 пайызға шешілген. Красный Яр селосының орталық алаңы жөнделіп жатыр. Гүлмен көмкерілген маңда жүрген мектеп оқушылары да өздері тұратын елді-мекеннің жақсарып жатқанына қуанышты екендіктерін жеткізді. «Көкше» мәдениет үйін аралап көрген облыс әкімі оның көрермен залына және спорт залына кірді. Мәдениет ошағы шатырының әбден тозығы жетіп, жөндеуді қажет етіп тұр. Өңір басшысы қала әкіміне оның жобалық-сметалық құжаттарын дайындауды тапсырды. Жұмыс бабындағы іс-сапарын «Агротрейд Көкше» серіктестігінің егіс басында аяқтаған облыс әкімі өңірді көкөніс өнімдерімен қамтуға лайықталған шаруашылықтың күзгі жиын-терінге дайындығын сұрап білді. Егін шаруашылығымен қатар азық-түлік өнімдеріне бағытталған серіктестік бүгінде тұрғындарға қымыз сатып, сапасы жағынан лайықты бағасын алған. Осы жолғы сапарын қорытындылаған өңір басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс