Курортты аймақта туризмді өркендетуге кепілдік береді

«Ақмола медиа» орталығында облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов келер жылы елімізде өткізілетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық шаралары жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізді. 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйекке дейін жалғасатын көрмеге 100-ден аса мемлекет қатысады деп күтілуде. Ал, біздің облыс көрмеге келетін 100 мың туристі қабылдайтын болады. Жаздың үш айында аймаққа келетін туристердің көп болатындығынан қонақтардың барлығын Бурабайда қабылдау мүмкін емес. Сол себепті көрмеге қатысушыларды қабылдауға атсалысуға тиісті. Бұл орайда Ақкөл, Бұланды, Қорғалжын, Сандықтау, Зеренді, Ерейментау аудандарының мүмкіндігі зор.

– Облыста 800-ден аса туристік ұйымдар тіркелген. Туристік салада көрсетілген қызмет 2 есеге ұлғайып, 4,3 миллиард теңгені құрады. Осы салада істейтін 3,5 мың адамның 70 пайызын әйелдер құрап отыр. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы бойынша 8 жобаға 191,0 миллион теңгенің несиесі берілді,–деп атап өтті облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов. Тағы бір жаңалық 2016-2020 жылдары 29 туристік инфрақұрылым нысандарын жаңарту көзделіп отыр. Халықаралық көрмені өткізу қарсаңында Щучинск-Зеренді, Астана-Қорғалжын автожолдарын жөндеуден өткізу жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау, экологиялық мәселелерді шешу, курортты аймақтың инженерлік-коммуникациялық, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында облыста Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытудың 3 кезеңнен тұратын жоспары жүзеге асырылуда. 2014-2016 жылдары бөлінген 6,6 миллиард теңге қаражаттың 6,1 миллиард теңгесі игерілді. Премьер-министр К.Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытудың 3-ші кезеңінің жобасы әзірленді. 57 шараны қамтитын жобаға 94,8 миллиард теңге қарастырылған. Курортты аймақты жүйелі дамыту мақсатында 5 жаңа туристік аймақты дамыту жоспарлануда. Атап айтар болсақ, Шабақты көлі жаппай демалыс аймағы, Щучье көлін люкс класты демалыс аймағы, Қатаркөл көлін ат спорты және балалар сауықтыру туризмі орталығы, Сарыбұлақ поселкесі экоауыл, Жөкей көлі кемпинг ретінде дамытылатын болады.
ЭКСПО-2017 көрмесіне келетін қонақтар мен қатысушылар үшін «Круиз», «Бурабай даму», «Ақмола турист», «Туризм және демалыс орталығы» туроператорлары 7 туристік пакет ұсынып отыр. Осыған орай «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде шетел тілін білетін гид-аудармашылар мен экскурсоводтарды жедел даярлау қажеттілігі туындауда. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік унисерситеті мен Щучинск педколледжінде 40-қа жуық гид-экскурсоводтар даярлануда. Еуразия университетімен қытай тілін білетін 10 экскурсовод даярлау жөнінде келісімшарт жасалды. Бір айта кетерлігі, қытайлық туроператорлар халқымыздың салт-дәстүріне ерекше қызығушылық танытып отыр. Туристер мен көрмеге келетін меймандар халықаралық отандастарға сәйкес сервистік қызмет көрсетуде қонақ үйлер мен отельдерге жүктелер міндет ауқымды. Бұл орайда «Риксос», «Оқжетпес», «Парк отель», «Эдем» бес жұлдызды қонақ үйлері жоғары сапалы қызмет көрсетеді деп айта аламын. Әрине, жоғары элитаға арналған демалыс орындарының қызмет құны тәулігіне 25 мыңнан 230 мың теңгеге дейін. Десек те, көрсетілетін сервис сапасына сын көп айтылады. Бірақ бұл тек Бурабайға ғана емес, еліміздің басқа да аймақтарына қатысты. Өкінішке орай бағаны қымбаттататын бизнес субъектілері сапа жағына мән беріп жатқан жоқ. Біздегі сервистің нашарлығы заңнаманың жетілдірілмегендігінен болып отыр. Қызметін жаңа бастаған туристік бизнес субъектілеріне үш жыл уақыт беріп, төртінші жылы сертификациядан өтуді міндеттеу қажет. Жыл сайын сервис сапасына бақылау жүргізілуі тиіс. Сертификациядан өте алмағандарды жабу керек.
Жалпы, әлем елдерінің бұл көрмені өткізуге барынша құлшыныс білдіретін салмақты себептері бар. Көрмені өткізу құқығына ие болған мемлекет қала экономикасына белгілі бір деңгейде инвестиция тартуға қол жеткізеді. Сырттан қаржы тартудың арқасында қаланың инфрақұрылымы жетілдіріліп, көрме нысандарын салу кезінде он мыңдаған жұмыс орындары ашылады. Қоғамдық тамақтану, бөлшек сауда, электронды коммерция, қонақүй және туристік бизнестің бәріне отандық өндірісшілер мен компаниялар тартылуда. Ең бастысы көрме өтетін қалаға шетелдік туристерді тартуға үлкен мүмкіндік. Өткізуші мемлекеттің, сөзсіз, халықаралық аренада беделі өседі. Қалай десек те, әлемнің әрбір елі құштарлық танытып жүрген «Эксподан» табарымыз да, аларымыз да мол болмақ.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс