Кітапханада ашық есік күні өтті

Жаңа оқу жылының басында Орталық қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасы «Ел ертеңі – білімді ұрпақ» атты ашық есік күнін ұйымдастырды. Балалар әдебиеті бөлімінде бұл күні балалар ғажайыптар мен сиқырлыққа толы кітап әлеміне саяхат жасады, кітапхана жұмысымен, оның ережелерімен танысты, бізге кітап қалай келгенін білді және викториналарға қатыса алды. Жас оқырмандар кітаптың негізгі элементтерімен және құрылымымен жақсырақ танысып, олардың көмегімен кітаптың не туралы, оларға қажет пе, оны оқу қызықты бола ма соны білді. Кітапханаға келгендердің барлығын кітапхана тарихымен, кітап қорымен танысу секілді қызықты әңгімелер күтіп тұрды. Сонымен қатар, жас оқырмандар жаңа кітаптармен танысты. Балаларға кітап оқудың қаншалықты маңызды екені және оны қалай дұрыс қолдану керектігі айтылды.
Бұл күнді кітапхана шараны «Келіңіз! Қараңыз! Оқыңыз!» ұранымен өткізді. Кітапханашылар
күні бойы абыр-сабыр, көтеріңкі көңіл күйде болды және ойындар, викториналар өткізіліп, №6 мектеп-лицейінің 4 сынып оқушыларының үздік оқырмандарына құрмет көрсетілді. Біз, кітапхана қызметкерлері, бұл ерекше және сонымен бірге ең қарапайым кітапхана күнінде белсенділік танытқан, барлық оқырмандарымызға алғысымызды білдіреміз.
Кітапханамыздың жұмысының басым бағыттарының бірі – біздің күрделі ақпараттық қоғамда алынған ақпаратты өз мүддесіне пайдалана алатын еркін шығармашыл тұлға қалыптастыру болып табылады.
Естеріңізде болар, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Ұлттың жаңа болмысы» деген мәселеге ерекше тоқталған болатын. Мемлекет басшысы: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу», деп атап көрсетті. Кітап оқымай жаңа болмыс түзу, рухани кемелдену мүмкін емес. Ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыру, бәсекелестік қабілетін күшейту, әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру ісінде – кітап оқу өте маңызды шаруа.
Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Адамгершілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, шындық, адалдық, үлкендерді құрметтей білу сияқты асыл қасиеттер бала бойына кітап арқылы біртіндеп сіңеді. Сондықтан баланы кітап оқуға көбірек баулу қажет. Қазіргі балалардың көбінің қиялдары компьютерлік ойындарға ауып кетуіне қарамастан, кітапханашылар мен ата-аналарда балаларға кітап әлемін сыйлау мүмкіндігі және құқығы бар. Кітап оқу баланың ой-өрісін кеңейтеді, ойлау-
ға үйретеді, сөйлеу, есте сақтау қабілеттерін, қиялын дамытады, танымдық және дамытушылық қызметін анықтайды. Баланы жас кезінен кітапты құрметтеуге, оның құдіретін ұғындыруға, түсінбей құр оқудан сақтандыруға және оны күтіп ұстауға баулыған жөн. Сондай-ақ, білімнің бір көзі – балалар басылымдарын «Айгөлек», «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Ақ желкен» журналдарын, «Ұлан» газетін алып, оқып отырса, баланың білімі мен танымы талабына сай болады.
Оқыған кітабының ішінде түсінбеген сөзді не мақал-мәтелдерді, не дәйек сөздерді теріп жазып алуға арнайы дәптер аштырсаңыз, баланың еңбек етуге құлшынысы туады, зейіні артады, талғамы өседі, көп оқуға тырысады, сөздік қоры молаяды. Кітап оқуға қызығушылық ерте балалық жастан қаланады және осы жерде көбі ата-анаға байланысты болады.
Отбасы баланың тұлғасын дамытуға ортасы болып табылады, оқуға деген қажеттілік, қызығушылық пен сүйіспеншілік қалыптасады. Сондықтан баланы уақытында оқуға үйретіп қана қоймай, оны оқуды жақсы көруге ұмтылдыра білуіміз керек. «Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек, өзгені тану үшін де кітап керек» депті атақты авар ақыны
Р.Гамзатов. Адам айнаға қарап, бет-жүзіндегі өзгерістерді көретіні сияқты кітап арқылы да жаңа әлемді таниды. Басқа бір елдің, қоғамдық міндетін, тілін, дінін, тұрмысын, салт-дәстүрін біледі. Кітап – рухани қазына, байлық, өмір айнасы, замана сыры, тарих шежіресі, оқу-тәрбие құралы. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» – деп Абай Құнанбаев атамыз айтпақшы, адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші. Кітап адам баласына бала кезінен бастап, өмірінің соңына дейін сырлас досы бола алады.
Бүгінгі таңда жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің өз мәнінде сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық. Осыған орай еліміздегі бірден-бір рухани қазына ордасы – кітапхана есігі жас оқырмандарымызға қашанда айқара ашық!

Бақытжан Айдосова,
Орталық қалалық балалар және жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий