Кісілік пен кішіліктің үлгісі

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз атақ пен лауазымнан кенде болған жан емес. Соған қарамастан қарапайымдылық қасиеттерін сақтап қалған. Тіпті, Мемлекет басшысының алғашқы сайлауында оның сенімді өкілі болса да, кеудесін керіп, дандайсып кеткен жоқ. Сол бәз-баяғы қалпында. Бұл – Болат Сүлейменұлының адами қасиетінің бір қыры ғана. Кемел тұлғаның өмір жолы өнегеге, жан дүниесі жақсылыққа толы. Саналы ғұмырын адам жанын арашалауға арнап, қоғамдық істерден қалыс қалмай, лауазымды қызметтерді қоса атқарды. Бір ғана «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атануының өзі – кісілік пен кішіліктің үлгісі бола білген жанға берілген ерекше баға. «Құрмет», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері Болат Жанәділов республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған кезде тәуелсіз еліміздің өміріндегі алғаш заңдардың, оның ішінде тұңғыш Конституциямыздың қабылдануының куәгері болды. Тағы бір ерекшелігі, облыстық ауруханада табан аудармай 50 жыл еңбек етіп келе жатқаны.

Көкшетау қалалық қазақ кітапханасы Еңбек күніне орай қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының үздігі Болат Жанәділов-пен кездесу кешін ұйымдастырды. Басты мақсат – тағылымы мен тәлімі мол жанның өмір жолын жастарға үлгі ету. Жақсы әңгіме-сұхбат түрінде өткен кештен біз де жақсы әсер алдық. Маңдайы жарқыраған, жылы жүзді, ақылы мен парасаты бір бойына жинақталған, үлкен демей, кіші демей, адаммен сыйласа білетін Болат ағаны қашан көрсең бір қалпынан таймайды. Бұл, ең алдымен отбасынан алған тәрбиеден. «Біз ата-анадан 9 бала болдық. Соның 6-шысы менмін. Әлі күнге дейін әке-шешемді сағынышпен еске аламын. Ол кісілердің дастархан басында отырып айтатын ақылын жадымызға түйіп өстік. Әкем үнемі адал еңбек ет, әділетті бол дейтін. Менің дәрігер мамандығын таңдауыма да өзі себепші болды. Біз жаста-
йымыздан еңбектендік. Таршылық заман. Әке-шешеміз күні бойы жұмыста жүріп, шаршап келетіндіктен, үйдің де, түздің де шаруасын ұлдар өзіміз атқардық. Бір ғана мысал. Үлкен ағам оқуға барарда екеу-
міз совхозда жұмыс істеп, оның Мәскеу-
ге баруына қажетті қаржыны таптық. Ал, мен институтқа барарда ол ауылға келіп, менімен бірге жұмыс істеп, оқуға түсуіме көмектесті. Мұның бәрі ешқандай жұмыстан арланбай, болашаққа деген сара жолды өз қолымызбен салуымыз еді. Сондықтан жастарды үнемі еңбектенуге шақырамын», – деді өз сөзінде Болат Сүлейменұлы.
Өзінің өмір жолына қысқаша тоқталған ардақты жан кездесу кешіне келген жастардың сауалдарына жауап берді. Олар Елбасының сенімді өкілі болу қаншалықты қиын екендігін, алғаш рет ота жасағанда өзін қалай сезінгенін, мамандық таңдауда қателеспеу үшін не істеу қажеттігін, өмірдегі қандай жәйттерге көңілі толмайтынын сұрады. Әрине, Елбасының сенімді өкілі болу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Әрі бұл еліміз тәуелсіздігін енді ғана алып, аяққа тұрып келе жатқан кезеңі болатын. Елдің тұралап тұрған тұсында Мемлекет басшысына сенім артуға шақыру, халықты сабырлылыққа, төзімділікке үндеу қажет болғанын ортаға салды. Жалпы, Елбасының бойына тән парасаттылық, асқан білімділік, жадының мықтылығына тәнті болғанын жеткізді және еліміздің гүлденуі үшін әр жастың еңбек етуі қажет екендігін еске салды. Ота жасау – қашанда өмір мен өлімнің арпалысы. Сондықтан әр ота жасар алдында іштей дайындалып, сол органға қатысты мәліметтерді қайта қарап, диаг-
нозды дұрыс анықтап барып шешім қабылдау керек. Әрі әкесінің адамды дәрімен ғана емес, жылы сөзбен де емдей біл деген ақылын үнемі жадында ұстапты.
Қашанда адамға кешіріммен қарау – ағаның өмірлік қағидасы. Мысалы, бала күнінде жинаған масағын қойнына тыққан балаларды үнемі таяқтың астына алатын бригадирдің жасы келгесін дәрігерлік көмек сұрап алдына келгенде, өткен жәйттер үшін қарияны сөкпей, кешіріммен қарағанын айтты. Бұл да – адамдықтың бір белгісі. Қолында дипломы бар жастардың жұмысқа орналаса алмай қиналып жүргеніне жаны ауыратынын жеткізген Болат Жанәділов, қазіргі жастардың кейбір әдепсіз қылықтарына қынжылатынын да ортаға салды. Сахна мәдениетінің төмендеп кеткені де ой саларлық дүние. Интернетке үңілгеннен гөрі кітап оқыған адамның ойлы болатынын еске салды. Болашақ медицина мамандарына біліктілікке жету үшін көп іздену қажет. Кездесу кешіне қатысып отырған денсаулық сақтау саласының үздігі Алпыс Қасымов, еңбек ардагері Кәбира Сақыпова өзінің жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Қазақ кітапханасы жанында жұмыс істейтін «Әдеби Көкше әлемі» клубының жас ақындары Бақталант Ұлықпан мен Күләш Нысанбек жалынды жырларын оқыды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс