Күзгі ағаш көшеттері

Күз келгенде қаладағы ең ауқымды жұмыстардың бiрi – ағаш егу және санитарлық отау жұмыстарын жүргiзу. Оны агротехникалық талапқа орай атқару үшін қураған немесе ауру ағаштар жоспарлы түрде кесiліп, олардың орнына жас көшеттер отырғызылуы керек. Мұндай игілікті шарадан ешқандай ұжым қалыс қалмауы керек. Мәселен, Ақмола облыстық ауруханасында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ағаш отырғызу акциясына емдеу мекемесінің 25 еңбек ардагері мен 25 жас маманы қатысты.

Облыстық аурухананың бас дәрігері Серік Аяғановтың айтуына қарағанда, жасыл желек келешектің қамы, балаңмен бірге жайқалып, кейін бәйтерек болғанда ұрпақтарымыз саяласын деген ниетпен отырғызылады. Мерейлі датаға орайластырылған бұл акцияға Тәуелсіздік құрдастары саналатын жас мамандармен қатар облыстық аурухананың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан аға буын өкілдері арнайы шақырылыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Гүлнар Құлышева акцияға қатысушыларға құттықтауын жеткізіп, аға буын өкілдерінен үлгі алар өнегелі істер көп екендігіне тоқталды. Мұндай акция күнделікті өміріміздегі біздің ортақ істеріміздің негізі болуы тиіс. Табиғат – адам баласына баға жетпес байлығы мен мол қазынасының көзі. Ендеше, қоршаған ортаны таза ұстау бүгінгі жас ұрпақтың міндеті. «Көктем мен күзде ағаш егу бізде дәстүрге айналған. Байқасаңыздар, әкімшілік корпусы алдында отырғызылған ағаштар жайқалып өсіп тұр. Біз оны «Ардагерлер аллеясы» деп атаймыз. Жапырағы жайқала өсіп тұрған ағаш шаһарға сән беріп ғана қоймай, ауаны да тазартады. Жазда көлеңкесінен сая тауып, тұрғындар дем алады. Сондықтан да ару қаламызға қанша жасыл желек ексек те артық етпейді» – деп қуанышымен бөлісті ЛОР бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санаттағы дәрігер Кенжебай Мұқышев. Шараға қатысқан тәуелсіздік құрдастарының қаланы көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарына қатысты пікірлері мынадай: «Жасыл желектің көптігімен шаһарымызды көз тоймас кейіпке келтіру үшін арнайы ағаш егу күні белгіленгені дұрыс болар еді. Бұл күні әрбір қала тұрғыны өздерінің атаулы ағашын ексе деген ұсынысымыз бар. Әрі осы күні некеге отырған жас жұбайлардың «Жаңа шаңырақ ағашы» егілсе. Бұл күні дүниеге келген сәбиге арнап ата-анасы «Атаулы отбасылық ағаш» отырғызуын да қалаймыз». Кез келген шаһардың көркін ашып, келбетін келісті етіп, әрін арттыратын да – оның тазалығы мен жайқалған жасыл желегі. Бұл екеуі болмай қаланың сәулетіне сән кірмейді, тамырына қан жүрмейді. Сондықтан да, шаһар шырайын шұғылалы ету мақсатында биыл да көп күш жұмсалды, нәтижесі де көрініп-ақ келеді. Дегенмен, экологиялық жағдай жылдан-жылға күрделеніп келеді. Оны жақсартуға барынша үлес қосуымыз керек. Көшеттердің жайқалып өсуін үнемі қадағалау қажет. Әр мекемеге өздеріне тиесілі маңайдағы ағаштарды суарып, күтіп, қурағандарының орнына басқасын отырғызу міндеттелсін. Орман шаруашылығының кәнігі маманы Қайыржан Ахметжановтың бұл пікірі, көпшіліктің көкейіндегі ой. Табиғатты аялау – адамзаттың басты парызы. Оның басты шарты – айналаны ластамау, ұқыпты қарау, таза ұстау әр адамның өзінен басталуы шарт. Қазіргі көлiк қозғалысының көптiгi, газдың ауаға шамадан тыс тарауы жасыл желектерге сұранысты арттырып отыр. Төңіректе тегіс тал-терек өсіп, гүлзарлар жайнап тұрса қандай керемет! Бұл қиял емес, егер әр тұрғын ағаш отырғызу акциясына қатысып, жасыл желекті күтуге қолұшын тигізсе қаламыздың құлпырып шыға келері анық.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс