«Кішкентайдан» түлеп ұшқан

Қымбат Мұстафина,
                                                                                   Көкшетау қаласының құрметті азаматы
Талай дүбірлі де тарихи оқиғалардың куәгері болған киелі Көкше жері тәуелсіз еліміздің мерейін өсіріп, абыройын асқақтатар азаматтар мен дарындылардан кенде емес. Медицина саласындағы көрнекті тұлғалардың бірегейі – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, профессор, бір сөзбен айтқанда, сексеннің сеңгіріне шыққан Еңбекшілдер ауданындағы Кішкентай ауылының төлтумасы Ахмет Алдашұлы. Тегіміз бір туыс болғандықтан мен ардақты ағатайымның ғылыми-ағартушылық қызметі, адами қадыр-қасиеті, әсіресе, туысқандарға жасаған қамқорлықтары жайлы көбірек айтқанды жөн көріп отырмын. Әулеттің ақылшысы болған Смағұлұлы Алдаш атамыз өмірден ерте өткендіктен отбасының барлық жауапкершілігі оқығаны аз болғанымен тоқығаны мол Рахия шешей Қашқынқызының мойнына жүктелді. Ахмет аға өзінің «Әулет, жора-жолдас, ұстаздар», «Заманым, ортам, өмірім» кітаптарында кеңінен толғанып жазғанындай, Рахия анамыз 83 жыл ғұмыр кешіп, 1983 жылы дүниеден өтті. Жаратылысы бөлек, кең пейіл, қонақжай шешеміздің өнерге бейімдігін музыка зерттеушісі Ілия Жақанов пен ғалым-жазушы Тұрсынбек Кәкішев өздерінің зерттеу еңбектерінде жазған. Бір сапарында Ілия Жақанов Рахия Қашқынқызының орындауында Ақан серінің «Әбзәл», «Бес жігіт» әндерін жазып алыпты. Кейін оны қазақ радиосының алтын қорына тапсырып, қазақ әншілеріне үйретіп, орындатып жүрсе керек.
Бірге туған үш апасы Зеннәт, Жамал, Сақанға шаң жуытпайтын Ақанның туыстық өнегесі бәрімізге үлгі болғандай. Олар да інілерін аспанға асқақтатып, мақтан тұтады. Міне, нағыз бауырмалдық деген осы емес пе! Ал, Ахмет ағаймен біздің отбасымыздың туыстық қарым-қатынасы мынадай: менің әкем Қайырке оның немере ағасы, анам Балкен жеңгесі болып саналады. Ата-ана дәстүрін жалғастырып, өз басым, іні-сіңлілерім, балаларым Алдашевтар әулетімен туыстық қарым-қатынасты үзбей жалғастырып келеміз. Ақан да өз тарапынан біздің жеткен жетістігімізге сүйсініп, әрдайым да құрметтейді. Оған «Парасат» жинағына жазған мына бір өлең шумағы айқын дәлел болғандай:
Қымбатым сен ардақтаған асылым,
Сымбатыңа лайық сенің ақылың.
Өмірдегі ең байлығың не десе,
Мен айтамын туған-туыс, жақыным.
Ахмет Алдашев өзінің табандылығы, еңбекқорлығы арқасында медицина ғылымын дамытуға сүбелі үлес қосты. 1966 жылы «Өкпенің суланып ісінуіне су мен тұз зат алмасуының бұзылуының әсері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Оның ғылыми бұл жаңалығын жоғары бағалаған халқымыздың аяулы перзенті, профессор Төрегелді Шарманов өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтына қызметке шақырады. 1974 жылы тамақтану институты ұйымдастырылғанда Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шармановтың таңдауымен Ахмет Алдашұлы әуелі осы ғылыми мекеменің атқарушы директоры, кейін толық директоры болып істеді. Тағы бір айта кететін жайт бұл кезде Ахаң тамақтану мәселесі бойынша докторлық диссертацияны қорғаған болатын. Жалпы, республикамыздағы бірқатар ғылыми мекемелер сияқты тамақтану институты да ол кезде тікелей Мәскеуге бағынышты болғандықтан ондағы проректорларды, кейбір жетекші қызметкерлерді одақтық Денсаулық сақтау министрлігі тағайындайтын. Сол себепті жергілікті ұлт өкілдерінің құқықтары көрнеу-көзге шектеліп келген-ді. Ахмет Алдашев ректорлық тізгінді қолына алысымен шовинистік бұл көзқарастың тамырына балта шапты. Қабілеті бар қазақ жастарын Мәскеу, Ленинград, тағы басқа қалаларға докторантураға жіберткізді. Артынан солардың бәрін кафедраларға меңгеруші етіп тағайындады.
Ахмет Алдашұлының медицина ғылымын өркендетуге қосқан үлесі лайықты бағаланып, Мемлекеттік сыйлық иегері атанып, «Ғылымға еңбек сіңірген қайраткер» атағын алды, «Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. 2001 жылы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ректорлық қызметін Тоқан Сұлтанәлиевке тапсырып, аталған ғылыми мекемеде жеті-сегіз жылдай кафедра басқарды. Бұдан кейін де бірнеше жыл Тамақтану академиясының «Тағам биохимиясы мен витаминология лабораториясы мен Қазақ медицина университетінің тағамтану кафедрасына қоса жетекшілік етті. Профилактикалық медицина академиясының академигі болып сайланды. Ағамыз ғылыми жұмыстармен шұғылдана жүріп, Алматы қаласының қоғамдық өміріне де белсене араласып, қоғам қайраткеріне тән бірқатар ауқымды жұмыстар атқарды. Кезінде «Атамұра» қоғамдық ұйымын құрып, ана тіліміз, әдеби-мәдени мұрамыз, әдет-ғұрпымыз жайлы кештер өткізді. Алматы қалалық мәслихатының депутаты ретінде жастарымызды қоғамға зиянды жағымсыз жәйттерден сақтандырып, олардың тұрмыс жағдайларын жақсартуға, әсіресе пәтер алуларына қамқорлық жасай білді.
Ардақты ағатайым Ахмет Алдашұлының отбасы жайлы айтар болсам, құдай қосқан қосағы Роза жеңгеміздің қазақ әйеліне тән инабаттылығы, кісілігі, қонақжайлығы, әсіресе, өрімдей бес қызы Әлиә, Нәйлә, Майя, Ләззат, Жаннатқа сіңірген еңбегі, аналық мейірім шуағы шексіз. Олар да ата-ана еңбегін өздерінің өнегелі істерімен ақтап, бүгінгі күні іргелі отбасы иесі, ғылымның шамшырақтары атанды. Көгілдір Көкшенің, қалың қазақ елінің мақтанышына айналып отырған көрнекті қоғам қайраткері, білікті ғалым дәрігер Ахмет Алдашевтың әлі де болса медицина ғылымына қосар үлесі мол. Әсіресе, өскелең ұрпаққа берере тәрбиесі сүбелі. Әманда солай болғай.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс