Күзгі жәрмеңкенің тұрғындарға көмегі көп

Көкшетаудағы «Алтын ғасыр» сауда үйінің алаңында дәстүрлі ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өткен сенбіде тағы да жалғасын тапты. Бұл жолы қала жұртшылығына Ақкөл, Атбасар, Бұланды, Еңбекшілдер аудандары мен Көкшетау қаласының ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілері өз өнімдерін ұсынды. Сауда сөрелерін аралап көрген облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров пен Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев өнім бағасына назар аударып, тұтынушылармен әңгімелесті. Өз тарапынан қала тұрғындары жәрмеңкені қайта өткізуді жандандырғаны үшін алғыстарын білдірді.

Жиын-терім аяқталып, қарбалас жұмыстан босаған шаруалардың ала жаздайғы еңбегінің нәтижесін шығарып, өнімдерін өткізетін күзгі жәрмеңкені асыға күтетіні де рас. Мұнда сатушы да, алушы да пайдада қалады. Бір жағы өнімдерін өткізсе, екінші жағы қысқа қажетті азық-түлік қорын жасап, малына қажетті жем-шөбін дайындап алады. Бұл күні облыстың ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілері жәрмеңкеге ауылшаруашылық өнімдерінің 60 түрін жеткізіп, тұтынушыларға нарық бағасынан төменгі бағада ұсынды. Атап айтқанда, ет өнімдерінің 60,5 тоннасы, балықтың 7,7 тоннасы, жұмыртқаның – 302 мың данасы, көкөністің 132,2 тоннасы, сүт және сүт өнімдерінің 16,3 тоннасы, картоптың 100 тоннасы, жарма өнімдерінің 12 тоннасы, қант – 5 тонна, өсімдік майының 16,5 литрі саудаланды. Жәрмеңкеде жалпы құны 115 миллион теңгенің өнімі сатылды. Қала тұрғындарының жергілікті өнімдерге ерекше сұранысы байқалды. Оның ішінде картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат секілді өнімдер көптеп өтіп жатты. Алайда, жәрмеңкедегі ең өтімдісі ет өнімдері екені рас. Сондай-ақ, ауылдықтар жеткізген оның бағасы да қымбат емес. Айталық, жәрмеңкедегі орташа баға жылқы етіне 1100 теңгеден, қой еті 950 теңгеден, сиыр еті 900 теңгеден айналды. Көкөністің, ет өнімдерінің, нан-бөлке бұйымдарының бағалары да базарлардағыға және сауда орындарына қарағанда 15-20 пайызға төмен болды. Жалпы, осы жолы да кең ауқымда және ұйымшылдықпен өткен жәрмеңке тұрғындардың көңілінен шығып, азық-түлік қорларын толықтыра түсті. Арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарлама да келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс