Курортты аймақтан кәдесыйды қайдан алуға болады?

Көкшетаудың сауда нүктелерінен көзімізге жылы ұшырайтын ұлттық нақыштағы қазақы бұйымдарды сирек кездестіреміз. Бар болған күннің өзінде бір-екі сөреде ғана кездесетін дүниелер – ұлттық киім киген кішкентай қуыршақтар мен түйелер керуені ғана. Курортты аймақтан естелік әрі көзайым болатын ұлттық бұйымды жұрт қайдан алады? Мәселенің мән-жайына газет тілшісі үңіліп көрді.

20170331_143241Қаланың орталығында орналасқан «Алтын ғасыр» сауда үйінде ұлттық киімдер мен қолдан жасалған сувенирлер сататын «Қолөнер» салоны бар. Сәуле Талаптина есімді саудагер сұраған бұйымдарға түсінік беріп, оны кімге сыйлауға болатынын, неден жасалғандығы туралы мәлімет берді. «Осы кәсіппен айналысқанымызға да 15 жылдан асыпты. Бәрі осы салонның иесі Жанаргүл Жасұланқызының ұлттық бұйымдар сату жөнінде айтқан ұсынысынан бастау алды. Әрине, бастапқы кезде ұсынған дүниеміз өте ме, өтпей ме, ұлттық бұйымдарды қайдан аламыз деген ой мазалағаны рас. Ол өтпелі кезең еді, ала дорба арқалап, пойызда жүрген жұрт әшекей бұйымдарды не істесін дегенбіз. Бірақ, біз ойлағандай емес, ұлттық нақыштағы дүниелерге жұрттың сұранысы ерекше болып шықты. Айналамызға шеберлер жинала бастады. Олардың жасаған бұйымдары аздық еткесін, біз шалғай ауылдардан шеберлер іздей бастадық. Олардың қолынан шыққан дүниелерді сатып алып қана қоймай, тапсырыстар беретін болдық», – дейді Сәуле Махметқызы.
Қазір көздің жауын алатын дүниелерге толы салонды бастапқыда толтыру қиынға соғыпты. Себебі, сол жылдары қолөнер шеберлерінің көбі төл туындылары болар-болмас тиын-тебенге айналып, еңбектері дұрыс бағаланбағандықтан, өз кәсіптерін тастап, күнкөріс қамымен кеткені белгілі. Зергерлік бұйымдар – сақиналар, сырғалар, білезіктер, тұмаршалар ең жоғары сапалы күмістен соғылған, табиғи тастардан көз салып безендірілген. «Оларды үлкен кісілер көбіне қымбат болса да, қызыма мұраға қалдырамын деп сатып алса, ақық тастармен көмкерілген сәукеле, тұмарларды жұрт қыз жасауына ырымдап алады», – дейді кәсіп иесі.
Сөреге қойылған сақина мен сырғаның бағасы 20 мың теңгеден жоғары. Жасанды теріден өрілген қарапайым қамшылардың бағасы 2 мың теңгеден басталады. Таза қайыстан өрілгені қымбатырақ. Мельхиор, құрыш, тері, сүйек, табиғи тастар мен ағаштан жасалған семсер, алдаспан, қылыш, шоқпар, қалқан, жебесі бар садақ та осы жерде. Олардың бағасы 5 мың теңгеден 75 мың теңгеге дейін жоғарылай береді. Ал, домбыралардың ең арзаны 30 мың теңге, ең қымбаты – 75-100 мың теңгеге дейін барады. Көбіне ағаш түріне, жасалу жолына қарай бағаланады екен. Тұтынушылардың көпшілігі жергілікті төл туындыларды сұрайды екен. Сол себепті, бір бұрышты ақмолалық қолөнер шеберлері мен суретшілердің бұйымдары алып тұр. Бұл жердегі картиналар, панно, сәндік табақтар, гобелендер де бір әдемі әлем. Әсіресе, сәндік табақтар топтамасындағы «Көкшетау» жазуы ерекше көзге түседі. Түрлі әдіспен жасалған ұлттық бұйымдардың түпнұсқасының бағасы қымбат. «Өзімізге ұнаған немесе өтеді-ау деген осындай ерекше дүниелерді қатысқан көрмелерден алып қайтамыз. Ал, мұндай дүниелердің қымбаттығынан сатып алатын иесі табылмай жатса, әзірге салон сәні болып тұра береді. Сондай-ақ табиғи тастан, серпентиннен, жезден құю, ою әдістерімен жасалған бұйымдар да қымбатқа бағаланады екен. «Таза ағаш пен былғары теріден жасалған кәдесыйлардың қораптары мен қаптарына дейін ұлттық нақышта жасалады. Теріден, ағаштан, киізден, барқыттан жасалатын шахмат пен дойбының қорабы, түрлі қобдишалар, қоржындар, қазіргі заманға сай ұялы телефондарға арналған ұсақ қалталар, қыздардың иыққа асынатын сөмкелеріне сұраныс жоғары», – дейді Сәуле Махметқызы.
Нарық талабы қолөнер туындыларына деген көзқарасты түбегейлі өзгертті, тек тігіншілердің ғана емес, ағаш шеберлерінің, зергерлердің, этнодизайнерлердің қабілет-қарымы мен өнері бағаланатын болды. Бұл жаңа бизнес түрі – этнобизнестің өркендеуіне жол ашуда.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий